Ақтөбе облысының Садовое тұрғын үй алабында орналасқан экосаябақта ағаш отырғызу акциясы өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров пен түрлі мектептің 50 оқушысы қатысты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы және «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында оқушылар биіктігі 2,5–3 метрлік 100 қайың көшетін отырғызды.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтөбе облысында «Мектеп орманшылығы» өңірлік жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Бастапқыда жоба алты ауданды қамтыса, бүгінде облыстың барлық аумағында жүзеге асырылып келеді.
Жобаға қатысу арқылы оқушылар өсімдіктерді күтіп-баптау дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеріп, олардың өсуін бақылауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ табиғатты сақтау тұрақты назар мен қамқорлықты қажет ететінін түсінеді.
Бүгінгі шарада қатысушылар ағаш отырғызбас бұрын экосаябақ аумағымен және оны одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Бұдан соң облыс әкімі Асхат Шахаров оқушылармен бірге қайың көшеттерін отырғызды.
«Экосаябақ Ақтөбе тұрғындары үшін табиғат аясында демалып, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік беретін тағы бір маңызды орынға айналады. Біздің міндетіміз – осындай аумақтарды құрумен ғана шектелмей, оларды күтіп, әрбір ағаш пен жасыл желекті сақтау. Бұл ретте өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызы зор.
«Мектеп орманшылығы» жобасы балаларға табиғатты тәжірибе жүзінде танып-білуге, орман шаруашылығымен танысуға және жасыл желектерді сақтаудың маңызын түсінуге көмектеседі. Экологиялық мәдениет бала кезден бастап жеке үлгі, білім және нақты істер арқылы қалыптасады. Осындай бастамалар табиғатқа жанашырлықпен қарайтын, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын және туған өлкеміздің таза әрі жасыл болуына атсалысатын ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенемін», – деді Асхат Шахаров.
Қайың отырғызу шарасына атсалысқан Мансұр Құлтаевтың сөзінше, ағашқа жаңа өмір сыйлау мен қоршаған ортаны таза ұстау – табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі.
«Мен «Мектеп орманшылығы» жобасы туралы алғаш рет колледж оқытушыларынан естідім. Осы жазда жобаға қосылдым. Біз ағаш отырғызумен қатар, қоқыс жинап, табиғатқа ұқыпты қарауға тырысамыз. Осындай бастамалар арқылы табиғатқа пайда келтіріп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алатынымыз маған ұнайды», – деді ол.
Жалпы, өңірде көгалдандыру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы облыс қалалары мен елді мекендерінде жоспарланған 100,2 мың ағаштың 54,1 мыңы отырғызылды.
Сонымен қатар жасыл аймақтар құру аясында 135 гектар аумаққа 450,2 мың ағаш отырғызу көзделген. Қазіргі уақытта 46,9 гектар жерге 156,2 мың тал егілді. Бұл жұмыста оқушыларды өңірді көгалдандыру ісіне тартуға және өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін «Мектеп орманшылығы» жобасының маңызы зор.
Ақтөбе облысында халықаралық маңызы бар «Самара – Шымкент» көлік дәлізінің 28 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұрын екі жолақты болған жол енді төрт жолаққа кеңейтіліп, қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындары бір-бірінен бөлінді.
«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 791–819 шақырым аралығындағы жаңартылған бөлігінің ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.
Қайта жаңғырту нәтижесінде жол I техникалық санатқа ауыстырылды. Енді көліктер әр бағытта екі жолақпен қозғалады. Қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындарының бөлінуі бетпе-бет соқтығысу қаупін азайтып, жеңіл және жүк көліктерінің қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – жолақ санын көбейту ғана емес, ең алдымен жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау.
«Біз үшін ең маңыздысы – қанша шақырым жол салғанымыз емес, сол жолдың халық үшін қаншалықты қауіпсіз әрі қолайлы болғаны. Былтыр осы бағыттағы алғашқы екі жолақпен қозғалысты ашқан едік. Бүгін төрт жолақтың барлығы пайдалануға беріліп отыр. Қарама-қарсы бағыттағы көліктер енді бөлек жүреді. Бұл күн сайын жеңіл және ауыр жүк көліктері қатынайтын халықаралық жол үшін аса маңызды. Алда осы бағыттағы қалған бөліктерді жаңғырту міндеті тұр. Біздің мақсатымыз – 262 шақырымның өн бойында осындай қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету», – деді Дархан Иманашев.
28 шақырымдық жолда ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылды. Жол жамылғысының барлық қабаты төселіп, 3,66 млн текше метр жер жұмыстары жүргізілді. Екі көпір, екі жол өтпесі және екі көлік айрығы салынды. Сондай-ақ мал айдап өткізуге арналған бес өткелді қоса алғанда, 46 су өткізу құрылысы тұрғызылды.
Құрылысқа 490 маман мен 380 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды. Жобаға қажетті 1,4 млн тоннадан астам қиыршық тас пен 14 мың тонна битум дайындалды.
Пайдалануға берілген 28 шақырым – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүзеге асырып жатқан 262 шақырымдық «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту жобасының бір бөлігі.
Жоба аясында бүкіл бағытты кезең-кезеңімен төрт жолаққа кеңейтіп, I техникалық санатқа көшіру көзделген. Қалған бөліктерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Батыс Қазақстандағы маңызды көлік бағыттарының бірі саналатын бұл жолды жаңғырту оның өткізу қабілетін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады. Сонымен қатар өңіраралық және халықаралық жүк тасымалына қолайлы жағдай жасайды.
Ақтөбеде қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-мүсіні ашылды. Тағылымды шара облыстық халық шығармашылығы орталығының алаңында өтіп, халқына мол рухани мұра қалдырған өнер иесінің есімін ұлықтауға арналды.
Ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Бәкір Тәжібаевтың ұлы Жасұлан Тәжібаев, туыстары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Ескерткіш-мүсінді ашу рәсімі Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров пен ақынның туысы Ақан Төлеуовке ұсынылды. Салтанатты рәсім барысында Бәкір Тәжібаевтың әндері орындалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Шарада облыс әкімі Асхат Шахаров ақынның шығармашылық мұрасын сақтау мен дәріптеудің маңызын атап өтті.
«Бұл ескерткіш-мүсін – ел тарихында өзіндік қолтаңбасы бар тұлғаның рухына тағзым етіп, оның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында орнатылған.
Бәкір ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Ақтөбе өңірімен біте қайнасып жатыр. Ол туған жерінің табиғатын, ел тұрмысын, адам жан дүниесін шығармаларына арқау етті. Ақынның сырлы жырлары мен әсем әндері бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналды.
Бүгінгі ескерткіш-бюсттің дәл осы жерде орнатылуының да өзіндік мәні бар. Бұл ғимарат – халық шығармашылығын насихаттайтын рухани ордалардың бірі. Мұнда келген әрбір жан Бәкір ағамыздың бейнесіне тағзым етіп, оның өнері мен өнегесінен рухани нәр алады деп сенемін», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Бәкір Тәжібаев – қазақ поэзиясы мен ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер. Оның шығармалары туған жерге сүйіспеншілікті, адамгершілікті, махаббат пен сағынышты арқау етіп, халықтың рухани өмірінен берік орын алды. Ақынның сөзіне жазылған әндер бірнеше буынның жадында сақталып, қазақ музыкасының асыл мұрасына айналды.
Жаңа ескерткіш-мүсіннің авторы – мүсінші, монументалды өнер шебері Болатбек Салаев.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өңірге келген ақынның ұрпақтары мен туған-туыстарын қабылдады.
Басқосуда облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға бергенін айтты. Ақынның шығармашылық мұрасы халықтың рухани қазынасы екенін, оның өлеңдері, әндері мен драмалық шығармалары кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық өнердің дамуына қызмет ете беретінін жеткізді.
Өз кезегінде қонақтар ғасыр той иесінің мұрасын құрметтеу және оның шығармашылығын насихаттауға көрсетіліп отырған қолдаудың маңызын сөз етіп, алғыстарын білдірді.
Шара соңында аймақ басшысы Бәкір Тәжібаевтың есімін ұлықтауға үлес қосып жүрген ақын, композитор, әнші Орал-Қосай Бәйсеңгірді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Айтып өтейік, мерейтой аясында облыста бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі – Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-мүсінінің орнатылуы. Сонымен қатар, ақынның шығармашылық мұрасына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының тұсаукесері өтіп, спектакль-элегия және «Сөз бен саздың саңлағы» атты концерттік бағдарлама қала қонақтары мен тұрғындарының назарына ұсынылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бастама аясында Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, халық игілігіне берілді.
Жаңартылған нысанның ашылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері, теміржол саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығына тоқталып, жаңғыртылған вокзалдың тұрғындар мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы теміржол вокзалы жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа вокзал ауыл тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады деп сенемін. Осы игі іске атсалысқан барша азаматқа алғыс білдіремін», – деді Асылбек Есенбаев.
Қарауылкелді теміржол станциясының тарихы 1945 жылдан бастау алады. Алғашқы вокзал ғимараты 2011 жылға дейін пайдаланылып, кейін жаңа ғимарат салынған. Бүгінде нысан заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды.
Жобаның жалпы сметалық құны 356 млн теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңғырту аясында жалпы ауданы 207,73 шаршы метрді құрайтын бір қабатты вокзал ғимараты жаңартылып, 25 орындық күту залы жабдықталды. Сонымен қатар вокзал маңы абаттандырылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарына қатты жабын төселді, аумақ көгалдандырылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында перрон 150 метрге ұзартылды.
Айта кетейік, Қарауылкелді теміржол станциясы арқылы тәулігіне 20 жұп жүк пойызы және 6 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл станция ауданның көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алады.
Кешен қаланың қалыптасып келе жатқан «Алтын Орда» әлеуметтік-іскерлік орталығында салынып жатыр.
Жаңа арена ірі жарыстар, жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге жол ашады. Құрылыс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Асхат Шахаров танысты.
Жоба аясында кәсіби спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындарға арналған заманауи спорт кеңістігі құрылады. Кешен құрамына 5 мың көрерменге арналған орталық спорт аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастика, баскетбол мен волейбол залдары кіреді. Сондай-ақ жаттығу залы, йога және пилатеспен айналысуға арналған бөлмелер қарастырылған.
Ғимараттың жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады. Кешен 6,1 гектар аумаққа орналасады. Мұнда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге және бірнеше спорт түрі бойынша тұрақты жаттығу жүргізуге жағдай жасалады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту және дене шынықтыру мен спортпен айналысуға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандардың құрылысы тұрғындарды белсенді өмір салтына тарту, кәсіби спортшыларды қолдау және түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, кешен сапалы салынып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі керек», – деді Асхат Шахаров.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңын қоршау, топырақтың құнарлы қабатын алу және қазаншұңқыр қазу жұмыстары аяқталған. Қазір мамандар геодезиялық жұмыстар жүргізіп, іргетас тақтасын орнатуға қажетті арматураны дайындап жатыр.
«Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолының жалпы ұзындығы 260 шақырымнан асатын жеті учаскесінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аясында жер төсемі салынып, жол жабыны төселуде, көпірлер мен су өткізу құбырлары салынуда. Жобаны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.
Ұзындығы 28 шақырым болатын бірінші учаскеде (791–819-шақырымдар) негізгі жер жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда шамамен 3,6 млн текше метр топырақ қазылып, төселген. Жолдың жоғарғы қабатына арналған щебенді-мастикалық асфальтбетон жабыны оң жақ бөлікте шамамен 26 шақырымға, сол жақ бөлікте 28 шақырымға төселді.
Сонымен қатар 45 су өткізу құбыры орнатылып, мал айдап өтуге арналған бес өткел салынды. Сондай-ақ 24 шақырымға жуық жол қоршауы орнатылды. Қазір учаскеде 270-тен астам маман мен 150-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін жолдың екі бағытында да көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Ал учаскедегі реконструкция жұмыстарын 2027 жылы аяқтау көзделген.
Қалған алты учаскеде де жалпы ұзындығы 230 шақырымнан асатын жол бөліктерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша жоспарланған шамамен 29 млн текше метр жер жұмысының 7 млн текше метрге жуығы орындалды. Сонымен қатар жол негізін салу, инженерлік желілерді қайта орналастыру, көпірлер мен су өткізу құбырларын салу жұмыстары қатар атқарылуда.
Бұл учаскелерде 1,3 мыңнан астам маман мен 1 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жоба бойынша қарастырылған 84 су өткізу құбыры мен мал өткелінің 22-сі орнатылды. Тоғыз көпірдің бесеуінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шамамен 100 мың тонна қиыршық тас материалы дайындалып, 3 мың текше метрге жуық темірбетон бұйымдары өндірілді.
Барлық учаскеде орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен құрылыс нормаларының сақталуына техникалық қадағалау жүргізілуде.
«Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізін дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба жолдың өткізу қабілетін арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға, өңірлер арасындағы көлік қатынасын дамытуға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Aqtobe Creative Days» екі күндік жәрмеңкесі аяқталды.
Ақтөбе облысынан келген креативті индустрияның 100-ге жуық өкілі 22 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды. Көпшілік дизайнерлік киімдер, әшекейлер, былғарыдан, ағаштан, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар мен кәдесыйларды сатып алды.
Мәдени бағдарлама аясында «Aqtobe Design» сән көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, «SherTer» және «Жеребе life» жобаларының концерттері өтті.
Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің өнер жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Book Market кітап алаңында ақтөбелік қаламгерлердің шығармалары таныстырылды. Бұдан бөлек, зергерлік өнер, киіз басу, тері және ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Екі күнде жәрмеңкеге 9 500 адам барды. Жалпы 24 млн теңгеге жуық өнім сатылды.
Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауды, отандық брендтерді танытуды және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Жоба аясында келесі кезекте Қарағанды облысының креаторлары өз өнімдерін ұсынады.
Елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Aqtobe Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған шарада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық өнімдерін, шығармашылық жобалары мен жергілікті брендтерін таныстырады.
Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында, Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында қолөнер шеберлері, дизайнерлер мен суретшілер, мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, IT мамандары және Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттары бар.
Көрмеде зергерлік бұйымдар, тері, ағаш, сүйек пен жүннен жасалған туындылар, киіз бұйымдары, сырмақ, басқұр, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар ұсынылған. Келушілер шеберлердің жұмыс барысын көріп, практикалық шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Бағдарламада зергер Болат Атыраубаев, киіз басу шебері Рабиға Испулатова, қолөнер шебері Ерқосай Әбілов және суретші Қайрат Ноғаевтың сабақтары қарастырылған. Экспозиция дәстүрлі қолөнер үлгілерімен қатар, заманауи сұранысқа бейімделген авторлық өнімдерді де қамтиды.
Көрме-жәрмеңкенің сән кеңістігінде ақтөбелік жеті дизайнердің топтамалары таныстырылған. Сән көрсетіліміне «SAULEMAI COUTURE», «Trumova Collection», «SYRMAK», «ULPAN SAN UI», «MARKA» сән үйлері мен Azamat SAIN бренді қатысады.
Мәселен, «SYRMAK» дәстүрлі сырылып тігілетін сырт киім үлгілерін заманауи oversize пішінімен үйлестірсе, «Trumova Collection» ұлттық нақышты әйелдер киіміне енгізеді. «ULPAN» мен «SAULEMAI» де дәстүрлі құндылықтарды заманауи сән тілімен жеткізуге басымдық береді.
2015 жылы құрылған Azamat SAIN бренді балалар киімінің топтамасын паш етеді. Бренд сапалы материалдарға, киім бөлшектерінің мұқият орындалуына және заманауи дизайнға мән береді. Оның өнімдері бұған дейін шетелдік сән алаңдарында да таныстырылған.
Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған экспозиция да көрме-жәрмеңкеден орын тапты. Әлемге танымал әншінің халықаралық сахнадағы жетістіктері, шығармашылық ерекшелігі және туған өңірімен байланысын көрсететін заттары шараның сәнін келтіріп тұр.
Технологиялық бағытта Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттарының IT-жобалары таныстырылуда. Бұл бөлім жас мамандардың техникалық шығармашылығын және цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін көрсетуге арналған.
Сонымен қатар әдебиет пен заманауи визуалды өнердің байланысы да қамтылған. Көрмеде Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың кітаптары жинақталған Book Market жұмыс істейді. Кітапхана саласындағы жаңа жобалар мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалар да бұл креаторлар шарасында паш етілген.
Көрме-жәрмеңке келушілері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жас жазушы Әлихан Жақсылықтың Ақтөбе өңіріне арналған анимациялық фильмі, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ерекше балаларға арналған «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымын тамашалай алады.
Музыкалық бағдарламада «SherTer» креативті жобасының орындаулары, «Жеребе life» өнерлі жастар жобасының концерті және жас композитор әрі креатор Серік Закарияның шығармашылық кеші бар.
Ақтөбе облысында бүгінде 3 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді. «Aqtobe Creative Days» олардың шығармашылық әлеуетін, өңірлік брендтерді және авторлық өнімдерді республикалық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді. Қолөнер, сән, әдебиет, театр, музыка және IT бағыттарын біріктірген жоба дәстүрлі мәдени мұра мен заманауи креативті индустриялардың өзара байланысын көрсетеді.
«Азаматтық әріптестік: жаңа форматтар – ортақ шешімдер» атты Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының конференциясы өтті. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік Ел» конференц-залында өткен шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің өңірлерінен келген азаматтық қоғам белсенділері, қала және аудандық деңгейдегі ҮЕҰ басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Биылғы конференцияның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы диалог шеңберінен шығып, өңіраралық азаматтық әріптестікті күшейтуге басымдық берілуі.
Шара барысында азаматтық сектордың қазіргі жағдайы, ҮЕҰ-ны қолдау инфрақұрылымы, мемлекеттік әлеуметтік жобалардың тиімділігі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тетіктері және азаматтық қоғамды дамытудың жаңа құралдары талқыланды.
Конференцияға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Е.Сапаров, Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қ.Әбдіхалықов, Қызылорда облысының ҮЕҰ-ға арналған ресурстық орталығының басшысы А.Айтмамбетова, «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ төрағасы Б.Әбілқасов және Қостанай облысының аудандық ҮЕҰ қозғалысының жетекшісі М.Бәкір қатысты.
«Біздің басты міндетіміз – Конституцияда бекітілген қағидаттарды күнделікті өмірде нақты істермен қамтамасыз ету. Белсенді азаматтық қоғам – мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын маңызды көпір. Үкіметтік емес ұйымдар халықтың нақты сұранысын мемлекеттік органдарға жеткізіп қана қоймай, сол мәселелерді шешуге тікелей атсалысады», - деді конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.
Негізгі отырыста Ақтөбе облысының азаматтық секторын дамыту бағытындағы жұмыстары, ҮЕҰ-ны қолдау инфрақұрылымы және азаматтық бастамаларды іске асырудың жаңа тетіктері таныстырылды.
Конференцияның маңызды алаңдарының бірі «Өңірлер дауысы» ашық микрофоны болды. Оның барысында еліміздің әр өңірінен келген азаматтық қоғам өкілдері өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салып, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай формат тиімді тәжірибелерді бір өңірден екіншісіне таратуға және ортақ мәселелер бойынша бірлескен жобалар әзірлеуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік жобалар: қаржыландырудан нәтижеге дейін» тақырыбындағы жұмыс кездесуінде жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ өкілдері әлеуметтік жобалардың нәтижелілігін арттыру, қаржыландыру тетіктері және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Конференция барысында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген белсенді үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Шараның мәдени бағдарламасы II дәстүрлі «Қонақ кәде – Өнер шашу» фестивалімен жалғасты.
Басқосу қорытындысында қатысушылар өңірлер арасындағы тұрақты тәжірибе алмасуды күшейту, азаматтық бастамаларды бірлесіп іске асыру және ҮЕҰ әлеуетін арттыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Осылайша, Ақтөбеде өткен конференция азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан кезекті жиын емес, өңірлердің тиімді тәжірибесін біріктіріп, ортақ мәселелерге бірлескен шешім іздеуге бағытталған практикалық диалог алаңына айналды.