Екінші кезеңі басталды

Екінші кезеңі басталды

Тамыз айының 3-нен «Жасыл ел» еңбек жасағының екінші кезеңі басталды. Биылғы еңбек маусымында 40 жас жұмыспен қамтылу жоспарланған. Бүгінгі таңда жастар тарапынан жиналған құжаттар қабылданып, жұмысқа қабылданғандар тізімі шығарылған. Ауданда жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында нақты жұмыстар қолға алынған.

- Биыл да, жылдағы дәстүрге сай жастарды уақытша жұмыстарға орналастыру, аумақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына студенттер мен мектеп оқушылары алынды. Жаз бойы «Жасыл елде» ауылдың көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ат салысып, еңбек еткісі келетіндер көп. Бірақ, біз еңбек жасағына азқамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан жастарды тартып отырмыз. Елімздегі қалыптасқан жағдайға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, санитарлық талаптар сақталуда. Аудан көлемінде жасыл ел құрамына көгалдандыру жұмыстарына барлығы 40 жас тартылса, 20-сы осы тамыз айында еңбек ететін болады. Тиісінше, олар алдағы уақытта арнайы формамен қамтамасыз етіледі, - дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Рүстем Ерімбетов.

Қазіргі таңда көгалдандыру бағыты бойынша жастар отрядтарынан 20 жас орман шаруашылығының тәлімбағында өз жұмыстарына кіріскен.

«Жасыл ел» - жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналды. Бағдарламаның басты мақсаты - қоршаған ортаның тазалығын сақтап, жасыл-желекке айналдыру. Сол арқылы отанды сүюге, табиғатты аялауға үйрету.