Бағдат Мусин Ақтөбе облысының «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына қолдау танытты

Бағдат Мусин Ақтөбе облысының «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына қолдау танытты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өңірге жұмыс сапары барысында ауылдарда іске асырылып жатқан IT-жобаларды таныстырды.

Халықты, бірінші кезекте, жастарды ауылдардан үдере көшуін тоқтату үшін интернетпен қамтамасыз ету, сапалы білім беріп, денсаулығын нығайту, жұмыспен қамту мәселелеріне көңіл бөлу маңызды.

Қобда ауданының Талдысай орта мектебінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге, сондай-ақ үкіметтік делегация мүшелеріне өңірдің шағын жинақты мектептерінде қолға алынған «BILIM ALL» жобасы аясындағы оқу процесі көрсетілді. Қонақтар ағылшын тілінен өтіп жатқан сабаққа қатысты.

«Ақтөбе облысына осы өңірдің басшысы Ералы Тоғжановтың шақыртуымен келдік. «БІЛІМ ALL» бірегей өңірлік жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстық. Аталған жоба облыстың 204 шағын жинақты мектепті қамтуы тиіс, алайда интернеттің жоқтығы, нашарлығына байланысты 84 мектеп білім беру платформасына қол жеткізе алмай отыр. Біз бұл кемшілікті жоюымыз керек. Ендігі міндетіміз – облыс әкімдігіне байланыс операторларын тарта отырып, көмектесу», - деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Қобда ауданы бойынша барлығы 25 мектеп бар, оның 22-сі –  шағын жинақты. Ал «БІЛІМ ALL» жобасы аудандағы 19  шағын жинақты мектеп оқушыларын қамтыды.

 

Жалпы Ақтөбе облысында 14,5 мың бала шағын жинақты мектептерде оқиды. Бүгінгі күн 35 үздік ұстаз ауылдарда 10 мыңнан астам оқушыға сабақ беруде.

Жоба басталған кезде ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейінің айырмашылығы 15% пайызды құраса, өңір мұғалімдерінің екі ай ішіндегі қарқынды жұмысы нәтижесінде айырмашылық 3,5%-ға азайып, 11,5%-ға жетті.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 315 ауылдың 213-інде интернет қолжетімді.  19 мың адам тұратын қалған 102 ауылға интернет аса қажет. 25 елдімекенді интернетке биыл, 2023 жылы қосу жоспарланған.

Айтып өту керек, Ақтөбе облысы қараша айынан бастап республикада алғаш болып ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қолдауға арналған «Ауыл аманаты» жобасы аясында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы бастау алды. Жобаның басты мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтап кеткен білім деңгейін теңестіру.