Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 21.04.2023 жылғы №11-НҚ нормативтік қаулысымен «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 14-бабы 1-1-тармағы 3) тармақшасын Конституцияға сәйкес келеді деп танылды.
Өтінішке сәйкес баспа басылымдары бір азамат жайлы оған қатысты ақпаратпен бірге оның фотосуретін жариялаған. Ол жарияланым сол азаматтың жасаған қылмыстық ісімен байланысты.
Өтініш иесі БАҚ-та оның рұқсатынсыз шыққан фотосуретті өшіруді талап етіп, сотқа шағымданған. Соттар БАҚ туралы Заңның «егер бейнені пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында жүзеге асырылса, бейнеленетін адамның келісімі қажет етілмейді» делінген нормасына сілтеме жасай отырып, оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартады.
Азамат мұндай норма оның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына конституциялық құқығын бұзады деп Конституциялық Сотқа жүгінген.
Конституциялық Сот өз шешімінде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы, бейнесуретті жариялау құқығы нені қамтитынын түсіндірді.
Конституциялық Сот бұл құқықтың абсолютті бола алмайтынын және Конституцияда белгіленген шарттармен шектелетінін атап өтті. Ал БАҚ туралы Заңның дауланған нормасындағы шектеулер осы шарттарға сәйкес келеді.
Атап айтқанда, олар заңмен белгіленген, міндетті және пропорционалды, конституциялық деп танылған мақсаттарға сай.
Сондықтан даулы норма Конституцияға сәйкес келеді деп танылды.
Бірақ, жалпы тұжырыммен қатар Сот құқықтық ұстанымдарды да қалыптастырды.
Мәселен, фотосуретті жариялау құқығы басқа құқықтарды, атап айтқанда ақпаратты еркін алу және тарату құқығын іске асыруда негізсіз қиындықтар туғызбауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық мүддені тудыратын оқиғалар туралы және оларға қатысатын немесе оларға қатысы бар адамдар туралы ақпараттандыруда кедергілер тудырмауға тиіс.
Осыған байланысты жеке өмірді қорғау құқығы, оның ішінде бейнелеу құқығы мен қоғадық маңызы бар ақпаратты тарату құқығы арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті табу принципті болып табылады.
Ойыл ауданының прокуратурасы