Бүгін Облыстық еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен Республика күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға өндіріс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін 15 ұйым мен кәсіпорын, соның ішінде №3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «ТОБЫЛ» ЖШС, «Дамыту Табыс Актобе» ЖШС, «Алабаева В.Б.» жеке кәсіпкерлігі және басқа да жұмыс берушілер қатысты. Олар 100-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.
Жәрмеңкеде есепші, дефектолог, аспазшы, наубайшы, сату жөніндегі менеджер, жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі және басқа да мамандықтар бойынша жұмыс орындары ұсынылды.
Жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы ақпаратты www.enbek.kz Электрондық еңбек биржасынан немесе тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығынан ала алады.
Қазіргі уақытта Enbek.kz платформасында Ақтөбе облысы бойынша 3 500-ден астам бос жұмыс орны жарияланған. Өңірде білім беру, өндіріс, көлік және логистика, сауда және қоймалау, медицина және фармацевтика, құрылыс, қаржы және мұнай-газ салаларының мамандарына сұраныс жоғары.
№2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Республика күні мен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Уразбаева сала ардагерлері мен орталық ұжымын қос мерекемен құттықтап, қоғам игілігі жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.
Бүгінде орталықта 100-ден астам әлеуметтік сала маманы қызмет етеді. Олардың әрқайсысы үшін бұл жұмыс – жай ғана міндет емес, жүрек қалауымен таңдалған ізгі жол. Күнделікті қамқорлық пен шынайы жанашырлықты серік еткен мамандар көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, олардың өміріне жылулық пен сенім сыйлап келеді.
Адамға мейірім танытып, оның жанынан табылу – үлкен жүректің ісі. Ал осы жолды таңдаған жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ жекелеген жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша байқалады. Сонымен қатар өнеркәсіптің, цифрлық технологиялардың және инфрақұрылымның дамуы азаматтарды жұмыспен қамтуға және кәсіби тұрғыдан өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Биыл маман тапшылығы айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, педиатрлардың 448 бос орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.
Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс сақталып отыр. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Осы орайда инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандарға да қажеттілік артуда.
Бұл мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңғыртылуына, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның кеңеюіне байланысты. Қазіргі жұмыс берушілерден кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру де талап етіледі.
Сұраныс жоғары тағы бір бағыт – цифрлық технологиялар саласы. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, қолданбалы бағдарламаларды жасаушылар және басқа да IT-мамандар қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалана алатын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамына деген сұраныс жұмысшы кәсіптеріне тиесілі. Бұл экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды алдын ала даярлау мақсатында 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.
Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді. ҚР Үкіметінің деректеріне сәйкес, бүгінде дуальды оқыту жүйесімен 552 колледждің 138 мың студенті қамтылған. Кадр даярлау процесіне шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Мұндай оқыту форматы студенттерге кәсіпорындарда тікелей тәжірибе жинақтауға, болашақ мамандығымен танысуға және оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Сонымен бірге жаңа мамандық меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын пайдалана алады. Олардың қатарында жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттар бойынша білім алу мүмкіндіктері де бар.
Жалпы, еңбек нарығындағы жағдай кадр тапшылығы еңбек ресурстарының жалпы жетіспеушілігінен гөрі, қолда бар біліктіліктердің экономика қажеттіліктеріне сәйкес келмеуімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау, практикалық дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен өзара байланысын нығайту ерекше маңызға ие.
Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала айқындауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби бағытын өзгерту кезінде саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Ауданымызда жұмыспен қамту көрсеткіші жоспардан асып, 106 пайызға жетті. Жыл басынан бері 2379 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, жаңадан ашылған мекемелерде 414 тұрғын еңбекке араласты. Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі қандай? Осы және өзге де сауалдарға Хромтау аудандық «Мансап» орталығының директоры Айгүл Серікбаева жауап берді.
— Айгүл Төлепқызы, жыл басынан бері ауданның еңбек нарығында қандай өзгерістер байқалады? Негізгі көрсеткіштерге қандай баға берер едіңіз?
— Нәтиже жаман емес. Ағымдағы жылға өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 2287 адамды жұмыспен қамту және белсенді шараларға жолдау жоспарланған болатын. Бүгінде 2379 адам қамтылып, жоспар 106 пайызға орындалды. Ұлттық жобалар аясында 136 жұмыс орны жоспарланып, нақты 142 адам жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш — 104 пайыз. Бұдан бөлек бос жұмыс орындарына 1500 адамды орналастыру межеленсе, қазіргі уақытта 1546 тұрғын жұмысқа орналасып, жоспар 103 пайызға орындалды.
— Жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қандай нәтиже бар?
— Бұл бағытта да оң динамика байқалады. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағыты бойынша жыл басынан бері 232 адамды жұмыспен қамту жоспарланған еді. Қазіргі таңда аудан көлемінде жаңадан ашылған мекемелерде 414 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Жаңа жұмыс орны — тұтас бір отбасының тұрақты табысына жол ашатын мүмкіндік. Сондықтан біз үшін құрылған жұмыс орындарының саны ғана емес, тұрғындардың тұрақты еңбекке орналасуы маңызды.
— Мемлекеттік жұмыспен қамту шараларының қайсысына сұраныс жоғары?
— Белсенді шаралар бойынша 404 адамды қамту жоспарланып, бүгінде 415 адам жолданды. Жоспардың орындалуы — 103 пайыз. Мәселен, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 59 адамды қамту жоспарланып, толық орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 55 адамның орнына 58 адам жолданып, көрсеткіш 105 пайызға жетті. Қоғамдық жұмыстарға 225 адамды тарту жоспарланса, 233 адам жолданды. Ал жастар тәжірибесі бойынша жоспарланған 65 адамның барлығы жұмыспен қамтылды.
Бұл бағдарламалардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Бірі жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік берсе, екіншісі аға буын өкілдерінің еңбек нарығында белсенділігін сақтауға жағдай жасайды.
— Бүгінде мамандық игеріп, қайта оқуға ниетті азаматтарға қандай мүмкіндік бар?
— Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан азаматтарды сұранысқа ие кәсіптерге оқытуға көңіл бөлінеді. Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 20 адам аспазшы және тракторшы кәсібі бойынша үш айлық онлайн оқуға жолданды. Оның ішінде 18 азамат оқуын сәтті аяқтап, арнайы құжаттарын алды және кейін жұмысқа орналасты.
Бұл жерде басты нәтиже — адамның қолына сертификат беру ғана емес, алған білімін нақты еңбекпен ұштастыру.
Жұмыс іздеп жүрген тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің тиімділігі қандай?
— Жыл басынан бері 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оларға 45 жұмыс беруші қатысып, 57 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкелерге 100-ден астам жұмыссыз азамат келді.
Жәрмеңкенің артықшылығы — жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің тікелей жүздесуі. Азамат бос жұмыс орны туралы ақпарат алып қана қоймай, сол жерде жұмыс берушімен сөйлесіп, өзіне қажетті талаптарды нақтылай алады.
— Жұмыс іздеп жүрген тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
— Ең бастысы — мүмкіндікті пайдалану. Бүгінде мемлекет тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі тетіктер қарастырылған. Жастар тәжірибесі, «Күміс жас», әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары, кәсіптік оқыту — соның бір бөлігі.
Тұрақты еңбек — отбасы әл-ауқатының негізі. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген әр тұрғынды «Мансап» орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз. Біз үшін әрбір адамның жұмысқа орналасуы — жай ғана көрсеткіш емес, нақты нәтиже.
Сұхбаттасқан Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА
"Хромтау" аудандық қоғамдық саяси газеті .
2026 жылғы 23 қазанда сағат 10:00-де, Некрасов көшесі, 112 мекенжайында Облыстық еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен Республика күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сондай-ақ жұмыс берушілер мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар арасындағы байланысты нығайту.
Жәрмеңкеге өндіріс және қызмет көрсету салаларында қызмет атқаратын 15 ұйым мен кәсіпорын қатысып, 100-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынады. Қатысушылар қатарында №3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «ТОБЫЛ» ЖШС, «Дамыту Табыс Актобе» ЖШС, «Алабаева В.Б.» жеке кәсіпкерлігі және басқа да жұмыс берушілер бар.
Ұсынылатын бос жұмыс орындарының қатарында есепші, дефектолог, аспазшы, наубайшы, сату жөніндегі менеджер, жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бар.
Сонымен қатар, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты www.enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталынан да алуға болады. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша аталған платформада 3 500-ден астам бос жұмыс орны жарияланған. Еңбек нарығында білім беру, өндіріс, көлік және логистика, сауда және қоймалау, медицина және фармацевтика, құрылыс, қаржы, мұнай-газ салалары бойынша мамандарға сұраныс жоғары.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіпке баулу, кәсіби әлеуетін арттыру және еңбекпен қамту – әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Алға аудандық Мансап орталығы тұрғындардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік жасап келеді.
Мансап орталығы «Қасиет-АБИ» ЖШС-мен бірлесіп, 17 жұмыссыз азаматшаны қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткізді. Оның 9-ы тәрбиеші көмекшісі, 8-і аспаз мамандығын меңгеріп, оқу аяқталған соң тиісті куәліктерін алды. Сонымен қатар, «Мастер» оқу орталығында 8 азаматша кондитер мамандығы бойынша білім алып, кәсіби даярлықтан өткенін растайтын құжатқа ие болды.
Мұндай оқыту курстары азаматшалардың жаңа дағдыларды игеріп, еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашады. Алға аудандық Мансап орталығының бұл бағыттағы жұмысы тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды.
Байқауға әлеуметтік сала мекемелері мен ұйымдарынан барлығы 26 өтінім қабылданды. Қатысушылар әлеуметтік қорғау саласының басым бағыттарын қамтитын 6 негізгі номинация бойынша өздерінің кәсіби жетістіктері мен әлеуметтік жобаларын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында мүгедектігі бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы жұмысын бастауға дайын. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен 100 орынға арналған орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылды.
Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылыстары, оның ішінде аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған.
Балалардың орталықта күндізгі уақытта күніне төрт сағаттан бастап болуына мүмкіндік қарастырылған. Қажет болған жағдайда Ойыл, Мұғалжар, Байғанин, Қобда және Алға аудандарынан келетін балалардың түнгі уақытта да болуына жағдай жасалады. Орталықта балалардың жағдайына қарай алты айға дейін уақытша немесе ұзақ мерзімді күтім мен оңалту қызметтері ұсынылады.
Мекемеде психолог, логопед, дефектолог кабинеттері, емдік дене шынықтыру, механотерапия, ерте дамыту, бейімделген дене шынықтыру, АВА-терапия, робототехника, музыка және сенсорлық терапия бөлмелері заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар қыш және тігін шеберханалары, тұз бөлмесі жұмыс істеуге дайын.
Арнайы әлеуметтік қызметтерді педагог мамандар дәрігерлермен бірлесіп көрсетеді. Олардың қатарында психиатр, невропатолог, травматолог, реабилитолог және педиатр бар. Қазіргі уақытта орталық мамандары Астана қаласынан келген эрготерапевттердің қатысуымен оқыту семинарлары мен практикалық сабақтардан өтуде.
Орталықтың іске қосылуы 84 адамның жұмысқа орналасуына сеп болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік лицензия алынған, ал ата-аналар балаларды қабылдауға қажетті құжаттарды, соның ішінде медициналық тексеру нәтижелерін жинақтауда.
Жалпы, Темір ауданын қоса алғанда, облыстың алты ауданынан 480 баланы кезең-кезеңімен арнайы әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді. Азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.
Көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу кезінде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді.
Мансап орталығының мамандары азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сай азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.
Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тағы бір түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Оны алуға құқығы бар азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және өз табысын табуына көмектесу. Әр адамға ұсынылатын қолдау түрі оның жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарай таңдалады. Кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгініңіз. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.
2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін ескере отырып, халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды.
Алдағы өзгерістерге байланысты өңір басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау көрсетудің жаңа қағидатына көшуді көздеп отыр. Оның негізгі ұстанымы – «Алдымен қажеттілікті анықтау, содан кейін мақсатты көмек».
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл деңгей «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы анықталады.
«Жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын 70-тен астам критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйінің, жер учаскелері мен көлік құралдарының болуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, мал саны және басқа да көрсеткіштер бар. Бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. «А» және «В» санатындағы отбасылар негізінен өз жағдайын өз бетінше қамтамасыз етуге қабілетті азаматтар қатарына жатса, «С», «D” және «Е» санатындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады»,
– деп нақтылады Ләззат Оразбаева.
📆 2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемнің 14 түрі берілмейді. Олардың қатарында баланың тууына байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін төлемдер, III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар бар.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтардың жекелеген санаттарына және I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақылар да өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгерістер қазіргі уақытта төлем алып отырған азаматтарға да, алдағы уақытта жәрдемақы тағайындауға өтініш беретіндерге де қатысты болады.
Баяндамашының айтуынша, ақпараттық жүйе банктердің және басқа да мемлекеттік органдардың деректер базаларымен ықпалдастырылып жатыр. Осыған байланысты аталған санаттарға жататын отбасылардың саны өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар eGov порталында азаматтарға өз отбасының санатын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы калькулятор қолжетімді.
Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров алдағы өзгерістердің себептері мен тәртібін халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, отбасының табыс деңгейіне байланысты төлемдердің тоқтатылуы нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі тиіс. Әрбір азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғаны туралы нақты әрі негізделген жауап алуы қажет. Бағалау кезінде жүйеде көзделген барлық көрсеткіш, соның ішінде мүлік, табыс және жұмыспен қамтылу деңгейі ескерілуі керек.
Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп жүргізіліп, азаматтармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.