Тіл саясаты комитеті мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мектептердегі қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламаларын талқылады

Тіл саясаты комитеті мен Ы. Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім академиясы мектептердегі қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламаларын талқылады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының ағымдағы іске асырылу барысы жөнінде бірлескен жиын өткізді.
Тіл саясаты комитеті мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші мамандары мен сарапшыларының қатысуымен өткен жиында мектептерде қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Комитет төрағасы Ербол Тілешов қазақ тілін оқыту әдістемесі біртұтас жүйе болуы керек екенін атап өтті: мектеп – колледж – университет – мемлекеттік қызмет немесе қызмет көрсету. Ол үшін қазақ тілін әртүрлі деңгейде оқытудың оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдарын, соның ішінде А1, А2, В1, В2, С1, С2 деңгейлері үшін лексикалық және грамматикалық минимумдарды әзірлеу қажеттілігіне тоқталды.
Ы. Алтынсарин атындағы академияның президенті Мәдина Тыныбаеваның бастауыш білім беруде тілдерді кезең-кезеңімен оқыту аясында 2022 жылдан бастап 1-сыныпта тек қазақ тілін оқыту (барлық мектептерде), 2023 жылдан бастап орыс тілін 2-сыныптан, ал биылғы жылдан бастап шетел тілін 3-сыныптан бастап оқыту, сондай-ақ ағымдағы оқу жылында барлық мектептерде барлық мектептердің 5-8, 10-сыныптарында қазақ тілінен аралық аттестаттау емтиханы өткізілетіні туралы хабардар етті.
Сонымен қатар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен білім беру бағдарламаларын жетілдіру шеңберінде Академия «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінің базалық мазмұнына өзгерістер енгізетіні жөнінде айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарын іске асыру, оның ішінде білім берудің барлық деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету және жалпы орта білім беру ұйымдарындағы қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламаларын сапалы жетілдіру бойынша екі министрліктің бірлескен жұмысын жалғастыруға ниет білдірді.