Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Құрманғазыұлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз залында тіл саясатын ілгерілету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баспасөз брифингін өткізді.
Басқарма тарапынан 2023-2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ересектерге тегін тіл курстары, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрету курстары ұйымдастырылып, 2024 жылы 1700 адам білім алды. Сонымен қатар, ҚХА жанындағы «Мәміле» клубының жұмысы нәтижесінде түрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгеруде белсенділік танытуда.
2024 жылдың 10 қазанында Ресейдің Орынбор қаласында қазақ диаспорасына қолдау көрсету мақсатында «Қазақ тілін оқытудағы белсенді тәсілдер» атты кездесу өтті. Сондай-ақ, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша 344 адам тестілеуден өтіп, 131 адам сертификат алды.
Тіл саясаты аясында 570 нысанда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 3098 жарнама сарапталып, 989 заңбұзушылық анықталды. Жергілікті органдардағы құжат айналымының 97,5%-ы мемлекеттік тілде жүргізілуде.
Ақтөбе облысында мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасады.