
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қарғалы ауданында болып, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында өңір басшысы Ащылысай ауылындағы газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, оларды ауыл өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады. Өз кезегінде ащылысайлықтар көптен күткен көгілдір отынның келуіне ризашылықтарын бiлдiрдi. Ауылда 218 тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан бар, қазіргі таңда 150 үй ауылішілік газ құбырына қосылды. Қарғалы ауданында барлығы 15 елді мекен бар. Ащылысай - газбен қамтылған тоғызыншы ауыл. Келер жылы Әлімбет ауылы газдандырылмак.
«Ақтеп» ЖШС базасында облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, олардың көкөніс өнiмдерiн сақтау қоймасының жұмыстарымен танысты. Тауар өндірушілер өз кезегінде ең өзекті мәселелер туралы айтты. Мәселен, кей талаптардың өзгеруіне байланысты көптеген омарташы соңғы 3 жыл бойы алып келген субсидиясынан биыл қағылған. Балық шаруашылықтары жем - шөп базасын калыптастыруға көмек сұрады.
Балық шаруашылығымен ұзақ жылдардан бері айналысып отырған «Ардағым» шаруа қожалығының жұмысын өңір басшысы оң бағалады. Мұндағылар бекіре мен тұқы балықтарын өсіретіндіктерін, тоғандарына Қарғалы су қоймасынан жыртқыш балықтардың түсуіне жол бермеу үшін балық тосқауылын орнату проблемалық мәселе болып отырғанын жеткізді.
Аймак басшысы көтерілген мәселелердің барлығы қосымша зерделенетінін, жергілікті атқарушы органдардың шаруа және фермер қожалықтарын қолдауға көмектесетінін алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімінің «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған аса маңызды жобасына қатысу туралы үндеуін ауданның ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерi қолдады. Мәселен, картоп өсірушілер жобаға қатысушыларға сауда несиесі шартымен картоп тұқымының ең жақсы сұрыптарын сатып алуға көмектесуге дайын екендіктерін айтты.
Қарғалы ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы сомасы 4,1 млрд. теңгені құрайтын 1535 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде мал және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, шағын кәсіпкерлікті дамыту жобалары бар.
Облыс әкімі өнімді қайта өңдеуді жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Бұған «Степное» ЖШС шикізатты тиімді өңдеудің үлгісі бола алады. Кәсіпорында дәнді және мал азықтық дақылдар, асылтұқымды мал өсіріледі және еттен жартылай дайындалған фабрикаттар мен макарон өнімдерін шығаратын бірнеше цех жұмыс істейді.
-«Ауыл аманаты» жобасы мал басын көбейтуді көздейді, яғни міндетті түрде қайта өңдеу орны болуы керек. Басқа ірі мал шаруашылықтары «Степное» тәжірибесін үйреніп, өзара тәжірибе алмасуы қажет. Жалпы, бүгінде облыс аудандарында мұндай кәсіпорындардың жоқтығын үлкен мәселе деп есептеймін. Сондықтан ет, сүт, келешекте көкөніс өнімдерін өңдеу бірлесе жұмыс істейтін сала, – деді Ералы Тоғжанов.
Бадамшада аймақ басшысы 60 пәтерлік бес қабатты үй мен бассейні бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты әлеуметтік нысандардың құрылысы уақытша тоқтатылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданып, жыл соңына дейін аяқталатыны айтылды.
Аймақ басшысы аудандық орталық ауруханада болып, дәрігерлермен және науқастармен кездесті. Адам жанына араша болуда талмай еңбек етіп жүрген ауданның медицина қызметкерлерінің ісіне табыс тіледі. Сонымен бірге аудандық аурухана басшылығына Қосестек, Степное және Ащылысай ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың ескі жедел жәрдем көлігінің орнына жаңа 3 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыс етті.
Қарғалы – ақпарат.