Көптоғай ауылдық округінің әкімі Е.Б.Асылбаевтың 2021 жылғы ауылдың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттер туралы есептік баяндамасы

 

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Е.Б.Асылбаевтың 2021 жылғы ауылдың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттер туралы есептік баяндамасы

 

Құрметті   жерлестер

«Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз.

Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.

Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет» - деп Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар- ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арналған жолдауында атап өткен болатын. Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Оған осы отырған барлығымыз сүбелі үлес қосып келеміз.Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын!

         Жалпы биылғы жыл бәрімізге оңай соққан жоқ. Әлемді жаулаған індет Тәуелсіз еліміздіде айналып кетпеді. Қай саланы алып қарасақта, пандемия кері әсерін тигізді. Бірақ еліміз оған қарамастан бағдарын берік ұстанды. Пандемия кесірін тигізіп жатсада, округімізде де бірнеше жұмыстар атқарылды. Олар мынадай:

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету, тіркелген арыздар бойынша

        Биыл ауыл әкімінің  жеке қабылдауында- 96 өтініш білдіріп, түсіндірілді, жеке тұлғалардың - 22 өтініш түсіп, 18-і қанағаттандырылса, 4-уі түсіндірілді. «Ветеринарлық анықтама беру» бойынша Ойыл аудандық ветстанциясының Көптоғай ауылдық округіндегі ветеринарлық бекет арқылы жыл бойына 681 қызмет көрсетілген. Округ әкімі аппараты ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету орыны жасақталып, халыққа 24 сағат қызмет етеді.

  1. Білім саласы.

Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында «Айгөлек» бөбекжай-бақшасы қызмет етеді. «Айгөлек» бөбекжай-бақшада 40 бала тәрбиеленуде. Карантин кезінде 1 кезекші топқа ғана балалар қабылданды.

            Жалпы округ бойынша 2 орта мектеп, 2 негізгі мектепте 465 оқушы білім алуда. Округ бойынша ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны-44.

Аудандық пәндік олимпиада,  «Зерде» ғылыми жоба байқауы үштілділік «Дарын» олимпиадасы, «Абай», «Шәкәрім» оқулары, «Ақберен» байқауына, «Ақбота», «Кенгуру» олимпиадаларына қатынасып жүлделі орындар алыр жүр.

Құрман орта мектебінің оқушылары Сисенова Әсем Талғатқызы, Сәндібекова Данагүл Тұрланқызы, Мәтжан Әлихан Қажымұратұлы республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен келді.

         Сонымен қатар, ақылы және ақысыз үйірмелер жұмыс жасайды. Спорт мектебі жанынан ашылған күрес үйірмес бар.

          «Түлек.KZ» және «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша Көптоғайдың 1984 жылы туылған азаматтары 500 мың теңгеге Құрман орта мектебінің атауы жазылған жарықтандырылған көлемді әріптер жасатып берді. Ауыл жастарының демеушілігімен 20 мың теңгеге доптар сыйланды. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет есебінен Құрман орта мектебіне 14 млн теңгеге модернизация жасалды.

            Амангелді орта мектебінің 1984 жылы туылған түлектері 140 мың теңгеге мекеменің атауы жазылған электронды жүгіртпе жол дайындап берді. «Айтан» шаруа қожалығының төрағасы Төлеуов Серікболсын Амангелді орта мектебіне 150 мың теңгеге 3 принтер алып берді. Амангелді ауылының жастары мектепті безендіру үшін   90 мың теңге ақшалай демеушілік көрсетті.

            Жақсыбайкөл негізгі мектебіне жеке кәсіпкер Молдағалиев Нұрлан 50 мың теңге көлемінде стендтер жасатса, ауыл жастары Шаутенов Жұмабай мен Байқуатов Төлеген 200 мың теңгені құрайтын музыкалық аппарат сыйға тартты. Ауыл жастары Жақсыбайкөл негізгі мектебіне 70 мың теңгеге 2 былғары доп сыйлап, демеушілік көрсетті.

Қарасу негізгі мектебіне мемлекеттік бюджеттен биыл 8 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жасалып, төбесі, терезесі, есіктері ауыстырылып, едендеріне линолеум төселді.

Көптоғай ауылының орталығына мемлекеттік бюджеттен құны 600 мың теңге тұратын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарықтандырылған көлемді әріптерден құралған архитектуралық конструкция жасақталды.

Амангелді ауылына құны 5 млн 920 мың теңге тұратын шағын футбол алаңы жасақталып қолданысқа берілсе, 900 мың теңгеге Амангелді ауылының кіреберісіне арка орнатылды. Сонымен қатар Амангелді ауылына мемлекеттік бюджеттен жасалған игі жұмыстар аяқталған жоқ, 510 мың теңгеге Амангелді көшелері жарықтандырылды.

  1. Денсаулық саласы.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Көптоғай ауылында күндізгі стационарлық амбулатория, Аманкелді, Қарасу, Шұбарши елді мекендерінде медициналық пункт жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта 3 елді- мекендегі медициналық пункт жаңа, жылуы қалыпты, ауылдық амбулаторияға жаңа ғимарат қажеттілігі туындап отыр және 2022  жылы шешіледі деп жоспарлануда.

Ағымдағы жылы дүниеге келген бала саны 36, қайтыс болғандар саны 8 адам. Диспансерлік тіркеу бойынша науқастар әр түрлі сырқат бойынша 74 науқас тіркеуде тұрады. Әр ай сайын  тегін дәрі-дәрмектерін әкеліп беріледі. Биылғы жылы 1 млн  850 мың теңгеге тегін дәрі-дәрмектері берілді. Үлкен жастағы адамдарға әр жас бойынша АДСМ екпелері толық жасалды. 0-5 жас аралығындағы балалар уақытылы екпелері алынды. Екпе алдыруда ешқандай қарсылық жоқ. Балаларды жоспарлы түрде тексеруден өткізіп тұрады. Саламатты Қазақстан жылжымалы рентген көлігі көктемде келген жоқ, күз айында келіп, Аманкелді, Шұбарши, Көптоғай, Қарасу ауылдарында болып округ бойынша барлығы 210 адамға рентгеннен өту жұмыстары жүргізілді. Әлемді жаулаған коронавирусқа қарсы вакцинациялау жөнінде халыққа түсінік жүргізу мақсатында бірнеше рет кездесулер ұйымдастырылды, тұрғын үйлерді аралау арқылы да түсінік жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ковидке қарсы 653 адам спутник, хаят, коронавак, веросел, синофарм вакциналарын алды. Қазіргі таңда 12-18 жас аралығындағы балаларға екпе жасау үшін 4 рет кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Пфайзер» компаниясының «Камернати» вакцинасын 19 адам, соның ішінде 3 оқушы, 3 жүкті әйел, 13 емізулі әйел адам вакцина алды.

  1. Мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласы.

          2019 жылы Көптоғай модельді ауылдық кітапхана жанынан жаңа заманауи үлгіде «Коворкинг» орталық аудан бойынша бірінші ашылды. Бұдан бөлек Аманкелді, Қарасу елді-мекендерінде 2 шағын кітапханалар бар. Округте 1 типтік клуб, 3 шағын клуб тұрақты қызмет етеді. Ауылдық клубта «Ұлағат» аналар клубы, «Келіндер» клубы жұмыс жасайды.  Бірақ, карантин тәртіптеріне байланысты халықты шоғырламай ауруды ауыздықтау мақсатында мәдениет саласы біраз ақсады. Көптоғай модельді ауылдық кітапханасының кітап қоры - 11938. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға жаңа кітаптарды үйлеріне апарып беру қызметін көрсету  ұйымдастырылды.

        Ауыл әкімінің волейболдан көшпелі кубогы Жақсыбайкөл негізгі мектебінен басталып Көптоғай ауылында жалғасын табуда.

  1. Жастар саясаты.         

Көптоғай ауылдық округтегі тіркелген жастар саны – 531. «Еңбек» бағдарамасы  бойынша 1 жас 3 млн теңге несие алып өз кәсіптерін бастады.  Жастар тәжірибесі бойынша 4 жас, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 33 жас жұмысқа тартылды.     

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жолдастық кездесулер, аудандық, ауылдық және аймақтық кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Алайда, жоғарыда аталғандай карантин талаптарын сақтау мақсатында көптеген шаралар орындалмай қалды. Дегенменде жастарменде шаралар өткізілді. Мысалы: Шұбарши ауылында «Мамандығым- мақтанышым» атты мектеп оқушыларының ауыл студенттерімен кездесуі өтті. Ауыл жастарының ұйымдастыруымен 4 елді- мекен бойынша жалғызбасты, аз қамтылған отбасыларға материалдық және қол көмектері көрсетілді.

  1. Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласы.

Округ бойынша 1 ЖШС, 57 шаруа қожалығы, 1 ауыл шаруашылық кооперативі бар. Биыл ешқандай шаруа  қожалық жабылған жоқ. Шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарына қыстық мал азығын дайындаумен, жалпы мал өсірумен айналысады. Округ әкімдігі ауыл  кәсіпкерлерімен бірлесе жұмыс жасайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында меморандум жасалды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 6 жеке кәсіпкер мал басын өсіру және мал тұқымын асылдандыру мақсатында 13,5 млн теңге несие алды.

Округ аумағында «Майдан», «Жапақ», «Аққұбай», «Жұмырбай», «Берік» шаруа қожалықтары  мал баздарын салды.

     Биыл округке «Төлеубай», «Самғат», «Мәтжан», «Дәурен-Ж», «Мәулет», «Идеят», «Төребай» шаруа қожалығы жалпы құны 69 млн 830 мың теңгеге ауыл шаруашылық техникаларын алды. Биыл «Дәурен-С» шаруа қожалығы құны 960 мың теңгеге 24 метрлік 1, «Мәтжан» шаруа қожалығы құны 720 мың теңге  болатын 18 метрлік 1, «Шәутен» шаруа қожалығы құны 600 мың теңгеге 15 метрлік 1, «Айдана» шаруа қожалығы 720 мың теңгеге 18 метрлік 1 терең ұңғымалы құдық қаздырды. Ауыл шаруашылық техникаларына тартылған  инвестиция құны- 72 млн 830 мың теңгені құрады. Жалпы жыл басынан бері 4 ұңғымалы құдық қазылса, 8 трактор, 6 мал азығын дайындау агрегаттары алынды.

  1. Егін шаруашылығы бойынша биыл округте тұрғындар 5 га жерге картоп, бау-бақша, көкөніс екті. Суармалы бау –бақша бойынша 2 орта мектеп, 2 негізгі мектеп көкөніс өнімдерін екті.

8.Қысқы мал азығын дайындау мәліметі Көптоғай ауылдық округі тұрғындары қазіргі таңда қысқы мал азығымен толық қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың қуаңшылық болуына байланысты көршілес Байғанин ауданынан және Қараой, Ойыл, Саралжын аумағынан тасымалданып 32 мың тонна  мал азығы дайындалып, 370 үйге шөп түсірілді. 57 шаруа қожалығы мен 1 ЖШС, 2 ауыл шаруашылық кооперативі қажетті шөпті түсіріп алды. 9 отбасына тегін мал азығы және отын берілді. Биылғы жылы қыс ұзақ болуына байланысты мал азығы қоры жеткіліксіз болып, халық біраз тарығып қалды. Дегенменде ауыл қымбат болсада мал азығын алыс жерлерден алғыздық. Халыққа теңдей бөліп беріп отырдық. Айта кету керек, ел басына күн туғанда кәсіпкер Төлеуов Серікболсын Амангелді ауылына 90 рулон тегін таратты. Сонымен қатар, қосымша тағы шөп әкеліп, жол шығындарын өтеу үшін халыққа 3500 теңгеден сатты. Міне кеше, «Самғат» шаруа қожалығының төрағасы Түрікпенов Дулат 100 рулон шөп арзандатылған бағамен, 60 рулон шөп отбасы жағдайы аз қамтылған, жалғыз басты отбасыларға тегін таратты.

Ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі түрлеріне бағаның ауытқуын төмендету үшін Нұрсұлтан қаласына -1, Ақтөбе қаласына -3, Ойыл орталықтарында өткізілген жәрмеңкеге пандемияға байланысты – 2 рет қатынасып,   9 шаруа қожалық 2,5  млн. теңгенің өнімдері жеткізілді.

  1. Ветеринариялық шаралар бойынша

      Сарып ауруын тексеру барысында 7879 МІҚ малынан қан алынып, оның 30-ы, 24291 қой- ешкіден  қан алынып, оның 14-інен сарып ауруы бар екені анықталған. Құтырыққа қарсы  800 бас МІҚ, 600 бас қой-ешкі егілді. Сібір жарасына 4526 бас МІҚ, 13294 қой- ешкі, 1820 бас жылқы егілсе, қарасанға қарсы 6356 бас МІҚ егілді.                                                                             

         2021 жылға  сарып ауруына шыққан 30 бас МІҚ Ойыл ауданы орталығындағы арнайы мал сою алаңына тапсырылды.

         Округ аумағының мүйізді ірі қара малдары арасынан нодулярный дерматит ауруына 4614 МІҚ малдар ауруға қарсы егілді. Пастереллезге қарсы 1435 бас қой-ешкі, 1500 бас МІҚ малы егілсе, туберкулезге қарсы 7335 бас МІҚ малы егілді. Маңқаға қарсы 200 бас жылқы.

         Барлық малдар сырғаланып, деректік базаға енгізілді. Жылқы малдарын таңбалау жұмыстары жүргізілуде.

120 бас жылқы таңбаланды.45 қаңғыбас ит жойылды.

Бірдейлендіру, деректер базасына мәлімет енгізу, шаралары бойынша жыл басынан бүгінге дейін 420 бас-МІҚ; 8500 бас қой-ешкі; 120 бас жылқы, 2 түйе малы бірдейлендіріліп компьютерлік базаға енгізілді.

  1. Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы.

Округтің халық саны - 2182.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны  - 27. 

Округтегі өзекті мәселелердің бірі жұмыссыздық.

 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту».  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы  бағдарламаның  2-ші бағыты  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 15 адам оқыды. Олардың ішінде, 6-ы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 5 миллионға дейінгі 5 %-бен несие алып жұмыстарын бастады. 17 адам - 585,0 мың теңге грантқа ие болды.

 «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 33 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 81 жұмыссыз тұрғындар маусымдық жұмысқа тартылды. Округте ағымдағы жылы 6 тұрғын өзінің жеке кәсіпкерлігін ашты, шаруа қожалықтарына әлеуметтік жұмыс орындары 16 жұмысшы, мекемелерге 12 жұмысшы тұрақты жұмысқа орналасты. Бос жұмыс орындары үшін жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

  1. Әлеуметтік қолдау саласы

Мемлекет басшысының  маңызды тапсырмаларының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету. Округімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 26. Олардың ішінде мектеп жасында 4 бала және мектепке дейінгі 1 бала мүмкіндігі шектеулі. Бұл балаларға әлеуметтік қызметкер тағайындалды. Ойыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 1 жылға 30 000 теңге қаржылай және гигиеналық құрал – жабдықтар (арба, жөргектер, канцеляриялық заттар) көмектер берілді.

Округ бойынша әлеуметтік қолдау саласы бойынша «Мектепке жол акциясы», жалғыз басты қарттарға , аз қамтылған отбасыларына, көп балалы отбасыларына, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына түрғын үй айналасының тұрмыстық қалдықтарын жинауға ауыл жастарының «Асар» әлеуметтік көмегі, мектеп оқушыларының «Жігер» ер балалар ұйымының, жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалық басшыларының демеушіліктерімен қыстық мал азығы, отындарын түсіру жұмыстары жүргізілді. Салфиков Талғат Маратұлының демеушілігімен 14 отбасыға азық- түлік пакеті табысталды. Сонмен қатар, ауылдық округ әкімі аппаратының коммуналдық меншігінде тіркелген тұрғын үйлердің 3-еуі де көп балалы отбасыға берілді.   

  1. 12. Салық базасын кеңейту

       Салық базасы-жергілікті бюджет кірістерінің бір бағыты салық түсімдері. Бұл бағыт бойынша жеке кәсіпкерлердің табыс салығы, жер, мүлік, көлік салықтары түседі.

     2021 жылы жер, мүлік, көлік салығы 100 % орындалды. Жалпы салықтық және салықтық емес түсімдер жоспары 1,982 мың теңге болса, қазіргі таңда орындалғаны 1,711 мың 139 теңге. 

  1. Қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Бұл сала бойынша барлық мекеме басшылары дін және экстремизмге байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мақсатында, құқықтық және патриоттық тәрбие беруге іс шаралар өткізілді.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша УПИ полиция қызметкерімен және бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік қызметшілермен «Түнгі көше» рейдтері жүргізіледі.

Мал ұрлығына жол бермеу, болдырмау мақсатында төмендегідей профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды:

-Жылқы малдарын таңбалау және арнайы қондырғы (GPS) спутник арқылы бақылау құрылғысын алу туралы түсінік жұмыстары жүргізілді;

  • Ай сайын жоспар бойынша және жоспардан тыс округ әкімдігі мамандары, ветеринариялық мамандар, УПИ қызметкерімен бірге мал бағу нүктелерін аралайды;

- «Көптоғай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде «Сенім телефоны» жұмыс жасайды. Округ тарапынан ауылдарды аралау кезінде және үнемі ауыл тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді.

- Ойыл ауданы бойынша ҚР 2015-2025 жылдарына арналған сыбайлдас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мақсатындағы ауылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәріптейтін баннерлер орнатылды.  Сонымен қатар, ұзақ бұзақылықтар бойынша 9, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу жөнінде 11, жеке тұлғаның қалыпты демалысына кедергі келтіру жөнінде 5, жанұя тыныштығын бұзу туралы 1, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 2, мал бағу ережелерін бұзу және ит, мысықтар ұстау ережелерін бұзу туралы 19 және тағы басқа заңсыз балық аулау, аң аулау, заңсыз қару- жарақ сақтау жөнінде жалпы көлемі 79 айыппұл салу туралы хаттамалары толтырылды.

  1. Ауыз сумен қамтамасыз ету

               Қазіргі уақытта орталықтағы 161, Аманкелді елді-мекенінде 105 тұрғын  үй толық 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қарасу елді – мекені бойынша 51, Шұбарши елді-мекені бойынша 53 тұрғын  үй жер асты  ұңғыма  құдықтарын тұтынуда.

  1. Электр, байланыс желілері.

                Көптоғай ауылдық округі орталығы және Аманкелді, Шұбарши, Қарасу елді мекеменінде тұрғын үйлер мен ғимараттар толық жарықтандырылған. Тоқ ақауларының төтенше жағдайы кезінде Атырау облысы Қызылқоға ауданынан қосымша электр тоғын алады. Қарасу, Шұбарши ауылдарында белаин интернет желісі іске қосылды.

  1. Ауылдың санитарлық тазалығы және көгалдандыру.

15 наурыздан – 15 маусымға дейін 3 айлық және 15 қыркүйектен – 15 қарашаға дейінгі екі айлық тазалық жұмыстары жарияланды.  Тазалық айлығы кезінде тұрғын үйлердегі 3200 тонна тұрмыстық  қалдықтар шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Көптоғай, Аманкелді, Шұбарши, Қарасу ауылдарының жанындағы күл-қоқыс төгетін орынның айналасы тазартылып, тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін полигон өртеліп, тегістеліп, Көптоғай ауылы маңындағы орын айналасына дамба есебінде қоршау жұмыстары жүргізілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған саябаққа 150 түп қарағаш отырғызылды. Бірнеше рет сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғын үй иелеріне ескертулер берілді. Бұзылу сатысында тұрған үйлер бұзылып, орыны тегістелді. Тазалық, көріктендіру ережелерін бұзған ауыл тұрғындарына 12 ескерту беру туралы, 11 айыппұл салу туралы хаттама толтырылды.

           Ауылды абаттандыру мақсатында Ойыл-Көптоғай көтерме жолының жиегіне 1 гектар жерге тал егілді. Көптоғай- Қарасу өткелі қалпына келтірілді. Көптоғай- Ойыл тас жолын жөндеуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары канадалық әдіспен жасалып, аяқталды. Дегенмен, жол сапасы өздеріңіз білетіндей нашар. Қазіргі таңда мердігер компанияға жұмыс ақысы аударылған жоқ. Алдағы 2022 жылы щебеньдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Әзірге жолды қыру, тегістеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

  1. Жер ресурстарын пайдалану саласы

Көптоғай ауылдық округінің жалпы жер көлемі 181 131 га. Көптоғай ауылының әкімшілік аумақтағы жер көлемі 91411 га. Шаруа қожалықтары бойынша 89720 га.  Ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді шаруашылық айналымға қосуды басты назарда ұстауымыз қажет. Қазіргі уақытта округтегі жерлердің барлығы электронды картаға енгізілді. Алдағы уақытта шаруа қожалықтардың жұмыс істеу сапасына мән беріледі және жердің пайдалануына мониторинг жүргізіледі. Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңының 15 бабының 4 тармағын негізге ала отырып, жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау үшін елді-мекен шегінде бойдақ малдарды бағу үшін 7 бағытта («Саят», «Оңғар», «Жұмырбай», «Ақниет», жеке кәсіпкерлер С Жексенғалиев, Б Аманбаев, Ө Ажмуханбетов) және сауын сиырларды бағу үшін 4 елді-мекеннің 4 бағыты бойынша күту ұйымдастырылды.Жайылымдарды ұтымды пайдалану, жайылымдарды тозу процестерін болдырмау мақсатында елді-мекеннен шалғай жерлер мал бағу үшін берілуде, бос жүрген ауыл шаруашылық жануарларының жерлерді ретсіз пайдалануын және мал ұрлығының алдын-алу мақсатында күтулер ұйымдастырылды. Игерілмей және тиімсіз жатырған «Көптоғай» ЖШС иелігінен 4000 га жер мемлекетке қайтып алынды.

Көптоғай ауылдық округі бойынша 2022 жылға арналған міндеттер:

-Қазақстан Республикасының Президентінің жыл сайынғы Жолдауын, мемлекеттік бағдарламаларды орындау мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарын жасап, ұйымдастыру;

-Жастарды мәдени спорт шараларына жұмылдыру, округте салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жұмысты жетілдіру; Жалпы жастармен жұмысты жетілдіру;

-Ауыл тұрғындарының экономикалық, әлеуметтік жағдайларын жақсарту, тұрғындарды бау- бақша егуге, мал өсіруге, бақша салуға мүмкіндігінше ықпал жасау;

- Шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды орындау және халыққа қызмет көрсету нысандарын ашуға ықпал ету;

-«Туған жерге тағзым» акциясының округ аумағында орындалуын қамтамасыз ету;

-Тыл ардагерлеріне, жалғыз басты қарт адамдарға мүгедектерге, көп балалы аналарға көмек көрсетуді ұйымдастыру; 

- Еріктілер ұйымын құру.

-Жердің пайдалануына  мониторинг жүргізу;

-Шұбарши ауылында жасақталған балалар ойын алаңының ішіне көбірек ағаш отырғызып, үлкен саябаққа айналдыру;

-Шұбарши елді-мекеніне ауыз су тарту;

-Шұбарши ауылдық клубының орындықтарын ауыстыру;

-Елді-мекендерді жарықтандыру;

-Көптоғай ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізуге сұраныс беру;

- Округ орталығына дәрігерлік амбулатория салу;

- Сервистік әкмшілік салу;

- Округ орталығындағы 4 көшені асфальттау;

- Қарасу ауылына шағын футбол алаңын салу;

- Көптоғай ауылына хоккей кордын салу;

- Амангелді орта мектебіне модернизация жасату;

 

 

 

 

 

 

 

Көптоғай ауылдық округінің әкімі:                        Е.Асылбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      

 

 

 

 

 

Дата публикации
19 января 2022