ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ӨТУ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ӨТУ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін, 13.12, аудан әкімі С. Аманбаевтың төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымының өту барысы пысықталды.

Басқосуға кент әкімі Қ.Нұралы, жылыту маусымы бойынша жауапты аудандық тұрғын үй ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Балмағамбетов,төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С.Калменов және "Шұбарқұдық жылу" КМК мекемесінің басшысы С.Дүйсенов шақырылды.

Жиынға жиналғандар жылыту маусымының өту барысы бойынша ауданымызда атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі ахуал барысын баяндады.

Жиында аудан басшысы "Шұбарқұдық Жылу" КМК басшысы С. Дүйсеновке және кент әкімі Қ. Нұралыға әрбір тұрғын үйдің, әлеуметтік нысандардың жылу деңгейін бақылауда ұстап, атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша тағы да келіп есеп беруді жүктеді.

Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Балмағамбетовке апта сайын бақылау жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.

Аудан әкімі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С. Калменовке жылу беру маусымы кезінде тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды алдын алу жұмыстарын жүргізуді, оның шеңберінде халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарының үйлеріне барып комиссиялық тексеру жүргізуді міндеттеді.

Жиын соңында аудан әкімі бүгінгі басқосуға келген жылыту маусымына жауапты басшыларға жылуды сапалы беруді қамтамасыз ету—басты міндет екендігін тағы бір шегелей айтып, кедергісіз өткізу қажеттілігін ескертті.

Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктелді.