
Аудандық мәслихат сессиясындағы басты тақырып Қобда ауданының әкімі Болат Куловтың есебі болды. Аудан басшысы халық қалаулыларының алдында берген есебінде алдымен жүзеге асып жатқан іргелі инвестияциялық жобаларға тоқталды. Әкімнің есебінен биылғы жылы аудандық маңыздағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге қомақты қаржының бөлінгені белгілі болды. Осы жылы ауданда алғаш рет ауылдарда асфальт төселе бастайтынын алға тартты. Талдысай, Бестау, И.Білтабанов ауылдарында, Қобдада Көпжасаровтар, И.Білтабанов көшелеріне тас жол төселетінін айтты. Ауылдық округтердің бірқатарында спорт алаңдары жасақталып, биыл барлық ауылдық округтерде спорт алаңдарын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Халықтың көкейіндегі күрмеулі мәселенің бірі - ауыл халқын көгілдір отынмен қамту мәселесі де жүйелі шешімін тауып, Сарбұлақ ауылына газ құбырының тартылғанын, Жарсай, Жаңаталап, Терісаққан ауылдарын газдандыру жұмысының басталғаны туралы баяндады. Талдысай, И.Білтабанов ауылдарында ауыл іші көшелері күрделі жөндеуден өткен. Терісаққан ауылында орта мектептің құрылысы, Қобдада прокуратура ғимараты мен музейдің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. 10 мың гектарға егінге дәнді дақылдар егілсе, төрт түліктің де саны артқан. Исатай Тайманұлының кесенесіне ескерткіш тастар орнатып, шырақшы үйін салу, Бұлақ ауылында мұражай салу сынды жұмыстарды баяндады. Аудан әкімінің жұмысына оң бағаларын берген халық қалаулылары, келесі сессияның күн тәртібін бекіту, бюджетке өзгерістер енгізу сынды мәселелерді де жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.