Тіл тұжырымдамасы жөнінде

Тіл тұжырымдамасы жөнінде
Мемлекеттің өзі адам десек, оның ұлттық тілі - жүрегі. Осы уақытқа дейін адамның саулығын сақтаймыз деп, жүректің саулығына қырын қарадық. Жүректің жағдайы елеусіз қала берсе, адамның өзінен айрылып қалу қауіпі бар. Сондықтан әсіресе, мемлекеттік және бизнес құрылымдардағы мемлекеттік тілдің қызметіне қатысты өте маңызды заңдық талаптар қажет. Тіл тұжырымдамасының жаңа жобасында еліміздегі тілдік ахуалға толыққанды заманауи сараптама жасалған. Енді осы негізде мемлекеттік тілдің жайына қатысты шаралардың (ескертпе, штраф, түрлі мониторингтер) заңдық құзіреттілін күшейту қажет. Басқалай жағдайда, бұл ана тілімізге қатысты жаппай немкеттік, формалды сана қалыптастыруға қызмет ете бермек.
Сол себепті, Тіл тұжырымдамасында көрсетілген анализдер негізінде мемлекеттік тіл статусына басымдық беретін стратегиялық заңнамалық актілер қабылдануы керек. Бұл құжат мемлекеттік орган қызметкерлері мен ұлттық және өзге де бизнес құрылымдардағы қызметкерлердің мемлекеттік тілге түбегейлі бетбұрыс жасауына ықпал етеді. Сонда ғана, Тұжырымдамада жауапты деп көрсетілген мемлекеттік органдар қажетті құзіретке ие болады. Нақтылы, жүйелі іске көшеді.
ҰЛАН ЕРКІНБАЙ
«АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ» мекемесінің директоры, филол. ғ. к., профессор.