Ақтөбе облысы әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен
өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес туралы
Ереже
- Жалпы ережелер
- Ақтөбе облысы әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
- Кеңес мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін құрылады.
- Кеңес Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен құрылады.
- Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын, үкіметтік емес ұйымдар өзара іс-қимыл саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Кеңестің міндеттері және функциялары
- Кеңестің негізгі міндеттері:
1) қоғамдық келісімді нығайту, демократиялық күштерді жұмылдыру, азаматтық қоғамды құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін көтеру;
2) мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайту және жетілдіру, оларға жүйелі сипат беру;
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және жүзеге асыру бойынша ұсыныстарды әзірлеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту;
4) азаматтық бастаманың өсуі үшін жағдай жасау;
5) мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша нормативті құқықтық актілерді жетілдіру болып табылады.
- Кеңес жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында мынадай функцияларды атқарады:
1) үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныстар дайындайды;
2) мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл жасаудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды дайындайды;
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мәселелерін қарайды;
4) Кеңес отырыстарында мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар өкілдерін шақырады және тыңдайды;
5) үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне консультативтік қолдау көрсетеді.
- Кеңес қызметін ұйымдастыру
- Кеңестің дербес құрамы төрағадан, төрағаның орынбасарларынан, хатшыдан және мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-құрылымдардың өкілдері қатарынан қалыптастырылатын кеңес мүшелерінен құралады.
- Кеңес заңды тұлға болып табылмайды, өз қызметінде осы Ережені және жұмыс регламентін басшылыққа алады.
- Кеңес еріктілік, ашықтық, жариялылық, теңдік және бірдей жауапкершілік принциптері бойынша жұмыс жасайды.
- Кеңес төрағасы жетекшілік ететін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып табылады.
- Кеңес Төрағасы:
1) Кеңес қызметіне басшылық жасайды;
2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
3) Кеңестің жұмыс жоспарын бекітеді;
4) Отырыс хаттамаларына қол қояды.
Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін орынбасарларының біреуі атқарады.
- Кеңес отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі. Кеңес Төрағасының шешіміне сәйкес, қажеттілігіне қарай кезектен тыс отырыстар өткізілуі мүмкін.
- Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, кеңестің отырысы құқықты болып саналады.
- Кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп есептеледі.
- Кеңес хатшысы кеңестің жұмыс жоспарын дайындайды, отырыс хаттамасын ресімдейді. Хатшының дауыс беруге құқығы жоқ.
- «Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы» ММ Кеңестің жұмысшы органы болып табылады.
- Кеңес қызметін ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз ету Кеңестің жұмысшы органына жүктеледі.
- Кеңес шешімі хаттамамен рәсімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
- Кеңестің қызметі Ақтөбе облысы әкімдігінің Кеңес қызметін тоқтату туралы қаулысына сәйкес тоқтатылады.