Дене шынықтыру және спорт туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚРЗ.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсiпқой спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ардагер спортшы – спорттық мансабын аяқтаған жоғары дәрежедегі спортшы;
1-1) арнайы спорттық мүкәммал – жаттығу және жарыс әрекетінің қажетті құрамдасын білдіретін, мүгедек спортшы организмінің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын спорттық мүкәммал;
2) әуесқой спорт – жеке адамдарға спорттық шеберлiгiн жетiлдiруге және әртүрлі спорт түрiнде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкiндiк беретiн бұқаралық спорт қозғалысы;
3) бейімдік дене шынықтыру және спорт – мүгедектерді оңалтуға және қалыпты әлеуметтік ортаға бейімдеуге, олардың толыққанды өмірді сезінуіне кедергі келтіретін психологиялық тосқауылдарды еңсеруіне, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік дамуына өзінің жеке үлес қосуының қажеттігін сезінуіне бағытталған спорттық-сауықтыру сипатындағы шаралар кешені;
4) бұқаралық спорт – халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететін спорт қозғалысы;
5) бірыңғай спорттық сыныптама – спортшылардың, жаттықтырушылардың шеберлiк деңгейiн немесе жаттықтырушылардың, жаттықтырушы-оқытушылардың, спорт төрешiлерінiң, нұсқаушы-спортшылардың, дене шынықтыру және спорт жөніндегі әдіскерлердің бiлiктiлiгін айқындайтын спортшылардың спорттық атақтары, разрядтары, жаттықтырушының спорттық атағы, жаттықтырушылардың, жаттықтырушы-оқытушылардың, спорт төрешiлерінiң, нұсқаушы-спортшылардың, дене шынықтыру және спорт жөніндегі әдіскерлердің біліктілік санаттары жүйесi;