9 мамыр - қасиетті де ұлы мереке, Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Бұл күн - қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі.
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Біздің ауданымызда да Ұлы жеңіс күні ұлағаты мол іс-шаралармен астасты. Аудан әкімі Болат Құлов бастаған лауазымды азаматтар да Ұлы жеңісті жақындатуға ат салысқан тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Мәңгілік ел саябағында орналасқан батырлар мемориалы жанында митинг өтіп, Ұлы Отан соғысындағы аға ұрпақтың жанқияр ерлігі жайлы тағылымы мол сөздер айтылды. Аудан басшысы бастаған лауазымды азаматтар, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аға буын өкілдері Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі Болат Құлов мереке күні бірқатар тыл ардагерінің шаңырақтарына барып, құттықтап, өз жылы лебізін білдірді. Жеңіс күніне арнайы шығарылған мерекелік төсбелгіні табыс етті. Мереке күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарапынан онлайн концерт ұйымдастырылды.