2024 жылғы 28 тамызда Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ақтөбе облысының әкімдігі бірлесіп «Ономастика: Ұлттық танымға бетбұрыс» атты өңірлік семинарын ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Облыс әкімінің орынбасары Ж. Батырханның төрағалығымен өткен семинарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ономастика саласын орталықтандыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заң нормаларын түсіндіру, өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, республикадағы жаңартылған ономастикалық атаулардың халық арасында кеңінен қолданылатын карталарға (Yandeх, 2GIS), новигациялық құралдардағы ономастикалық атауларды біріздендіру мәселесін барлық өңірлермен жан-жақты талқылау, өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін маңызды мәселелер қаралды.
Сонымен қатар семинарда елді мекендердің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар қаралды.
Семинар жұмысына Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, өңірлердегі ономастика саласын басқарып отырған басқарма басшылары, Ақтөбе облысы бойынша аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.