Демократиялық басқаруға бет бұрған еліміздің қоғамдық өмірінде сайлау үдерістерінің маңызы айрықша. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі аса бір маңызды оқиғаны ұйымдастыруға жауапты сайлау комиссиялары мүшелерінің заңнамалық тұрғыдан сауаттылығы да үлкен маңызға ие. Сайлау үдерістеріндегі заңнамалық өзгерістер, комиссия мүшелерінің құқығы, сайлаушылармен қарым-қатынас Қобда аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған семинар-жиынның өзегі болды. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразова төрағалық еткен жиынға учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері құрамдары қатысты. Комиссия мүшелерінің сайлаушылармен, сенімді өкілдермен, байқаушылармен қарым-қатынасын дамыту, түрлі даулы жағдайларда өзін қалай ұстау бойынша нұсқаулар түсіндірілді. Елімізде бірінші рет өтейін деп тұрған ауылдық округтердің әкімдерін халықтың тікелей сайлауын ұйымдастыруға қатысты сайлау заңнамаларындағы өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Сайлауды ұйымдастырушылардың кәсібилігін жоғарылатуды көздеген жиында нормативтік актілерге, байқаушыларды орналастыруға қатысты сауалдар қойылып, жауаптары берілді
Әлия Утешева
«Qobda» газеті №28