GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Все материалы
25 сентября 2026
"БЖЗҚ" АҚ зейнетақыны уақтылы рәсімдеудің маңыздылығын еске салады

БЖЗҚ-да міндетті және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақтары бар, зейнет жасына жеткен азаматтар белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Бұл құқық мүгедектігі мерзімсіз белгіленген I және II топтағы азаматтарға да беріледі. 2026 жылы зейнет жасы ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша ХҚКО-ға алдын ала жүгінуге болады. Құжаттар мен өтінішті зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар зейнет жасына толуына 2 ай қалғанда eGov-тағы мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Егер азамат зейнет жасына жетіп, БЖЗҚ-дағы жинақтарын алу үшін өтініш бермесе, БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп қажетті тексеру жүргізеді. Талаптар орындалған жағдайда төлем өтініш бермей-ақ, автоматты түрде тағайындалады. 2026 жылғы наурыздан бастап мұндай тәртіп ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарға да қолданылады. ЕЗЖ есебінен төлемдерді 50 жасқа толуына немесе мүгедектіктің белгіленуіне байланысты алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінуге болады. Қызметтерді БЖЗҚ бөлімшелерінен, сондай-ақ ЭЦҚ арқылы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан алуға мүмкіндік бар. Қажетті құжаттар тізімі мен оларды алдын ала тексеру мүмкіндігі БЖЗҚ сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлімінде қолжетімді

25 сентября 2026
Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы мультибрендтік KAMAZ сервис орталығының құрылысы басталды

Заманауи орталық жүк және арнайы техникаға қызмет көрсетеді. Инвестиция көлемі 3,5 млрд теңге. Нәтижесінде 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сервис орталығы қаланың Оңтүстік айналма жолы бойында. Жоспар бойынша мұнда жылына 5 мыңға дейін қызмет көрсету операциясын орындау мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба бастамашысының мәліметінше, орталық Қазақстандағы осындай форматтағы алғашқы нысан болмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнесті қолдау — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан жұмысты тоқтатпай, жобаны белгіленген мерзімде соңына дейін жеткізу маңызды», — деді Абзал Әбдікәрімов.

17 сентября 2026
Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлік жобаларды кеңейтуге мүмкіндік беруде

Ақтөбе облысында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік жобалардың өндірістік қуаты артып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.

Ақтөбе облысында кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау нақты жобалардың іске қосылып, өндіріс көлемін ұлғайтуына және жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік беріп отыр. Э

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып отырған «Aktobe Med Service» ЖШС-нің «ERKEMED» медициналық орталығы мен «Euro Plast Company» ЖШС-нің пластикалық конструкциялар өндіретін цехына барды.

432 млн теңге инвестицияланған «ERKEMED» медициналық орталығы субсидиялау және кепілдендіру тетіктері арқылы мемлекеттік қолдау алған. Қазіргі таңда медициналық орталық тұрғындарға сұранысқа ие қызметтер көрсетіп, заманауи медициналық көмек ұсынуда.

Ал «Euro Plast Company» ЖШС пластикалық конструкциялар өндіретін цехын дамытуға 180 млн теңге инвестициялаған. Кәсіпорын 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдау шараларына ие болған.

Жұмыс сапары кезінде кәсіпкерлер өндірістік қуаттылықтары, өнім көлемі, құрылған жұмыс орындары және алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.

«Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге дайын жоба ұсынумен ғана шектелмей, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты бизнесті дамытуға мүмкіндік беру. Бүгінде қолдау алған жобалардың нәтижесін нақты жұмыс істеп тұрған нысандардан көріп отырмыз», – деді Досжан Әлібеков.

Соңғы үш жылда Ақтөбе облысында 4 497 жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Осы жобаларды іске асыруға 41,7 млрд теңге бағытталды.

Кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыс биыл да жалғасуда. 2026 жылы «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында білім беру, денсаулық сақтау, жүк тасымалы және қызмет көрсету салаларындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді.

Өңірде мемлекеттік қолдау құралдарын қолжетімді ету және олардың тиімділігін арттыру арқылы жаңа кәсіпкерлік жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және шағын әрі орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру жұмыстары жалғасады.

 

30 июля 2026
Қазақстанда «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқан басталады
Бүгінде халықаралық қылмыстық топтар жұмыс іздеу мақсатында адамдарды тарту үшін цифрлық технологияларды, әлеуметтік желілерді және интернет-платформаларды белсенді түрде пайдалануда. Жоғары жалақысы бар жұмыс орындарын ұсыну сылтауымен адамдарды алдап, еркіндігін шектеп, заңға қайшы әрекеттерге қатысуға мәжбүрлейді.
Мұндай қанау түрі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылықтың ең жылдам таралып келе жатқан қауіптерінің біріне айналуда. Адам саудасының құрбандары әртүрлі жастағы, мамандығы мен білім деңгейі әртүрлі адамдар болуы мүмкін.
Қазіргі таңда адам саудасы тек сексуалдық қанау немесе мәжбүрлі еңбекпен ғана шектелмейді. Барған сайын адамдарды алаяқтық жасауға, киберқылмыстарға, заңсыз көші-қонға, есірткі саудасына, ұрлыққа және басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысуға мәжбүрлеу жағдайлары жиілеп келеді.
Сондықтан алдын алу шаралары қылмыстың осы түріне қарсы күрестің ең тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Адам саудасына қарсы халықаралық күш-жігерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 24-30 шілде аралығында «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқанын өткізуде.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын ұйымдасқан қылмыстың осы қауіпті түріне аудару, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, адамдарды тартудың заманауи тәсілдері және зардап шеккендерге көрсетілетін мемлекеттік қорғау шаралары туралы ақпарат беру.
Науқанға мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімшелері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Апта бойы еліміздің барлық өңірлерінде халықпен кездесулер, құқықтық кеңес беру, профилактикалық материалдар тарату және адам саудасының алдын алуға бағытталған басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарды жұмысқа орналасу туралы ақпаратты мұқият тексеруге, әсіресе шетелде жұмыс істеуге қатысты ұсыныстарға ерекше назар аударуға, бейтаныс адамдарға құжаттарын бермеуге, күмәнді ұсыныстарға келіспеуге және адам саудасы болуы мүмкін жағдайлар туралы міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Әр адам бұл қылмыстың алдын алуға өз үлесін қоса алады – сақтық таныту, шынайы ақпарат тарату және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету арқылы.
Адам саудасы қазіргі заманның маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді. Алайда мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігерінің арқасында адамның қадір-қасиетін, бостандығын және қауіпсіз өмір сүру құқығын қорғауға болады.
Айта кету керек, жыл сайын 30 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі дүниежүзілік күн атап өтіледі.
Биыл бұл күн «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтуде. Бұл ұран адам саудасы құрбандарын қылмыс жасауға, әсіресе интернет-алаяқтық саласына тарту арқылы жүзеге асырылатын қанаудың жаңа түріне назар аударуға бағытталған.
Адам саудасы – ауыр қылмыс. Бейжай қалмаңыз!
 
21 июля 2026
«Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 62,71млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады

2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жалпы сомасы 62,71 млн АҚШ долларын құрайтын 333 809 өтініш қаражат иелерінің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жіберілді.

Орындалған өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты. Осы бағытта 216 060 өтініш бойынша 41,01 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударылды. Ал білім алу ақысын төлеуге 117 749 өтініш орындалып, оған 21,69 млн АҚШ доллары жұмсалды.

Еске салайық, нысаналы жинақтардың (НЖ) алушысы өзіне тиесілі қаражатты толық немесе ішінара пайдалана алады. Пайдаланылмаған сома 10 жыл бойы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) сақталады. Осы мерзім ішінде игерілмеген қаражат кейін алушының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.

18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы мәліметті ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері баланың ЖСН-ін енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтынан, eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, сондай-ақ eGov Mobile және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан тексере алады.

Егер 2025 жылғы есептеулер бойынша баланың нысаналы талаптары көрсетілмесе, мобильді қосымшадағы құжаттарды жаңарту қажет.

eGov Mobile қосымшасында:

«Цифрлық құжаттар» → «Отбасы» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».

Kaspi.kz сияқты екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында:

«Мемлекеттік қызметтер» → «Барлық құжаттар» → «Құжаттар тізімін жаңарту» → «Ұлттық қордан есептелген қаражат».

Бағдарламаның шарттары, қаражатты пайдалану тәртібі, пайдалы нұсқаулықтар мен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар kids.enpf.kz сайтында қолжетімді. Сондай-ақ тақырыпқа қатысты бейнетүсіндірмелер мен пайдалы кеңестерді БЖЗҚ YouTube арнасынан көре аласыз.

21 июля 2026
Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді

2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында цифрлық технологияларды жүйелі дамытуға, жасанды интеллектті жаппай енгізуге және орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруға негіз болатын құжат - Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді. Бұл заңның қабылдануы еліміздің жекелеген шешімдерден мемлекеттік деңгейдегі кешенді цифрлық трансформацияға көшуін білдіреді.

Цифрлық кодекс заңнамалық деңгейде алғаш рет адамның цифрлық құқықтарын бекітеді. Азаматтар өздерінің дербес деректерін басқаруға, оның ішінде оларды жоюға, жасырын түрлендіруге (анонимизация) және өңдеуді шектеуге кепілдік берілген құқық алады. Биометрияға ерекше назар аударылды: оны пайдалану қазір қатаң регламенттелген. Маңызды қадамдардың бірі - автоматтандырылған жүйелер мен ЖИ алгоритмдері қабылдаған шешімдерді қайта қарау құқығының енгізілуі, бұл енгізіліп жатқан технологиялардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.

Құжат цифрлық құжаттар, мәліметтер және растамалар, оның ішінде push-хабарламалар мен кодтар ұғымдарын енгізу арқылы құқықтық алаңды кеңейтеді. Сондай-ақ цифрлық объектілердің түрлерін (цифрлық жазбалар, активтер, ресурстар, платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым объектілері, цифрлық деректер өнімдері және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де цифрлық объектілер), сондай-ақ олардың негізгі цифрлық объектілер мәртебесін нақты айқындайды.

Мемлекеттік функцияларды орындауға, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге немесе мемлекеттің цифрлық архитектурасының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық цифрлық объектілер ұлттық цифрлық объектілер мәртебесіне ие болады. Мұндай мәртебе Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленетін болады. Сонымен қатар смарт-келісімшарттар мен бөлінген жүйелерді пайдалану үшін жағдайлар жасалады.

Маңызды жаңалықтардың бірі - цифрлық деректер өнімдерін алмасуы мен айналымы платформасын енгізу. Бұл - онда орналастырылған цифрлық өнімдерге пайдалану шарттары нақты белгіленген, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық алаң. Кодексте «цифрлық деректер өнімі» деп цифрлық ортада тиімді қолдануға дайын, деректерді өңдеудің жиынтықталған, формализацияланған нәтижесі түсініледі. Бұл ретте мұндай платформалардың меншік иелеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң міндеттемелер жүктеледі: олар рұқсатсыз кіруді, деректердің сыртқа кетуін және егер ҚР заңнамасымен шектелген болса, деректерді трансшекаралық беруді болдырмауға міндетті. Осылайша, мұндай платформаларды құру елдегі цифрлық деректердің заңды, қауіпсіз және ашық айналымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа нормаларға сәйкес, цифрлық трансформация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті процеске айналады. Жыл сайынғы трансформация бағдарламалары енді басшылар үшін негізгі тиімділік көрсеткішіне (KPI) айналады. Кодекс сондай-ақ киберқауіпсіздіктің күшейтілген стандарттарын белгілейді және мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігіне кепілдік береді.

Цифрлық кодекстің Цифрландыру және жасанды интеллект жылында қабылдануы технологиялық прогресс пен Қазақстан азаматтарының мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін тұтас құқықтық базаны қалыптастырады.

01 июля 2026
Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды.

1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.

Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.

Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.

Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.

Ата Заңымыз Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.

Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында бекітіліп келген заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде конституциялық мәртебеге ие болды. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күшіне тыйым салу барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін жалпыға бірдей міндетті талап ретінде бекітілді.

Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен қызметі, астананың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық Сот, сот жүйесі, арнаулы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылыстың өзге де мәселелері енгізілді. Бұл олардың құқықтық реттелуінің тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы беріле отырып, халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісіне қатысуын күшейтеді. Заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі жасалып, мемлекеттік институттар арасында өкілеттіктер қайта бөлінді.

Адам құқықтарын қорғау үлгісі елеулі түрде жаңартылды. Конституция қылмыстық сот ісін жүргізудегі негізгі кепілдіктерді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бас бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітті. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, бас бостандықтың шектелуіне сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, сұрақтарға жауап бермеу құқығы, өз-өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы («Миранда қағидалары»), сондай-ақ кінәсіз презумпциясы бар.

Мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда,  цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.

Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституция үстемдігін, оның ең жоғары заңды күшін және конституциялық құндылықтардың бірыңғай түсінілуін қамтамасыз ете отырып, конституциялық бақылауды жалғастыра береді.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан Республикасының конституциялық дамудағы жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл кезеңде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып, Конституция үстемдігі орнықты дамудың, заңдылық пен әділдіктің берік негізі бола береді.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының барша азаматтарын жаңа Конституцияның күшіне енуімен және еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтайды.

Жаңа Конституция мәтініне сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1159830?lang=kk 

24 июня 2026
ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯҒА ЖАҢА КӨЛІК: ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ🚑✨

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қаратоғай ауылында үлкен қуанышты оқиға орын алды! Аудан басшысы Медет Ысқақов Қаратоғай дәрігерлік амбулаториясының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жаңа УАЗ 3009 жедел жәрдем көлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті. 🤝🔑

Осыдан тура бір жыл бұрын ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде дәл осы жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туралы мәселе көтерілген болатын. Бүгін, міне, халықтың өтініші аяқсыз қалмай, оң шешімін тапты. Тұрғындар атқарылған жұмысқа шынайы ризашылықтарын білдіруде.

Қаратоғай ауылында бүгінде 1420 адам тұрады. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты 2014 жылы пайдалануға берілген. Күнделікті халық саулығын күзетуде 9 білікті маман аянбай қызмет етіп келеді.

Жаңа автокөлік амбулатория қызметкерлерінің жеделдігін арттырып, ауыл халқына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге үлкен септігін тигізері сөзсіз. Жаңа көлік құтты, ел игілігіне қызмет ететін жолдары сәтті болсын!

28 мая 2026
Аңдатпа: «ӨРТ-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы

2026 жылғы 28–29 мамырда еліміздің барлық өңірлерінде «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

Іс-шара табиғи өрттер туындаған жағдайда азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесі басқару органдарының, күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

Оқу-жаттығуға басшылық ету және оны үйлестіру республикалық штабы Қостанай қаласында орналасады.

Аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің «Баршаңыздың назарына!» сигналы бойынша дайындығын тексеру мақсатында 2026 жылғы 28 мамыр күні сағат 11:00-де елімізде қолда бар барлық дыбыстық электрсиреналар іске қосылады. Осыған байланысты тыныштықты сақтап, дүрбелең мен қауесетке берілмеуіңізді сұраймыз.

20 мая 2026
Жыл басынан бері 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.

Мемлекет халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар және халықты қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілуде.

Негізгі бағыттардың бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Бүгінде мұндай жұмыс орындарына 50,6 мың адам жолданды. Оның ішінде 37,6 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың жас маман жастар практикасына, ал 4,9 мың адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар азаматтардың біліктілігін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгеруіне ерекше назар аударылуда. Онлайн оқумен 31,7 мың жұмыссыз азамат қамтылды. Оның ішінде 25,1 мың адам оқу курстарын аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.

Бұдан бөлек, халықтың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы жалғасуда. Жыл басынан бері кәсіпкерлік негіздеріне 16,9 мың адам оқытылып, оның 7,3 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алды.

Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес кадр даярлау мақсатында 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Бұл шара өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мансап орталықтарында азаматтарды кәсіптік бағдарлау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру және консультациялық қызметтерді 142,8 мың адам алды. Бұл азаматтардың мамандықты саналы таңдауына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады және міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 140,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде:

– жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында – 50,6 мың адам;

– Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарына – 48,3 мың адам;

– Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 40 мың адам;

– орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар шеңберінде – 1,9 мың адам.

Сонымен қатар 2026 жылы халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау мақсатында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еліміздің барлық өңірінде жалғасып, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, азаматтардың табысын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы