
Күз келісімен ауыл-аймақта қызу қозғалыс жанданып, жаз бойғы шаруаны тиянақтау, сөйтіп алдағы қысқа қапысыз әзірлікпен түсу қамындағы қарбалас басталады.
Өнім жиналып, алдағы кезеңге дайындықтар сараланып, жыл басында алға қойылған міндетті жұмыстардың нәтижесіне баға беріліп, әлі иі қанбаған кем-кетікті тірліктер түзетілер шақ бұл.
Осы орайда аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ауылдық округтерде болып, жасалған жұмыстарды көзімен көріп, жергілікті басшылықтарға нақты тапсырма беріп келген болатын.
Өткен аптаның сәрсенбісінде осындай кезекті сапар аудан орталығы Бадамшада жалғасын тапты.
Бірқатар нысандарды арлаған аудан әкімі орталық саябақта болып, осында баптап-күту жұмыстарын атқарып жүрген еңбек адамдарымен кездесті, олар атқарған шаруаларға ризашылығын білдірді. Қысқа дайындыққа қатысты бір қатар тапсырмалар белгіледі.
Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабылдинге атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуын ескеріп, алдағы жоспарларға қатысты нақты ұсыныстар беріп, алдын ала қамдануды да тапсырды. Ауыл іші жолдарының жанынан жаяу жүргіншілер жолын төсеу де күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.
Аудан басшысы қай істің де сапалы атқарылуына назар аудару қажеттігін айтты. «Ең бастысы — біздің пайдалануға берген іс-шараларымыз тұрғындардың қолайлы тіршілігіне, сапалы өмір сүруіне әсеретуі тиіс, соны ескеріңіздер» деген ол өзінің орынбасары Бақыт Айдосовқа жоспарлы жұмыстың мезгілінде, жоғары деңгейде аяқталуын қадағалауды міндеттеді.
Қарғалы-ақпарат.