❄️ Қысқы дайындық: мұқтаж отбасыларға көмек
Аққұдық ауылдық округі әкімдігі қыс мезгіліне дайындық аясында отынға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға қысқы отын жеткізіліп, алдағы суық күндерге дайындалуына жағдай жасалды.
🤝 Қиын кезеңде тұрғындарға қолдау көрсету — ортақ жауапкершілігіміз. Әр отбасының қыс мезгілін алаңсыз өткізуі үшін тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
🌾 «Сержан» шаруа қожалығында егін жинау жұмыстары аяқталды
Ауыл шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстардың бірі – егін жинау науқаны сәтті аяқталды.
«Сержан» шаруа қожалығы биылғы егін орағын ұйымшылдықпен өткізіп, мол өнім жинады. Диқандарымыздың маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің арқасында егіс алқаптарындағы жұмыстар уақытылы әрі сапалы атқарылды.
🌾 Еңбек еткен барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз! Еңбектеріңіз жемісті, ырыс-берекелеріңіз мол болсын!
Жаңа оқу жылы қарсаңында ауылымызда «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Зейнеткер Т. В. Нестеренко ауыл кітапханашысымен бірге оқушыларға дәптер, қалам және басқа да қажетті оқу құралдарын сыйға тартты.
Бұл игі іс балаларға қуаныш сыйлап, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауға мүмкіндік берді.
Балаларға қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан Т. В. Нестеренкоға шын жүректен алғысымызды білдіреміз!
Шекарашылар күніне орай мини-футболдан турнир өтті
Аққұдық ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен Отан қорғау жолында қызмет етіп жүрген шекарашыларға құрмет көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Шекарашылар күніне орай мини-футболдан турнир ұйымдастырылды.
Спорттық додаға барлығы 10 команда қатысып, командалар өзара тартысты бәсекеде бақ сынасты. Ойындар барысында қатысушылар жоғары шеберлік пен ұйымшылдық танытып, жарыстың көркін қыздырды.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
🥇 І орын – «Жайсаң темір жол» командасы;
🥈 ІІ орын – Ұлттық қауіпсіздік комитеті командасы;
🥉 ІІІ орын – «Орталық» командасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды.
Аталған спорттық шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған «Хайрулла» шаруа қожалығының басшысы Мендинов Хайрулла Хайрулловичке ұйымдастырушылар атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Спорт – ел бірлігін нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды құндылықтардың бірі. Осындай тағылымды әрі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Аққұдық ауылдық округінде шаруа қожалық басшыларымен жиналыс өтті Аққұдық ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен шаруа қожалық басшыларымен мал ұрлығының алдын алу, малды заң талаптарына сәйкес тасымалдау және ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз қалдырмау мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Жиналысқа Аққұдық ауылдық округінің әкімі, учаскелік полиция инспекторы және Жайсаң шекара бөлімшесінің бастығы қатысты. Кездесу барысында мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейту, мал тасымалдау кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жібермеудің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, мал иелерінің заң талаптарын сақтауы және өздеріне тиесілі малға жауапкершілікпен қарауы қажеттігі атап өтілді. Жиналыс қорытындысы бойынша шаруа қожалық басшыларына малдың сақталуын қамтамасыз ету, тасымалдау кезінде қажетті құжаттарды рәсімдеу және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Мәртөк аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары ауыл тұрғындары арасында алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-профилактикалық акция өткізді. Іс-шара барысында тұрғындарға алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері туралы ақпарат беріліп, сақтық шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ, алаяқтықтан қорғану жолдары көрсетілген ақпараттық жадынамалар (флаерлер) таратылды. Акцияның мақсаты – тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу. #AQTOBEJASTARY #МӘРТӨКЖАСТАРЫ #ЖАСТАРҒАКЕҢЕС
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кездесу өтті
Жастар ресурстық орталығының Департаментпен бірлесіп ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен кездесу өтті. Шара Қ. Медетов атындағы өнер мектебінде ұйымдастырылып, оған 60 жас қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – «Жемқорлыққа жол беру – ұрпақтың болашағына балта шабу».
Шара барысында жемқорлық мәселесіне арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, жетістікке жеткен азамат Искарин Ануар Есімханұлы қатысып, жастармен өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарды адалдыққа, еңбексүйгіштікке шақырып, жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін жан-жақты түсіндірді.
Кездесу соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Вознесеновка ауылының ішкі көше жолдарының бойында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында арамшөптерді отау және аумақты ретке келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар ауылдың көркі мен тазалығын арттырып, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталды. Ортақ іске белсене атсалысқан азаматтардың еңбегі ауылдың ажарын аша түсіп, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды.
Аққұдық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Айжарыков С.К. Вознесеновка ауылындағы «Жайсан» шекара бөлімшесінің жеке құрамымен интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері, күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламалардың белгілері, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеудің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, қаржылық қауіпсіздікті сақтау, интернет кеңістігінде сақтық шараларын ұстану және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажеттігі жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Мұндай профилактикалық іс-шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет-алаяқтықтың құрбаны болудың алдын алуға және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Жаңа жол» акциясы аясында Мәртөк аудандық полиция бөлімі Мәртөк ауданының прокуратурасымен және Аққұдық ауылдық әкімімен «Қамқор отбасы қолдау орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп, бұрын сотталған және жазасын өтеу орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу және жұмыспен қамту бағытында жұмыстар жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аталған санаттағы азаматтар шаруа қожалықтарына жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, бір тұлға кәсіби даярлау курсына жолданып, оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналастыру жоспарлануда.