2024 жылғы 2 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Заң терминологиясы: жіктелім, біріздендіру және аударма» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Іс-шарада заң терминдерін жүйелеу, заңнама құжаттарын қазақ тілінің емле ережелеріне сәйкес реттеу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам назарына ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатында: «Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет», деген болатын. Азаматтарымыздың заңдық сауатын арттырып, заңға деген құрметін қалыптастыру үшін, қоғам сұранысына сай заңнамалық құжаттардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, практикалық мәні айқын болуы тиіс.
Ұйымдастырылып отырған бұл семинардың мақсаты да заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру бойынша қордаланған мәселелерді талқылауға негізделген.
Ғылыми жиынның кіріспе сөзін сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов:
«Мемлекеттік тілдегі заң нормалары, қағидалары мен ережелерді қарастыруды мақсат еткен бұл әдістемелік семинар, заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес қазақ тілінде сауатты даярлау мәселелерін ғана қозғап қоймай, заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себеп-салдарларын талқылап, мәселені шешудің жолдарын ұсынуды көздейді»,-деді.
Ғылыми басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ қазақ тілінде заң жобасын әзірлеуді ұйымдастырудағы проблемалар туралы өзекті ой қозғады.
Сала терминдерін біріздендіру мен реттеудің лингвистикалық мәселелеріне тоқталған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы: «Заң тілі терминалогиясындағы екі проблеманы атап айтуға болады. Біріншісі – заң тілінің ауырлығы мен түсініксіздігі. Екіншісі – бір терминнің бірнеше нұсқада қолданылуы. Заңдар мен түрлі құжаттарда жарыса қолданып жүрген терминдер жиі кездеседі. Сондықтан, алдымен, заң жобалары мемлекеттік тілде дайындалуы керек. Екіншіден, терминдерді реттеу кәсіби деңгейде жүргізіліп, барлық мамандарға ортақ бекітілген терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек, сонда заң тілі жүйеге түседі», - деді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек бірқатар ғылыми көзқарасты талдап, заң терминологиясының жіктелімі және аударма мәселелерін баяндады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Есімсейітов заң терминдерін дамытудың қолданбалы және теориялық аспектілері, ал MNU университетінің ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали қылмыстық заңнама мәтініндегі қателер жөнінде сөз қозғады.
Сонымен қатар іс-шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері Айгүл Махамбетова және т.б. баяндама жасады.
Семинар барысында ғалымдар мен сала мамандары заң саласы сөздіктеріндегі терминдерді реттеу, Республикалық терминология комиссиясында бұрын бекітілген салалық терминдерге талдау мәселесін талқылады.