Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанды IT-елге айналдыруды міндеттеген болатын. Ол үшін бірінші кезекте еліміздің әр өңірін, соның ішінде шалғай елді мекендерді де сапалы байланыс жүйесімен және интернетпен қамту маңызды. Президент тапсырмасын орындау аясында Қобда ауданында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде ауданның 80 пайыздан астам аумағы ұялы байланыс және мобильді интернетпен қамтылған. 31 елді мекеннің 25-іне байланыс мұнаралары қолжетімді. Келер жылы бұл көрсеткішті 93 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев мәлімдеді.
«Өткен жылы Жарсай-2, Бұлақ ауылдарына, биыл Байтақ, Қобда ауылдарына ұялы байланыс мұнаралары орнатылды. Қазіргі таңда ауданның Өтек және Ортақ ауылдарына да талшықты оптикалық байланыс жеткізу үшін тиісті құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтуде. Осылайша, келер жылы ауданның ұялы байланыс жүйесімен қамтылу үлесі 93 пайыздан асады деп жоспарлап отырмыз» - деді спикер.
Әкім, сондай-ақ, ауданның шаруа қожалықтарына электр желісі жүргізілетінін мәлімдеді. Биыл Жарсай ауылына қарасты «Сая» шаруа қожалығына электр жабдықтаудың сыртқы жүйелері салынып, 49,8 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ауданда осындай тағы 3 жоба мақұлданған. Олар келер жылы жүзеге асырылмақ.