АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАҒДАЙЫ

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАҒДАЙЫ

 

ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

 

Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасымен 2022 жылы  «Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайы» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жұмысы жүргізілді.

 Әлеуметтанулық зерттеу 23 сұрақтан тұратын face to face форматында сауалнама алу әдісі арқылы жүргізілді. Әлеуметтік зерттеудің мақсаты Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының нәтижелері, тұрғындардың коррупция туралы түсінік, пайымдары, мемлекет жүргізіп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатына тұрғындардың сенім деңгейі, азаматтардың аталған құбылысты қабылдау немесе оны жоюға қатысу дәрежесін анықтау, жалпы талдау жасауға бағытталды.

Коррупция өмірдің барлық салаларында кезігетіндіктен және оның объектісі адам болғандықтан қоғамдағы осы бағыттағы үрдістерді үнемі бағамдап, сараптама жүргізіп отыру қажет. Бұл бір жағынан мемлекеттің даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін фактор болса, екінші жағынан мемлекеттік органдарға деген тұрғындардың сенімінің мөлшерін айқындайтын бірден-бір параметр.

Аталған әлеуметтік зерттеу аясында келесі мәселелер туралы ой тұжырымдауға болады.

«Сыбайлас жемқорлық» сөзін респонденттердің көпшілігі «парақорлық» - 1437 сөзімен байланыстырады, келесі «биліктегі адамдардың өз қызметін жеке бастың баюы мақсатында пайдалануы» - 395, «биліктегі лауазымды адамдарға сыйлық жасау» - 262, «мемлекеттік мүлікті өз мақсатына пайдалану» - 228, «заңсыз бөліс және қоғамдық қаражат жиынтықтары яғни ресурстар мен басқа қорларды қайта бөлу» - 128.  Ең көп айтылатын әрі көпшілікке түсінікті «парақорлық» нұсқасының таңдалуынан көпшілігінің қарапайым мазмұнға жүгінетіндігін көреміз. Сондай-ақ, жауап нұсқаларынан азаматтардың сыбайлас жемқорлық қатері үшін басты жауапкершілік лауазымды тұлғаларда деген контекстті айқын көруге болады.    

Әрі қарай, сыбайлас жемқорлық белгісі бар іс-әрекет болып табылатын лауазымды тұлғаларға сыйлық беру мәселесіне тұрғындардың қарым-қатынасы анықталды.

Облыс тұрғындарының басым көпшілігі қаржылай берілген игіліктер ғана сыбайлас жемқорлық болып саналатындығын атап өткендігін байқаймыз. Сол секілді, лауазымды тұлғаларға гүл сыйлаудың өзі коррупция белгісі бар қылмыс екендігін респонденттердің 7,9 пайызы ғана атап өткен. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мәтінімен азаматтардың басым көпшілігінің таныс еместігін көрсетіп берді.

Сәйкесінше, ірі көлемдегі ақшалай, заттай пара беру түрін басым көпшілігі сыбайлас жемқорлыққа жатқызып отыр.

Әлеуметтік зерттеу кезінде респонденттердің өзінің тұрғылықты жеріндегі сыбайлас жемқорлық деңгейін өзге елді мекендермен салыстыра бағалау әдісі қолданылды. Зертеуден байқалғаны, көпшілік респондент тұрғылықты жеріндегі коррупция деңгейі өзге жерлермен «бірдей» деңгейде деп баға берген.   

Елді мекендер бойынша анықтап алған соң, сала, бағыттар бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшеуге талпыныс жасалды.

Респонденттердің пікірінше ең көп сыбайлас жемқорлық қаупі таралған қызмет салаларының бірі болып ішкі істер ұйымдарының қызметкерлері аталған (569 адам немесе 28,4%). Келесі кезекте дәрігерлер, медицина қызметкерлері деп көрсетеді (392 адам немесе 19,6%). Көрсеткіштерді әрі қарай саралайтын болсақ сыбайлас жемқорлық фактілеріне жиі орын беретін прокуратура саласының қызметкерлері (274 адам немесе 13,7%). Жер бөлімінің қызметкерлері болса 257 адам немесе 12,9%. Одан кейінгі кезекте жоғары оқу орындарының оқытушылары 239 адам немесе 12,0% және судьялар 226 адам немесе 11,3%.

Берілген сауал аясында талдауды жалғастырып, алынған нәтижелерді елді мекен тұрғындары берген жауап нұсқаларының бөлінісінде қаралды.  

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы» заңдық күші бар құжат қабылданғаны белгілі. Аталған заңнамалық құжат қабылданар алдында «Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» жүзеге асырылған болатын. Яғни, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет тарапынан үздіксіз жүргізіліп келе жатқан саясат.

Осы мақсатта Ақтөбе облысы тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік саясаты туралы білімін тексеру қажеттілігі туындаған.

Аталған мәселе бойынша тұрғындардың ақпараттану деңгейі жоғары деуге болады. Респонденттердің басым көпшілігі 78,55% ҚР Үкіметінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізіп отырғандығын біледі.

Алайда сұрақты нақтылай түскенде респонденттердің басым көпшілігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын құрайтын заңнамалық құжаттармен толық таныс емес екендігін байқатты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларымен 22,75% респондент қана «жақсы таныс» екендігін мәлімдеген. Қалған 38,25% «шамалы таныс» болса, 31,95% өздерінде «ешқандай ақпараттың жоқ» екендігін атап өткен.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелері барлық БАҚ және әлеуметтік желілерде құзырлы органдар тарапынан хабарланып отыратындығы белгілі. Бұл сыбайлас жемқорлық фактілерімен аяусыз күрестің көрінісі әрі мемлекеттік коррупцияға қарсы ұстанымының ашық белгісі деуге болады. Тұрғындармен мұндай ақпаратты бөлісіп отыру сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып күресу, тұрғындарды сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік танытуға шақыру болып табылады. Әлеуметтік зерттеуде тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат құралдарындағы жаңалықтарды қабылдау әрі тұспалмен олардың саясатты қолдау деңгейін анықтауға талпыныс жасалды.

Тұрғындар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы «ең тартымдысы» «Сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы сот істері» болып отыр (702 адам немесе 35,2%). Екінші «Сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін қызметтен босату» (677 адам немесе 34,0%), үшінші «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заң актілерінің қабылдануы» (476 немесе 23,9%).

Ең аз таңдалған нұсқа «Қызмет лауазымы бар шенеуніктерді бақылайтын қоғамдық қадағалау механизмдерін құру» (144 адам немесе 7,2%) болды. Қазірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардың тартылуы, қылмысты әшкерелеуде белсенділігі төмен екендігі белгілі. Қоғамдық бақылау, қоғамдық қадағалаудың төмен деңгейі аталған тақырыптағы ақпараттың таралу ағынына әсер тигізеді.

Мемлекет жүзеге асырып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты күрделі әрі көпқырлы екендігі белгілі. Мемлекеттің осы бағыттағы қолға алған бастамаларын немесе жаңалықтарын қоғамның оң қабылдауы аталған саясаттың тиімділігіне әсер ететін бірден-бір фактор. Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдіру мәселесі анықталған болатын.

Респонденттердің басым көпшілігі 56,6% мемлекет жүргізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдіретіндіктерін айтқан. Ал 30,65%  сенім білдірмейді және 12,8% жауап беруге қиналған.

Дегенмен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет жүргізіп отырған саясатқа тұрғындардың сенім деңгейі жағымды көрсеткіштерге ие болып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет жүргізіп отырған саясатты қолдайтындар әрі сенім білдіретіндер басым көпшілікті құрайтындығы талдау барысында анықталды. Дегенмен, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлықпен күреске бей-жай қарай алмайтын және өзіндік үлесін қосуға даяр азаматтарда бар. Әлеуметтік зерттеу аясында проактивті азаматтар арасынан ұсыныстар жиналды.

Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі алдымен «сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды қатайту» қажет деп санайды (911 адам н/се 45,6%). Келесі іс-қимыл «тұрғындардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатуға» бағытталуын атап өткен (642 адам н/се 32,1%). Және осы нұсқаға мағынасы жағынан жақын «сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік танытатындай етіп тұрғындармен үгіт-насихат жүргізуді» дұрыс деп есептейді (404 адам немесе 20, 2%).

Сауалнамаға қатысушылардың сыбайлас жемқорлық қатерінен құтылудың бірден бір жолы заңнама талаптарын күшейтіп қана қоймай азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға тоқталуы жемқорлыққа төзбеушілік сана-сезімінің өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың негізгі орын алатын жері азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігінен, өзінің міндеттері мен қойылатын талаптарды жете меңгермегендігінен болып жататындығы жасырын емес. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда бір тарап, яғни мемлекет аппаратының ғана мәселесі болып қана қоймай, азаматтық қоғамныңда мүддесі екендігін көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыхалықтық қозғалысқа айналғанда ғана өз нәтижелерін беретін болады. Жекелеген азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, антикоррупциялық құқықтық мәдениеті мен ой-санасы жетілген жағдайда парақорлықты еңсеруге болады. Бұл тұрғыда, мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, азаматтардың коррупция белгілерін хабарлағаны үшін төленетін төлемдерден бастап қызмет көрсету салаларын цифрландыру бойынша жасалып жатырған жұмыстарды айта кеткен жөн.

Аталған сұраққа берілген жауаптарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы үлес қосуға әзір азаматтар саны облыс тұрғындарының 41,85% құрап отыр. «Ия деуге болады» дегендер – 36,40%. «Жоқ деуге болады» – 7,10%, нақты «жоқ» дейтіндер – 8,40%. Егер, соңғы екі жауап нұсқаларының қосындысын алатын болса азаматтардың 15,50% сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мүлде бейтарап позицияны ұстанады.

Сыбайлас жемқорлық фактілерімен жеке дара кезіккендегі азаматтардың іс-әрекетін болжау қаншалықты қиын болса, соншалықты сыбайластық туралы елдегі жалпы жағдайды болжамдау күрделі мәселе. Теория жүзінде азаматтардың аталған қылмыс түрімен кезіккендегі алғашқы амалы құзырлы органдарға хабарлау болатын болса, сауалнама тәжірибедегі олардың мінез-құлқын анықтауға көмектесетін сауалдармен толықтырылды.    

Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлауға респонденттердің 49,0% дайын болса, 18,8% мұндай шараға мүлде қатыспайтындықтарын мәлімдеген. Яғни, жоғарыдағы сауалнама сұрағына берілген жауаптар арасында корреляция жүргізуге болады (Ол жерде бейтараптылық сақтағысы келетін респонденттер 15,50% құраған болатын).

Келесі сауалда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзіндік үлесін қосуға дайын, мұндай жағдайлармен кезіккенде құзырлы органдарға қылмыс туралы хабарлауды азаматтық ұстанымы санайтын респонденттерге арналды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы құзырлы органдарға хабарлау коммуникация тұрғысынан қиындықтар тудыруы мүмкін. Оның ішінде, жауапты мамандармен жеке тілдесу, анонимділікті сақтау немесе қолда бар байланыс құралдарын қолдану мүмкіндіктерін арнайы органдар ескеруі қажет проблема. Сол себепті, елдегі, Ақтөбе облысындағы коррупция туралы ақпаратпен бөліскісі келетін азаматтарға тиімді әрі қолайлы жағдай жасау құзырлы органның міндеті саналады.      

Респонденттердің басым көпшілігі үшін «сенім телефондары арқылы» хабарлау ең тиімді коммуникация түрі болып отыр (46,0%). Екінші кезекте «электронды пошта» арқылы хабарлау тетігін атап көрсеткен (16,4%). Ақтөбе қаласы және аудан тұрғындары бөлінісіне қарай сараптайтын болсақта осы екі нұсқаға басымдық берілген.

Көптеген субъективті жағдайларда заңға бағынушы тұлғалардың өзі сыбайлас жемқорлық қатысушысы болып жатады. Бұл мәселені бюрократиялық шешу тәсілдеріне әбден төселген мемлекеттік органдардан өзінің кезегін тезірек жылжыту (әр түрлі жағдайлар) үшін, немесе өзінің тапталған құқығын орнату және т.б. жағдайларды айтса болады. Жалпы елімізде көптеген азаматтар коррупция фактілерімен өмірінде ұшырасып жататындығы мәлім.

Жеке басының пара беру оқиғаларына қатысқандығы туралы талдау нәтижелерін пессимистік нұсқа бойынша дамытатын болсақ, азаматтардың 84,9% жауап беруге қиналатындығын көреміз. Егер осы сұрақтың жауаптар нұсқасын құруда «ия» немесе «жоқ» деген екі жауап нұсқасын қалдырған жағдайда, респонденттер «жоқ» деген жауапты таңдау арқылы жеке өзіне қатысты мәселеде құпиялылық сақтар еді (сауалнама анонимді болса да). Сол себепті, «жауап беруге қиналамын» нұсқасында жасырын контекст бар екендігін атап өткен жөн. Яғни, жауаптың өзі «ия, дегенменде жауап беруге қиналамын» деген хабар қалдырып отыр. Егер ойдың логикалық тұжырымы дұрыс болған жағдайда «ия» деп тура жауап берген 9,6% «жауап беруге қиналамын» деген 84,9% қосқанда 94,5 % респонденттер пара беру процесіне қатысқан болады.

Оптимизмге жеңдіретін болсақ респонденттердің 9,6% лауазымды тұлғаларға пара берген деп есептейміз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзімсіздік пен мәдениетті қалыптастыру, қоғамда парасаттылық қағидаларын тарату - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Тұжырымдамасының мақсаты. Осы тұрғыда, азаматтардың ұстанымын бағамдау үшін бірнеше сұрақтар әзірленген болатын.

40% респондент «пара бермеуді» жеке принциптері ретінде атаған. Қолайлы жағдай болса пара беруден бас тартпайтындардың үлесі 37,37% құрап отыр. Қылмыстық қудалаудан қорқып, пара бермейтіндер 8,42% құрап отыр. Осы орайда, заң талаптарын қатаңдату сыбайлас жемқорлық көріністерін мүлдем болдырмаудың амалы еместігін айта кету керек.

Осыған байланысты, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы принципті ұстанымы бар азаматтардың қатарын көбейту, оларды көтермелеу маңызды қадам ретінде қала бермек.

Лауазымды тұлғаға пара беруден бас тартқан соң мәселенің шешілу деңгейі  туралы оң қорытынды шығаруға болады. Яғни, 50,82% респондент мәселесінің шешілгендігін атап өткен. Ал 34,43% ұзақ уақыттан соң әзер шешілгендігін айтқан. Тек 14,75% өз мәселелерінің шешімін таппағандығын айтып, қынжылады. Дегенмен, өз мәселесін шешуде табандылық танытатын әрі осы іс-әрекетіне сенімді азаматтар қатарының көбейгендігі қоғамда жағымды үрдістерге бастайтындығы жасырын емес.

Коррупцияның негізгі пайда болу себебі мемлекеттік органдардағы бюрократия десе болады. Осындай қорытындыға жоғарыда да келгенбіз. Мәселені тез әрі оңтайлы шешу коррупцияны тудыратын басты себеп десе болады (45,27%). Екіншіден, мәселені шешуде сөз бұйдаға салып, созып жүру, кейінге қалдыру сыбайлас жемқорлық әрекетіне мұрындық болып отыр. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының «мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту» туралы берген тапсырмасы аталған мәселенің сыбайлас жемқорлықты тудырушы өзекті мәселе екендігін көрсетіп отыр. 

92% респондент пара беруде лауазымды қызметкер өзі бастамашы болғандығын айтады. Дегенмен, 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамада 2020 жылы пара беру фактісі – 625, 2021 жылы – 568 болса, 2021 жылы пара алу – 570, 2021 жылы – 449 қылмысты құраған.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралардың тиімділігіне облыс тұрғындары сеніммен қарайды. Парақорлықты жоюға болады дейтіндер 45,4% («ия», «ия» деуге болады жауап нұсқаларын қосқанда). Парақорлықты түбегейлі жою мүмкін емес деп санайтындар 37,3%.

 

ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Дата публикации
27 сентября 2022