
Аудан әкімі Б.Куловтың ауылдық округтерге кезекті іс-сапары Жиренқопа, Сөгәлі, Жарық ауылдық округтерінде жалғасты. "Қобыланды батыр" мемориалды кешенінде батырдың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Содан соң ауыл дүкендерінің бағаларына шолу жасап, жергілікті дүкеншілерге негізсіз бағаны өсірмеу қажеттігін ескертті.
Жиренқопа ауылындағы "Ашық әкімдік" ғимаратының жұмысымен танысу барысында ауыл әкіміне ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуді ұйымдастыруды және кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Сөгәлі ауылдық округінің Қоғалы ауылына іс-сапар барысында таза ауыз су мәселесін шешу мақсатында орнатылған блокты модулді кешенді қарады. Бұл кешен 200-ден төмен халқы бар ауылдарға арналған. Дәл осындай кешен осыған дейін Қанай ауылында іске қосылған болатын. Алдағы уақытта Қаракемер, Ақсай, Қосөткел, Бұлақ ауылдарын қамту жоспарда бар.
Сондай-ақ, Сөгәлі ауылдық округіне іс-сапары барысында ауыл тұрғындарымен кездесіп, өзекті сұрақтарды талқылады.
"Қазақстан" ЖШС мен Жарық ауылдық округіне барып шаруашылықтар игілігін көріп отырған көлтабанды суармалы жерлердегі суданка шөбінің шығымын қарап, жергілікті шаруалардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.