
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы мемлекеттік қызметке кіру жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар шаралар іске асады. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Біріншіден, Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектерді оқуды аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде, Астана қаласын қоспағанда, жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылған.
Екінші жаңашылдық, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.
Үшіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі берілетін болады.
Төртіншіден, 2 тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған мемлекеттік қызметшілер лауазымынан төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады.
Сондай-ақ, 2023 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке онлайн режимде іріктеуді пилоттық сынақтан өткізеді.
Пилот 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда өтетін болады: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері.
Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Есімбаев.