Меню

Страницы

Статья

ҚОБДА АУДАНЫНЫҢ 2021 ЖЫЛДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЖӘНЕ 2022 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕРІ ТУРАЛЫ

Құрметті жерлестер! 2021 жыл еліміз үшін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен айшықталды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы мен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына және облыс әкімі О.С.Оразалиннің тапсырмаларына сәйкес ауданымызда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту мақсатындағы мәселелер шешімін тауып, кешенді іс-шаралар жалғасын тапты.

Аудан экономикасына 6,7млрд теңге көлемінде инвестиция  тартылып, өсім 106,3%-ды құрады. Жергілікті бюджетке 882,5 млн теңге салық түсіп, өсім 140,3%, орташа айлық көлемі 151640 теңге жетті. Өсім 111,9%.

 

         АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ

         Ауылшаруашылығы саласындағы өндірілген жалпы өнім көлемі – 30,2 млрд. теңгені құрады, өсу қарқыны 105,0%.  Мал басының өсу динамикасы мүйізді ірі қара малы 57 569 бас (120,7%), қой-ешкі 150 521 бас (117,8%), жылқы 22 949 бас (132,9%), құс  59 498 басқа дейін (111,2%) өсті.

         Малды асылдандыру бағытында 2021 жылы ауылшаруашылық құрылымдарымен 1962 бас ірі қара, 4236 бас қой сатып алынып, нәтижесінде аналық малдың тұқымдық түрлендіру пайызы ірі қара 48,5 %, ұсақ мал 30 %-ға жетті.

Көктемгі егіс жұмыстары уақтылы жүргізіліп, минералды тыңайтқыштар мен химиялық өңдеу жұмыстарының нәтижесінде 10900 га алқаптан 9771 тонна астық, 4050 га майлы дақылдан 2065 тонна өнім, 245 га алқаптан 5915 тонна картоп өнімі, 196 га көкөніс алқабынан 4783 тонна өнім алынды. Мал азығы дақылдарынан 940 га-дан  774 тонна (гектарынан 8,2 центнер) өнім жиналды. Биылғы жылы  49 637 га жерде көктемгі егіс жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 10340 га дәнді дақылдар, 5250га майлы дақылдар, 33443 га мал азығы дақылдары,  604га картоп-көкөніс.

 

Мал азығына өнімділік пен суармалы жерлердің көлемін арттыру мақсатында 12 жобаны іске қосу үшін  2021 жылы 896 млн теңге қаражат бөлініп, 4 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Мал қыстату кезеңіне 246 300 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 100%-ға  орындалды.

Шаруашылықтар жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып келеді. Өткен жылы 142 дана ауылшаруашылық техникалары сатып алынып, жоспар 179 %-ға орындалды.

Аудан бойынша мемлекеттік бағдарламалар арқылы репродукторлық, якорлық шаруашылықтар мен мал бордақылау алаңдарын ашу мақсатында жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын                  9 жоба іске қосылып, 65 жаңа жұмыс орындары ашылды. 2022 жылы «Қобда milk» инвест жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Ауданда эпизоотиялық ахуал тұрақты. Мал ауруларының алдын алу мақсатында аудан бойынша барлық екпе егу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Терісаққан, Жарық ауылдарында бруцеллез ауруына байланысты шектеу шаралары енгізіліп, сауықтыру жұмыстары жүргізілді.

Есепті мерзімде 94 жер пайдаланушыға конкурстық тәртіп негізінде 141,5 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері беріліп,  айналымға енгізілді. Ал 34 жер пайдаланушы 68,3 мың га жер учаскесін өз еркімен мемлекеттік жер қорына қайтарды.

Социалистік Еңбек Ері А.Әкімжановтың 100 жылдығына орай биылғы маусым айында «Шопандар слетін» өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шара еңбек адамдарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылмақ.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

Ауданымызда шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып, тіркелген 1486 кәсіпкерлік субъектісінің 1452-і немесе 98% белсенді жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге кәсіпкерлік саласында 2119 адам жұмыс жасауда,  өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 4,9 млрд теңге, 125,4 % өсімді құрап отыр.

  Кәсіпкерлік  субъектілерін  қолдауға  арналған «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 47 жобаға 260,6 млн.теңге көлемінде пайыздық мөлшерлемелері субсидиялау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік грант бөлу жұмыстары  жүргізілді. Көрсетілген мемлекеттік қолдау нәтижесінде              7 кәсіпкерлік нысан (кафе, газ құю бекеті, сауда үйі, т.б.) іске қосылып, 28 жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылы құс фермасы мен жиһаз цехын іске қосуға тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан тұрғындарына қолжетімді бағамен ауылшаруашылық өнімдерін ұсыну мақсатында жыл бойына 52 ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 91,8 млн. теңгенің өнімі сатылымға шығарылды. Баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауданда негізгі азық-түлік түрлеріне 10 % үстеме баға сақталып, тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға арналған Кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан бойынша 2933 азамат «Еңбек» бағдарламасының белсенді іс-шараларымен қамтылды. Соның ішінде  69-ы қысқа мерзімді  оқыту курстарына, 175-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 126-сы жастар тәжірибесіне, 374 жас «Жасыл ел» бағдарламасына, 371 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға  тартылды. Техникалық және кәсіптік оқуларға 59 жас түлектеріміз жолданды.

«Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздерінің оқуын 112 азамат аяқтап, оның 40-ы мемлекеттік грантқа ие болды. 7-еуі шағын несие алды. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру» үшін 84 азаматқа                   49 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 15-і аз қамтылған, 26-сы жастар, 10-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес   65 азамат 432,1 млн. теңге көлемінде шағын несие алып, жоспар 101 %-ға орындалды. Нәтижесінде  774 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жыл көлемінде халық көп жиналатын орындарда 24 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өтіп, халықты жұмыспен қамтудың белсенді іс-шаралары қабылданды.

         83 отбасы, 411 адамға 23,5 млн теңге көлемінде  атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 1 мен 6 жас аралығындағы 115 балаға 4,7 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама пакеті берілді. Өмірлік қиын жағдай туындаған 38 отбасыға тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үйлерін жөндеуге,  көгілдір отын кіргізуге, көмір отынын сатып алуға, балаларын емдеуге, жалпы соммасы 3,6 млн. теңгені құрайтын әлеуметтік көмектер көрсетіліп, бұл жұмыстар демеушілік көздерінен де жүзеге асты.

Ел тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығына арналған республикалық «30 қайырымды игі іс» акциясына сәйкес 537 отбасыға 7,4 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмектер көрсетілді.

 «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық бағдарламасын орындау мақсатында аудан орталығынан ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы өз жұмысын бастады.

 

БІЛІМ  CАЛАСЫ

Аудан бойынша білім сапасы - 65 % (2020 жылы 61,4 %). ««Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында 46.9 млн теңгеге 5 мектептің (Ә.Молдағұлова атындағы ОМ, Ақырап ОМ, И.Білтабанов ат.ОМ, Қобда қазақ ОМ, Бегалы НМ) материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды.  100 млн. теңгеге     Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы Өтек негізгі мектебін күрделі жөндеуден өткізіп, Терісаққан ауылындағы 60 орындық мектеп ғимаратының құрылысы аяқтаймыз.

 «Кедергісіз келешек» жобасы аясында инклюзивті білім беру саласында тең мүмкіндіктер жасау мақсатында Қобда қазақ орта мектебінен 438 мың теңгеге ерекше жағдайды қажет ететін оқушыларға арналған арнайы кабинет ашылды. Мұнда логопед, психологтар жұмыс жасайды. Рecурcтық oртaлық бiлiм бeру жүйeci базасындағы шағын жинақты мектептердің оқушыларын тасымалдау үшін 17.2 млн теңгеге ВАЗ автобусы сатып алынды. 

 Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту көрсеткіші 100%. Өздеріңізге белгілі биылғы жыл «Балалар жылы» болып белгіленді. Осыған орай аудандық өнер мектебінің алаңынан балаларға арналған «Өнер аллеясын» ашу,  Талдысай, Бесқұдық ауылдарынан балаларға арналған ойын алаңдарын ашу жоспарланып отыр.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты аудан бойынша короновирус инфекциясына шалдыққан 724, вирусты пневмонияға шалдыққан 111 жағдай тіркелді. 714 науқас жазылып, 10 адам қайтыс болды. Ересектер арасында ауданда 9451  тұрғын COVID 19 қарсы  вакцина алуға жоспарланды. Бүгінгі таңда 10050 адам егілді.

Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар және жасөспірімдер (12-17 жас) арасында індетке қарсы «Комирнати»  (Пфайзер) вакцинасымен 382 адам егілді. Қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін екпенің маңыздылығын түсінуіміз керек, себебі өткен жүзжылдықта шешек, қызылша, тырысқақ, қызба, оба, сүзек, безгек сынды жұқпалы ауруларға екпе алу арқылы ғана тойтарыс берген.

Аудан бойынша 2021 жылы 287 нәресте  дүние есігін ашып, ана өлімі тіркелген  жоқ. Туберкулез ауруының алдын алу мақсатында 1904 адам тексеруден өтті. 8578 адам скринингтік профилактикалық-медициналық тексерумен қамтылды.

Сапалы медициналық көмек көрсетуде денсаулық сақтау саласын мамандандырылған қажетті кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Дегенмен аудан бойынша онколог, педиатр дәрігерлер, ауылдарда (Көкүй, Қанай, Ақсай т.б.) медбикелер әлі де жетіспейді. Қазіргі уақытта бұл мәселені оңтайлы шешу үшін әзірше аудан орталығынан мамандар кезекшілік арқылы ұйымдастырылуда.

 «Ауыл ел бесігі» бағдарламасына сәйкес 67,7 млн теңгеге И.Білтабанов ауылында жаңадан  дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріліп, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы 40,9 млн теңгеге жаңартылды. "Халық" қайырымдылық қорымен 22,2 млн теңгеге 1 реанимобиль  алынды.

Сонымен қатар Қызылжар ауылының медбикесі Кеффер Ольга ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен нәтижелі еңбегі үшін «Шапағат» медалімен наградталып, ауданымыздың мерейін арттырды.

СПОРТ

Ауданда бұқаралық спортпен тұрақты түрде 6220 адам (34%) айналысады. Өткен жылы бюджет есебінен Сарбұлақ, И.Білтабанов, Өтек ауылдарында, демеушілік есебінен Ақырап, Талдысай ауылдарында заманауи спорт алаңдары орнатылды. 2022 жылы Әлия, Терісаққан,  Жаңаталап, Қоғалы және Бегалы ауылдарында бұл жұмыстар жалғасын табады. Сонымен бірге 11 ауылдық округте бұқаралық спортты дамыту үшін 2021 жылдың 1 желтоқсаннан бастап спорт нұсқаушыларына штат бірлігі бөлініп, өз жұмыстарын бастады.

Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 6, облыстық жарыстарда 28 спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрініп, спорттың бокс, кикбокс, жеңіл атлетика, еркін күрес түрлерінен 6 спортшымыз «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды.

 

МӘДЕНИЕТ

 

Мәдениет саласындағы барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, ел тәуелсіздігінің еңселі 30 жылдығына негізделді.

Халық Батыры, ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы И.Тайманұлының 230 жылдығына орай «Ердің сойы – Исатай» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциясы, «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты аймақтық ақындар айтысы, қобдалық ақын, дарынды аудармашы, публицист А.Өтегеновтың 70 жылдығына орай облыстық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

 «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 82,5 млн  теңгеге И.Білтабанов атындағы ауылдық клуб ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жергілікті бюджет есебінен 34,6 млн теңгеге аудандық мәдениет үйі ғимаратының қасбетін жөндеу, аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге аудан орталығынан өлкетану музейі салынып, Бұлақ ауылында демеушілікпен музей-үйі бой көтерді. Биылғы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен 52 млн теңгеге Ақырап ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткіземіз.

  Есепті мерзімде жергілікті бюджеттен 2,7 млн теңге қаржы бөлініп, оқырмандардың сұранысы қамтамасыз етіліп, аудандық кітапханалардың қоры толықтырылды.

ЖАСТАР САЯСАТЫ

         Ауданда 14 пен 29 жас аралығында 4322  жас бар. Бұл барлық аудан тұрғындарының 23%-ын құрайды.

          «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында 37 маманға көтерме жәрдемақы, 8 маманға тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау көрсетілді.

         Аудандық жастар ресурстық орталығының жанында 3 волонтерлық тобы жұмыс жасайды, ерікті жастардың қатысуымен жыл бойына 21 қайырымдылық, 22 мәдени, 10 спорттық, 25 қоғамдық шара ұйымдастырылды.

Өзекті мәселелердің бірі – жастарды әскерге жіберу. Өкінішке орай жыл  сайын отан алдындағы борышын өтеушілердің саны азайып келеді. Бұлай жалғасын таба берсе елімізді кім қорғайды? Бұл батырлар мекені үшін үлкен сын!

 

 

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жайлы аудан» бағытына сәйкес тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында аудандық бюджет есебінен Әлия ауылында 2 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жеке азаматтар тарапынан 9 227 шаршы метр тұрғын үй салынды. 2022 жылы аудан орталығынан барлығы 32 пәтерді құрайтын 2 жалдамалы коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, Өтек ауылынан ауылдық округі мен учаскелік полиция инспекторына арнап 2 пәтерлік қызметтік тұрғын үй салынады. Есепті мерзімде аудан орталығында өрт сөндіру бекеті, тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны, әкімшілік ғимаратының құрылысы жүргізіліп, Қобда ауылының өндірістік аумағына электр желісі тартылды. Жүргізілген жұмыстарға сәйкес жалпы құрылыс-монтаж  жұмыстарының көлемі  3,9 млрд теңгені құрады.

Елді мекендерді сапалы таза ауызсумен қамту жоспарына сәйкес 4 ауылда (Қанай, Қоғалы, Қаракемер, Ақсай) блокты-модулді кешендер орнатылып, тұрғындардың сапалы таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 84 %-ға жетті. 2022 жылы Жарсай ауылына су құбыры құрылысы жүргізіліп, 4 ауылға (Қосөткел, Бұлақ, Құрсай, Байтақ ) блокты-модулді кешендер орнатылады.   

Ақтөбе облысының елді-мекендерді газдандыру жөніндегі аймақтық жоспарға сәйкес өткен жылы Сарбұлақ ауылына көгілдір отын тартылып, Терісаққан, Жарсай, Жанаталап елді мекендерін газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Бұлақ, Қосөткел ауылдарын газдандыруға жобалар дайындалуда.

Жолдардың сапасын жақсартып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесін арттыру жоспарына сәйкес өткен жылы жалпы құны 705 млн теңгені, ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын 4 елді мекеннің (Талдысай, Бестау, Білтабанов, Қобда) 7 ауылішілік жолдары жөндеуден өтті.

2022 жылы Қобда ауылында Қобыланды және Есебулатов көшесінің орташа жөндеу жұмыстары, Ақырап ауылында 3 көше, Бесқұдық ауылының орталық көшесін жөндеуден өткізу жоспарымызға енгізіліп отыр. Бөлінген қаржы көлемі 457 млн теңге. Сонымен бірге И.Білтабанов, Бестау, Терісаққан, Бегалы ауылдарына кіреберіс автомобиль жолдарын жөндеуге республикалық, облыстық бюджеттерден 1 млрд 200 мың теңге қаражат қарастырылып отыр. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жарық, Қызылжар, Сарбұлақ  және Жарсай кіреберіс автомобиль жолдарын жөндеуге қажетті жобалық құжаттар дайындалуда.

2021 жылы Әлия, Талдысай, И.Білтабанов, Қобда, Егіндібұлақ ауылдарында заманауи түнгі жарықтандыру шамдары орнатылып, 2022 жылы Бесқұдық ауылының көшесін жарықтандыру көзделіп отыр.

Алдағы уақытта атқарылатын барлық жобаларға халықтық бақылауды жүргізу үшін ауданымыздың белсенді азаматтарын бей-жай қарамай атсалысуға шақырамын!

ҚОҒАМДЫҚ –САЯСИ АХУАЛ

Ауданда қоғамдық саяси және діни ахуал тұрақты. Алайда жыл басында еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, содырлар мен теріс діни ағымды ұстанушылар бейбіт шеруге шыққан халықтың талаптарын бұрмалап, өздерінің арандатушылық іс-әрекеттерін жүзеге асыруға тырысты. Дегенмен бүлікшілердің мақсаты жүзеге аспай, тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмей, елдігімізді сақтап қала алдық. Халық үніне құлақ асу, туындаған мәселелерді жан-жақты зерделеу, теріс діни ағымдардың жолын кесу біздің барлық уақытта да басты ұстанымымыз болып қала бермек.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында instagram және facebook әлеуметтік желілерінде аудан әкімдігінің ресми парақшалары жұмыс жасайды. Жыл басынан бері әлеуметтік желілердегі пабликтерде 20 сыни пікір жарияланып, барлығына уақтылы жауаптары берілді.

 

ҚОҒАМДЫҚ  ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП

2021 жылдың қорытындысы бойынша криминогендік ахуалды тұрақтандыруға, қылмыстың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 23%-ға (98-ден 75-ке дейін), жалпы ұрлық саны 26%-ға (28-ден 20-ға) төмендеді. Мал ұрлығының саны 45%-ға (22-ден 12-ге) азайды. Ал қараусыз жайылып жүрген малдардың себебінен 16 жол-көлік апаты орын алып, кәмілеттік жасқа толмаған жастармен жасалған қылмыстар саны өкінішке орай 1 жағдайға  көбейді. Бұл қоғам болып алаңдайтын жағдай.

 

 «ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ

 

2021 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық саны 250 адамнан асатын елді мекендерді мобильді 3G интернетпен қамту жоспарына сәйкес Құрсай, Жаңаталап ауылдары ұялы байланыспен және мобильді интернетпен қамтылды.

4-10 Мбит/с. жылдамдығымен интернет желісі Қобда, Ақырап, Жарық, Өтек, Қызылжар, Қаракемер, Бұлақ, Құрсай, Сарбұлақ, И.Білтабанов, Бестау, Жарсай, Ақсай, Бегалы, Егіндібұлақ, Жиренқопа, Қоғалы, Терісаққан, Жаңаталап ауылдарындағы мемлекеттік мекемелерге және жеке тұрғын үйлерге жүргізіліп, ауданның елді мекендерін интернетпен қамту көрсеткіші 90 %-ға жетті.

2022 жылы Талдысай, Әлия, Жарсай ауылдарының 3G интернет сапасын жақсарту жоспарымызда бар.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Есепті жылы мемлекеттік қызметтердің 83 түрінен 5,3 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үлесі 83,8 % (2020 жылы – 63,4 %) құрады.

Аудан орталығы Қобда ауылында және Жиренқопа ауылында  тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалып, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу  мақсатында «Сервистік әкімдік» ашылып, қызмет көрсетуде. 2022 жылы барлық ауылдық округтерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары толығымен жабдықталып, Әлия, Талдысай ауылдарынан «Сервистік әкімдік» қызметін ашу жоспарланып отыр.

 

ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, тиімді кері байланыс орнату, тұрғындардың қажеттілігіне жедел әрекет ету – жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі басты қағидат. Жыл бойы жеке қабылдауға келген 73 азаматтың тарапынан 17 тұрғын үй, 27 жер, 18 жұмыс және әлеуметтік қамту мәселелері, 11 әр түрлі сұрақтар көтерілді. Осы аталған сұрақтар бойынша 51 азаматтарға түсіндірме жүргізіліп, 22 мәселе өз шешімін тапты.

          АУДАН ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ 2021 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУЛЕРІНДЕ ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН          БАРЛЫҒЫ 121 сұрақ пен ұсыныс, оның ішінде 20 сұрақ - жер, 6 сұрақ - ветеринария саласы, 15 сұрақ - жол жөндеу, 5 сұрақ - ұялы байланыс сапасы, 8 сұрақ - денсаулық сақтау саласы (кадр жетіспеушілігі), 13 сұрақ - білім саласы, 10 сұрақ - ауыз су-газ  мәселелері және 44 өзге де мазмұндағы ұсыныс көтеріліп, бүгінгі күнге 19 сұрақ бойынша тиісті шаралар қабылданып, шешімін тапты. 52 сұраққа ауызша түсінік беріліп, қанағаттандырылса, 50 сұрақ ұзақ мерзімді сұрақтарды шешу бойынша іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынды. Алдағы уақытта шешімін табатын болады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қадірлі жерлестер! Аудан көлемінде атқарылған нәтижелі жұмыстарымыз қобдалықтардың ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асты. Кейбір жұмыстар қаржыны, уақытты талап ететіні анық. Барлық саладағы жұмыстарымыздың сапалы орындалуы үшін барша қобдалықтар болып «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» тұжырымдамасының төңірегіне топтасуымыз тиіс. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

Дата публикации
27 февраля 2022
Дата обновления
27 февраля 2022
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

16 октября 2026
Өмірдің әр кезеңінде қаржылық тұрақтылық маңызды.
13 октября 2026
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
13 октября 2026

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы