Қылмыстық процестің үш буынды моделі
Мемлекет басшысының қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуге қатысты Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Заңымен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы Заңмен прокурорға адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын негізгі іс жүргізу шешімдерін келісу міндеттері жүктелді.
Бұл жаңа өзгерістер азаматтардың, соның ішінде күдіктілер мен жәбірленушілердің де конституциялық құқықтарын қорғауға, тұлғалардың қылмыстық процеске заңсыз тартылуын болдырмауға және тергеп-тексерудің обьективті жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, аталған жаңашылдық мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға, статистикалық мәліметтердің ашықтығы мен анықтығын қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған.
Үш буынды моделдеу прокурордың қылмыстық істі тергеп-тексерудегі жауапкершілік жүгін екі есе арттыра отырып, оның шешімі қылмыстық процестегі басты шешімнің бірі болатынын айқындап берді.
Күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы процестік шешімдерге және қылмыстық теріс қылық туралы хаттамаға прокурор келісім бермей заңды күші болмайды.
Аудан прокуратурасымен тергеп-тексеру барысында қабылданатын процестік шешімдердің алгоритмі мен қаулы үлгілері әзірленіп, жұмыста қолдану үшін тергеу органына жолданды.
Мемлекет басшысының қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуге байланысты Жолдауын жүзеге асыру аясында қолданылып жатқан шаралар өз нәтижесін беруде.
Ойыл ауданының прокуратурасы