«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл — біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы — ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Мемлекеттік саясаттың мәні — осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін атқарылатын жұмыстар әлі де аз емес екені рас. Бұл бағытта ақтөбелік жастар, жауапты сала мамандары нақты іске көшіп, жаңа технологияларды пайдалануды қолға алған. Ә дегеннен бұған көпшіліктің қызығушылығы көңіл қуантарлықтай: қазақ тілінде қызмет көрсететін роботтар, Алдар көсе, Жиренше шешен сынды төл кейіпкерлеріміз туралы мультипликациялық дүниелер үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Осы орайда біз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде тыңнан түрен салған ерекше жобаларға тоқталсақ дейміз.
Салт-дәстүрдің тарихын айтатын робот
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Дархан Шаңбаев — қазақ тілінің жанашыры. Патриот жігіт тек мемлекеттік тілде «сөйлеп», сұрақтарға жауап беретін үшінші роботын жарыққа шығарғалы отыр. Жаңашыл педагогтің аталған өнертабыстарының бір ерекшелігі — мемлекеттік тілде салт-дәстүрлер, шешендік сөздер туралы мағлұмат беруінде.
— Былтыр шәкірттермен бірге құрастырған алғашқы жобам — Смартхан роботы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қазақ тілінде берілген пәрмендерді орындап, сөйлейтін, сондай-ақ жарық пен ауа баптағышты басқара алатын құрылғының мүмкіндіктері зор. Айталық, есік аузында тұратын кезекші адамдай колледжге қатысты сұрақтарға жауап беріп, мамандықтар, үйірмелер мен секциялар, жалпы сабақ барысы туралы айтып бере алады. Арнайы жазылған бағдарламалар арқылы қазақтың салт-дәстүрін, шешендік сөздер, бабалар мұрасы туралы «әңгімелеп» береді. Қолы мен басын қозғалтып, әрі-бері жүре алатын Смартханға газ, ылғалдылық және қауіпсіздік датчиктері орнатылған. Яғни тілсіз жау бола қалған жағдайда дереу дабыл қағады. Роботтың құрылысына келсек, Ардуино UNO микроконтроллері, Bluetooth модуль HC-06, ультрадыбыстық қашықтық сенсоры-HC-SR04 модулі, Tower Pro SG90 сервожетегі, қозғалтқыш драйвері, Motor Shield платасы, MP3-плеер DFPlayer Mini дыбыстық модулі, дыбыс зорайтқыш (8 Ом, 1 Вт, 50 мм), 4 дөңгелегі және редукторы бар тұрақты қозғалтқыш, жарық диодты шамдар, желдеткіш (12 В), газ, кедергі және ылғалдылық датчиктерінен құралған. Бұны жасауға 2 ай уақыт жұмсадым.
Сол сияқтыжақындақолға су құятын және қоқысты сұрыптайтын роботтарымның таныстырылымы өтпек. Ұялы телефон немесе батырмалар арқылы басқаруға болатын бұл құрылғылар да тек қазақ тілінде дыбысталады.Ауылдан шыққан қазақ баласы болғандықтан, ана тілімнің дамуына осылай үлес қосуды жөн көрдім. Нәтижесі қазірден көңіл көншітерлік: орыс тобында оқитын жігіттер мен қыздар роботтарыма қызығып, сонымен «бір толқында болуға» еріксіз ұмтылады, — дейді өнертапқыш.
Оның айтуынша, қазақтілді 3 роботты да білім мекемесінен бөлек, сауда үйі, мейрамхана, т.б. орындарға қоюға әбден болады. Бір жағынан, бұл маркетингтің бір түрі болса, кәсіпкерлер сол арқылы «арзан жұмыс күшіне» ие бола алады. «Менің ойымша, қазақ тілін насихаттаудың төте жолы — осы. Мың рет айтқаннан іспен, инновациялық технологиялардың көмегімен басқалардың тілге деген ынта-ықыласын арттырсақ, ұтарымыз көп», — дейді жоғарыда аталған колледждің «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі.
Ана тіліміздегі 4 мульфильм және бейнесабақтар
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев тәрбие талбесіктен басталатынын, сәйкесінше қазақ тілін қолданыс аясын кеңейтуді балабақшадан бастау керектігін ұсынады. Ол үшін жоғарыда аталған мемлекеттік мекеме қазақ тіліндегі контент — ғаламтор кеңістігіне мультфильм, деректі фильм, өзге де танымдық дүниелерді әзірлеуді қолға алған.
— Осыдан 10-15 жыл бұрын мемлекеттік тілдегі балаларға арналған сапалы танымдық телебағдарламалар, жалпы тілді үйрететін бейнесабақтар тапшы еді. Сол үшін біздің мамандар мектепке дейінгі білім мекемелерінің тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі мультфильмдерді, басылымдарды шығару, ақпарат құралдарында балалар мен жасөспірімдерге арналған хабарларды әзірлеуге кірісті. Басқарма тапсырысымен жергілікті арналарда мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолданып, еркін сөйлеуіне бағытталған жобалар мен қазақ тілін үйрететін телесабақтар, орыс тілінде шығатын «Актюбинский вестник», «Диапазон» газеттерінде тіл үйретуге бағытталған арнайы айдарлар ұйымдастырылады.
Тың жоба ретінде 2014 жылы басталған қазақша мультфильмдерді дайындау ісін айтар едім. Бүгінге дейін 3-7 жастағы балаларға арналған «Менің отбасым», «Әдептілік — әдемілік», «Менің Отаным» және «Кім болам?» мультфильмдерін әзірледік. Әрқайсысының ұзақтығы — он минут. Бұл мультипликациялық өнімдердің 300 CD-дискісі өңірдегі балабақшаларға таратылды. Біздің есептеуіміз бойынша 5-10 минутқа созылатын анимациялық туындыны жарыққа шығару үшін 5-7 миллион теңге қажет. Облыс басшылығына аталған қаражатты бөлу үшін ұсыныс жолдап, осы істі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты қазақ тілін үйретуге бағытталған мобильді қосымша шығарып, подкаст түсіру ойда бар.
Жақында Қонаев қаласында ұйымдастырылған семинарда әр өңір қазақ тіліндегі контентті арттыру үшін мультфильм, анимациялық дүниелерді түсіруді қолға алса деген ұсыныс айтылды. Меніңше, ұл-қыздарды мемлекеттік тілді меңгерту арқылы адамгершілік, ізгілікке баулысақ, бұл — тамаша тәсіл.
Сондай-ақ басқарма «Алтын сандық» ертегілер жинағы, «Ғажайып математика» мақал-мәтелдер топтамасы, «Балаларға базарлық» көмекші құралдарын шығарды. 2014 жылдан бері мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын дамытуға, тіл үйренуіне ықпал ету мақсатында үш тілде әдеби-танымдық «Күншуақ» журналы ұсынылып келеді. Бұның барлығы айналып келгенде танымдық дүниелерді ұсыну арқылы мемлекеттік тілді үйрететін жобалар, — дейдітіл жанашыры.
Әңгімелесушіміз қазіргі таңда қазақ тілін үйретуге, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалар заман талабына сай көпшілікке қолжетімді әлеуметтік желілерде де ұйымдастырылатынын атап өтті. Атап айтқанда, басқарманың, тілдерді оқыту орталығының ресми парақшаларында, ютуб арнасында «Тағылым», «Нақыл сөздер», «Сөйле», «Біле жүріңіз!», «Тіл-тамыр» айдарларында жарияланымдар ұдайы ұсынылады.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Заман талабына сай қазақ тілі Тil-Aktobe.kz сайты мен басқарманың, тілдерді оқыту орталығының ресми парақшаларында да қашықтан оқытылады.
TikTok пен ChatGPT: көмекші құралдың игілігі
Ресми деректерге сүйенсек, биылғы 4 айдың ішінде 604 адам мемлекеттік тілді үйрететін курсқа қатысқан. Жоғарыда аталған басқармаға қарасты тілдерді оқыту орталығы Ақтөбе қаласынан бөлек, Мәртөк, Хромтау, Қарғалы аудандарында ақысыз негізде жұмыс істейді. Сонымен қатар «Шатлык» татар-башқұрт, «Оксана» украин, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктері жанындағы жексенбілік мектептерде мемлекеттік тіл оқытылады. Мұнда келушілердің дені — 22-45 жас аралығындағы ересек адамдар.
— Қазір көптеген сайт, платформалардың қазақ тіліндегі нұсқасы бар. Басты мәселе — оның сапасында. Бұл олқылықты түзеу үшін тіл мамандарымыз жасанды интеллект мүмкіндіктерін, соның ішінде ChatGPT, Canva, Jamboard (Gimeni), Wordwall платформаларын қазақ тілін оқытуда тиімді құрал ретінде пайдаланып жүр. Сондай-ақ TikTok желісінде креативті әдіс ретінде күнделікті сөздік қорды байытуға арналған «Күннің сөзі», «Аптаның идиомасы», басқа да қысқа әрі мазмұнды бейнежазбалар, тіл үйренушілерге арналған шағын тілдік ойындар мен челлендждер, қызықты тапсырмаларды ұйымдастырамыз,
Әр қазақстандық азамат Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде айқындалған ерекше мәртебесі барын әрдайым есінде ұстау керек. Тіл мәселесінде оң өзгерістерді жоққа шығаруға болмайды. Бұрын мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде негізгі кедергілер мемлекеттік тілде іс жүргізе алатын мамандардың, тіл оқытушы кадрлардың, оқыту-әдістемелік құралдардың, қазақ тілінде білім-тәрбие беретін оқу орындарының жетіспеушілігі болса, бүгінгі таңда ол мәселелер толығымен күн тәртібінен түсті. Ендігі мақсат — елдегі барша халықтың қазақ тілін ауызекі тілде ғана емес, кең көлемде меңгеруіне қол жеткізу. Біз ұсынып жатқан қазақша контент сол бағытта жасалып жатыр, — дейдіоблыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев.
Облыста жастардың бастамасымен құрылған «Söile&Say» мен «Жастар рухы» жастар қанатының «Сөйле» тілдесу клубтары да барын, ондағы әзірбайжан, орыс, украин, кәріс, татар, башқұрт, поляк, грузин ұлттарының өкілдері қазақ тілінде кездесулер өткізіп, мемлекеттік тілдегі шараларды ұйымдастыратынын айта кету керек. Аталған басқосулардың әлеуметтік желілерге жарияланған бейнематериалдары мемлекеттік тілді үйренемін деген ғаламтор қолданушыларына рухани азық болатыны анық…
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.