
Қобда өңірінде ұзақ жылдар халыққа еткен қызметімен жергілікті тұрғындардың ықыласына ие болған қобдалықтар аз емес. Осындай еңбектері жергілікті халықтың көз алдында өрбіген екі азаматты зейнет жасына шығуымен аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев құттықтады. Құрмет демалысына шыққан екі азамат та қобдалықтарға жақсы таныс, тұрғындардың алғысын арқалаған жандар. Асылбек Әмірғалиев аудандағы ең білікті агрономдардың бірі. Ауыл шаруашылық құрылымдарына ғана емес көп қобдалықтарға да бақ өсіріп, бақша баптауда талай рет құнды кеңес бергенін естиміз. Ауыл шаруашылық саласында агроном, шаруашылық басшысы, ауылдық округ әкімі, экология бойынша мемлекеттік инспектор болып абыройлы еңбек етті. Соңғы жылдары «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалы басшысы тұрғысында ауданымыздың өсімдік дүниесін сақтап, қорғау жолында еңбек атқарды.
Тасболат Есенғұлов ұзақ жылдар ауданымыздың ауылшаруашылығын өркендету жолында елеулі еңбек етіп, ауылшаруашылық құрылымына басшылық етті. Қазіргі таңға тіршілік нәрі саналатын ауыз сумен халықты қамтитын «Қобда су» мекемесіндегі ең жауапты тұлғаның бірі. Инженер тұрғысында күндіз-түнгі тынымсыз еңбегін барша аудан тұрғындары айтып отырады.
Асылбек Сәрсенұлы мен Тасболат Санақұлына көп жылдарғы ауданға сіңірген еңбегі үшін аудан әкімі алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты.
Әріптестері мен ұжымдастары тарапынан да мерейтой иелеріне жылы лебіздер айтылып, марапаттар табысталып, сый-сыяпат жасалды.