Бақытбек Сисенбайұлы 1984 жылы 24 шілдеде қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол 1991 жылы Мәртөк орта мектебін үздік бітіреді. Әкесі өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер болса, анасы отағасының көмекшісі, бес баланың бабын тапқан байсалды ана. Орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің «дәрігер болсам» деген арманымен Бақытбек Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің емдеу ісі мамандығына оқуға түседі. 2008 жылы оқуды тәмамдап, одан әрі интернатурада 3 жыл, сонан соң резидентурада білімін жалғастырады. Осы жылдар арасында ол жедел жәрдем ауруханасында еңбекке араласып, оқуды да қоса алып жүрген еді. Жас маман алғашқы жылдары тәжірибе жинап, шыңдалды.
Талай ақылшы ұстаздардан үлгі алып, білгенін көңілге тоқыған маман 2015 жылы Қарғалы аудандық ауруханасының хирургия бөліміне қатардағы маман болып келді. Мұнда да оны қайнаған еңбек күтіп тұрды. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар ақ халатты абзал жандардан жылы қабақ пен жанашыр қамқорлық күтері сөзсіз. Алдына келген әрбір жанға осындай ілтипат көрсете білген Бақытбек Сисенбайұлы дәрігерлік саладағы біраз жылдардағы тәжірибесі арқасында аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Қашанда сабырлы, кішіпейіл Бақытбек ұжымға ұйытқы, жасқа ақылшы болудан жалыққан емес. Өзі де үнемі ізденуден жалықпай, жұмыста шыңдала түсті.
Талапты маман жұмыспен қатар білімді жетілдіруді де естен шығарған емес. Мамандыққа қажетті жаңашылдықты көріп-білу мақсатында Қазақстан аумағында өтетін медициналық ғылыми конференция, тәжірибе алмасуларға уақыт тауып қатысып жүреді. Солардың бірі 2019 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен халықаралық хирургтер конгресі болатын. Осы сапарында медицинасы айтарлықтай дамыған елден көрген-түйгені мол болды.
Қажырлы да ізденімпаз маман бүгінде төрт баланың әкесі. Ол «Әке, мен өскенде сіз сияқты дәрігер боламын» деген балапандарының бала қия-
лына масаттанады. Зайыбы Айнагүл екеуі бір білім ошағы - медицина академиясының түлегі. Олар өмір академиясында да жарасымды жұп. Зайыбы да Қарғалы орталық ауруханасының «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» кабинетінің дәрігері. Анығын айтқанда, әдіскері деуге де болады. Жарасымды жұп, жұмыста әріптес, үйде балалардың ата-анасы. Еңбекқор Бақытбектің жетістіктері де көп. Еңбекке араласқан 2016 жылдан бүгінге дейінгі аралықта әр құрылымнан алған Алғыс хаттары жетерлік. Осындай марапаттардың анықтауышындай өңірінде 2019 жылы алған «Алтын дәрігер» медалі жарқырайды.
-Марапаттың төресі алдыма келген адамдардың аман-сау отбасына оралғандары, қуанышпен айтатын «Дәрігер, саған рахмет» деген бір ауыз сөзі. Одан артық марапаттың керегі жоқ, - дейді өз ісінің білгірі, ақ халатты абзал жан Бақытбек Сисенбайұлы. Бізде мереке алдында ел сыйлаған азаматтың отбасына бақ-береке тілеп, бір үйдегі қос дәрігерге еңбектеріңіз жансын дегіміз келеді.
Бақыт Имашев, Қарғалы ауданының «Құрметті азаматы».