
Аудан әкімі Болат Куловтың аудан тұрғындарын
Наурыз мерекесімен құттықтауы
Қымбатты қобдалықтар!
Халқымыз ежелден жыл басы санаған, Ұлыстың ұлы күніне балаған
Наурыз мейрамымен баршаңызды шын ықыласыммен құттықтаймын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де ел еңсесі биіктігінің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақ елінің тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырып, халықаралық мәртебеге ие болған бұл мейрам бүгінде елдің бірлігіне, татулығына, тұрақтылығына қызмет етіп келеді.
Бұл халқымыздың болашаққа сенімін арттыратын, жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отырып, ынтымақ-бірлікті одан әрі жарастыратын, ата-бабаларымыздың ұлы мұрасы – салт-дәстүрді бағалап, бірлік пен берекені сақтау үшін игі істер жасауға мүмкіндік беретін жаңа күн. Кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Наурыздың жас ұрпақты ата дәстүр негіздерінде тәрбиелеуде де алар орны ерекше.
Құрметті жерлестер! Қазіргі уақытта ауданымызда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны баршамызға белгілі. Сын сағатында барлық қобдалықтарды іске асырылып жатқан шұғыл шараларға, түсіністікпен қарап ынтымақтастықта болуға шақырамын!
Сонымен қатар ұлты мен нәсіліне, тілі мен діліне бөлмейтін, бірлікке, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін, мұсылман қауымның мерекесімен тұспа-тұс келген Наурыз мерекесінде әр шаңыраққа құт-береке, халқымызға амандық тілеймін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!