МОЛШЫЛЫҚ ПЕН ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

МОЛШЫЛЫҚ ПЕН ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Сенбі күні облыста өткен молшылық пен тоқшылықтың мерекесі -ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мейрамы - сәрсенбінің сәтінде Қобда ауданында өткен салтанатты шараға жалғасты. Мәдениет үйінің ғимаратында өткен салтанатты жиында үздік ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары, үздік бағбандар мен дихандар, механизаторлар мен бақташылар бас қосты. Мереке иегерлерін аудан әкімі Болат Құлов құттықтап, олардың ерен еңбегінің аудан экономикасының дамуындағы маңыздылығына тоқталды. Осы жылы Қобда ауданының үздік ауыл шаруашылығы ауданы атағын алып, биіктен көрінуі де сол ерен еңбектің лайықты бағасы екенін айтты. Үстіміздегі жылы ауданымызға миллиардтан аса инвестиция тартылып, мал бордақылау, мал өнімдерін өңдейтін жобалардың қолға алынғанын алға тартты. Салтанатты шарада аудан әкімі Болат Құлов ауылшаруашылығы саласының үздіктерін алғыс хатпен марапаттады. Ет пен сүт, ас атасы нан өндіретін еңбек майталмандарын құрметке бөлеген шарада Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Абтиев Асылхан, Қобда аудандық мәслихатының хатшысы Жанболат Ерғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағамбетов құттықтап, арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.  Ауыл еңбеккерлерінің құрметіне қобдалық өнерпаздар әннен шашу шашты. Сахнаны көрерменнің көзайымы «Қарлығаш» би ансамблі мың құбылған бимен безендірді.