
Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға 100 бала қатысты. Балалардың қуанышына аудан әкімі Алмас Салықбаев қатысып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: - «Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, жаңа жылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игеріңдер. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер.» - деп мерекелік лебізін білдірді.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Мерекелік шара соңында балаларға тәттілер үлестірілді.