
«Отан отбасынан басталады». Ұлттық идеология да. Ел Президенті отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде Отбасы күні қырқүйек айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Яғни, бұл атаулы күн биыл 12 қыркүйекке сәйкес келді.
Әрине отбасыныңең маңызды қызметтерінің бастысы — тәрбиелеу екені сөзсіз. Оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесіде алмастыра алмайды дегенді ескерсек, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасымен некенің жағымды үлгісін үлгі етуге отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейліотбасы» байқауы мамырда өткізіліп, отбасы күні мерекесімен ұштастыра жеңімпаздардың мәртебесін көтеруде де көп мән жатыр.
Осы орайда өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде тәртібі темірдей карантин талаптарын сақтай отырып, аталған байқауға қатысып, аудандағы ауылдық округтерден жиналып, бақ сынаған талапкерлердің оза шыққан жеңімпаздары марапатталды.
«Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын аудан әкімі Асқар Жүсібалиев құттықтап, ризашылығын білдірді.
Аудандық кезеңде топ жарып, жеңімпаз атанған Б.Ізбасаровтар отбасы облыстық кезеңде «Бірлік босағасы» номинациясына ие болды. Ащылысай ауылдық округінен келген А.Ақбановтар отбасы II орынды иеленді. Ал велиховкалық Суважбаевтар отбасы мен С.Алмағамбетовтер отбасы III орынды өзара бөлісті.
Сонымен қатар, бадамшалық Б.Шамбаевтар мен қосестектік А.Досмағамбетовтердің отбасылары байқауға белсене қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты, сый-сияпаты табысталды.
Бақыт Имашев.