Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ.

РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 21-баптан қараңыз.
Пайдаланушылардың назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

Осы Заң әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1 бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) ақпарат-ақпарат иеленуші алған немесе жасаған, кез келген жеткізгіште тіркелген және оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер;

2) ақпаратқа қол жеткізу – әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында бекітілген, Мемлекет кепілдік берген құқығы;

3) ақпаратты пайдаланушы-ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

4) ашық бюджеттердің интернет-порталы-бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін орналастыруды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жария талқылауды қамтамасыз ететін "электрондық үкімет" веб-порталының құрамдасы;

5) ашық деректер-машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға арналған жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;

6) ашық деректердің интернет-порталы-ашық деректер бойынша сипаттау және сілтемелік ақпараттың орталықтандырылған сақталуын қамтамасыз ететін "электрондық үкімет" веб-порталының құрамдасы;

7) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталы-заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыруды қамтамасыз ететін "электрондық үкімет" веб-порталының құрамдасы;

8) қол жеткізу шектелген ақпарат-мемлекеттік құпияларға, жеке, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, сондай-ақ "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қызметтік ақпарат";

9) мемлекеттік органдар бірінші басшыларының блог-платформасы – азаматтардың мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан сұрау салулар жіберу және оларға жауаптар алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін "электрондық үкімет" веб-порталының құрамдасы;

10) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы-мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа;

11) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың интернет-порталы-мемлекеттік органдардың қызметін бағалау туралы ақпаратты, стратегиялық жоспарлар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларының нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы есептерді орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін жария талқылауды қамтамасыз ететін "электрондық үкімет" веб-порталының құрамдасы;

12) сауал – ақпарат иеленушіге осы Заңда белгіленген тәртіппен айтылған немесе жіберілген, ауызша немесе жазбаша нысандағы, оның ішінде электрондық құжат түріндегі ақпарат беру туралы өтініш.

Работа с насилением
Дата публикации
03 ноября 2020