Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай мәлімдеді.
Айбек Қойшыбайұлы Басқарманың ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстарының қорытындысымен бөлісе келе, жыл басынан бері 17 аса қауіпті ауруға қарсы жануарлар мен құстарды вакцинациялау бойынша жоспар толығымен орындалып, 9 млн 652 мыңнан астам вакцинация манипуляциясы жүргізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар жыл басынан бері 526 581 бас ірі қара мал тексеріліп, жұқтыру деңгейі 0,5% құраған. Оң нәтиже көрсеткен мал санитарлық союға жіберілген. Бруцеллез анықталған аймақтарда 59 мыңға жуық шаршы метр аумақта дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
«Биыл облыс аумағында 8 аса қауіпті ауру ошағы тіркелді: 2 пастереллез, 4 құтыру және 2 қарасан. Бруцеллез бойынша 5 ошақ тіркелген, оның ішінде Байғанин ауданында – 3, Мәртөк ауданында – 1, Әйтеке би ауданында – 1. Қазіргі таңда 2 ошақта сауықтыру шаралары жүргізілуде» - деді басқарма басшысы.
Облыс бойынша жоспарланған ауылдық округ орталығына салынатын 45 модульдық ветеринариялық пункттерге жергілікті әкімдіктер тарапынан жер бөлу жұмыстары жүргізілген.
«Қазіргі таңда Ырғыз ауданының Қызылжар ауылында, Мәртөк ауданының Жайсаң, Байторысай ауылдарында, Ойыл ауданының Көптоғай, Саралжың ауылдық округтерінде ветеринариялық пунктер ашылды. Ағымдағы жылы облыс аумағында 10 ветеринариялық пункт салу жоспарлануда»-деді Айбек Сембай.
Бұдан бөлек осы жылы салынатын 14 типтік мал қорымының 4-іне сметалық жобалық құжаттар жасатуға қаржы бөлінген, қалған 10 типтік мал қорымының сметалық жобалық құжаттарын жасақтау жұмыстарына қаржы бөлу қарастырылуда.