GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Все материалы
22 октября 2026
Тұрғындарды қабылдау өтті

Бүгін Ырғыз ауданының әкімі Р. Өтешов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Тұрғындардың өтініштері мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, әрбір өтінішті заңнамада белгіленген тәртіппен қарап, шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.

21 октября 2026
Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өтті

Ырғыз ауданының әкімі Р. Өтешов Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында тұрғындар газдандыру, ауылдар арасындағы жолдардың жай-күйі және тұрғын үй мәселелері бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі көтерілген мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар жұмыс сапары аясында ауылдардағы әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты.

20 октября 2026
Нұра ауылдық округінде халықпен кездесу өтті

Ырғыз ауданының әкімі Р. Өтешов пен Нұра ауылдық округінің әкімі Нұра, Мамыр, Белшер және Дүкен ауылдарының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді.

Кездесу барысында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстардың барысы баяндалып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.

Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, абаттандыру және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

Көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, оларды шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізу қажеттігі атап өтілді.

20 октября 2026
2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін ескере отырып, халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды.

Алдағы өзгерістерге байланысты өңір басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау көрсетудің жаңа қағидатына көшуді көздеп отыр. Оның негізгі ұстанымы – «Алдымен қажеттілікті анықтау, содан кейін мақсатты көмек».

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл деңгей «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы анықталады.

«Жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын 70-тен астам критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйінің, жер учаскелері мен көлік құралдарының болуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, мал саны және басқа да көрсеткіштер бар. Бағалау нәтижесінде отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. «А» және «В» санатындағы отбасылар негізінен өз жағдайын өз бетінше қамтамасыз етуге қабілетті азаматтар қатарына жатса, «С», «D” және «Е» санатындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады», – деп нақтылады Ләззат Оразбаева.

2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемнің 14 түрі берілмейді. Олардың қатарында баланың тууына байланысты жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін төлемдер, III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар бар.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтардың жекелеген санаттарына және I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақылар да өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгерістер қазіргі уақытта төлем алып отырған азаматтарға да, алдағы уақытта жәрдемақы тағайындауға өтініш беретіндерге де қатысты болады.

Баяндамашының айтуынша, ақпараттық жүйе банктердің және басқа да мемлекеттік органдардың деректер базаларымен ықпалдастырылып жатыр. Осыған байланысты аталған санаттарға жататын отбасылардың саны өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар eGov порталында азаматтарға өз отбасының санатын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы калькулятор қолжетімді.

Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров алдағы өзгерістердің себептері мен тәртібін халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, отбасының табыс деңгейіне байланысты төлемдердің тоқтатылуы нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі тиіс. Әрбір азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғаны туралы нақты әрі негізделген жауап алуы қажет. Бағалау кезінде жүйеде көзделген барлық көрсеткіш, соның ішінде мүлік, табыс және жұмыспен қамтылу деңгейі ескерілуі керек.

Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп жүргізіліп, азаматтармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

19 октября 2026
Тағы бір анықтаманы eGov.kz порталы мен eGov Mobile-дан алуға болады

eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасының пайдаланушылары енді таңдалған кезең бойынша Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту фактілері туралы анықтаманы онлайн ала алады. Құжат электрондық форматта қалыптастырылады және Жеке кабинеттен жүктеп алуға болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Ұлттық ақпараттық технологиялар" сайтына сілтеме жасап.

Анықтамада шекараны кесіп өту туралы мәліметтер: күні мен уақыты, бағыты, қозғалыс бағыты, рейс және көлік құралының нөмірі, кірген немесе шыққан елі мен өткізу пункті көрсетіледі.

eGov.kz порталында анықтаманы алу үшін пайдаланушыға:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өту;
  • "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан кесіп өту туралы анықтама беру" қызметін таңдау;
  • анықтама кімге ресімделетінін көрсету: "Өзіне", "Кәмелетке толмаған балаға" немесе "Заңды өкілі (әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толғандарға)";
  • мәліметтер қажет болатын уақыт аралығын көрсету;
  • "Қол қою және анықтаманы алу" батырмасын басу;
  • өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.

Өңдеу аяқталғаннан кейін электрондық анықтама eGov.kz порталындағы "Менің профилім – Жеке кабинет" бөлімінде қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады. Егер көрсетілген кезеңде шекарадан өткені туралы мәліметтер болмаса, ол жайлы да анықтамада көрсетіледі. Сұрауды 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі күнге дейінгі уақыт аралығына қалыптастыруға болады, бұл ретте таңдалған кезең үш айдан аспауы тиіс. Қызмет көрсету мерзімі – 15 минутқа дейін.

eGov Mobile қосымшасы арқылы анықтаманы алу үшін ұқсас қадамдар орындалады: "Басты бет" бөлімінде "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан кесіп өту туралы анықтама беру" қызметін таңдау қажет.

Қызмет ЖСН бар болған жағдайда ҚР азаматтарына қолжетімді және тегін көрсетіледі. Шетел азаматтарына анықтаманы QazETA порталы арқылы алуға болады.

"Анықтаманы өзіне, кәмелетке толмаған балаға, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда өтініш беруші оның заңды өкілі саналатын әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамға рәсімдеуге болады. Анықтаманы балаға рәсімдеу кезінде ол туралы мәліметтер азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының (АХАТ) ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде жүктеледі", - деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.

Сондай-ақ анықтама смартфонды немесе планшетті шетелден өздігінен әкеліп, оны Қазақстан операторларының желілерінде жеке пайдалану үшін IMEI-кодын тіркейтін азаматтарға да қажет болуы мүмкін.

Қызмет шекарадан өту фактілерін ресми түрде растау процесін жеңілдетеді. Анықтама мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде автоматты түрде қалыптастырылады, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады және заңды күші бар. Бұл азаматтар үшін құжатты алу процесін жылдам, ыңғайлы әрі ашық етеді.

Бұған дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар енді eGov Mobile қосымшасы арқылы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алатыны туралы жазған болатынбыз. Бұрын мұндай мүмкіндік тек eGov.kz порталында болса, енді өтінішті тікелей смартфоннан жіберуге болады.

19 октября 2026
Ақтөбе облысында су үнемдеу технологиялары 12,3 мың гектар жерге енгізілді

Ақтөбе облысында ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру, заманауи суару жүйелерін енгізу және суармалы егіншілікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, биыл облыстың басым бөлігінде вегетациялық кезең ауа райының қолайлы жағдайында өтті. Алайда Әйтеке би ауданында жауын-шашынның аз болуы және шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер етті. Нәтижесінде гектарына 8,3 центнерден өнім жиналды.

Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы тұрақты суармалы жерлердің жалпы көлемі 17,7 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Қарғалы және Мәртөк аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында орналасқан.

Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суға деген қажеттілігі өңірдегі су қоймалары мен негізгі өзендердің есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су қоры суару жұмыстарын жүргізуге жеткілікті болған.

Қарғалы су қоймасындағы су көлемі 98,9 млн текше метр, Ақтөбе су қоймасында 98,4 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 3,2 млн текше метрді құрады. Сонымен қатар суару үшін Елек, Қарғалы, Жем, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Ор және Темір өзендерінің су ресурстары пайдаланылды.

Суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде мұндай технологиялар 12,3 мың гектар алқапта қолданылады. Оның 11,8 мың гектарына заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізілсе, 0,5 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы пайдаланылады. Сондай-ақ шаруашылықтарда автоматтандырылған «ақылды суару» жүйелері мен жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылады.

Заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тиісті шығындарының 50-ден 80 пайызға дейінгі бөлігін өтейді. 2025 жылы осы мақсатқа 176 млн теңге инвестициялық субсидия бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 206 млн теңгені құрады.

2019 жылдан бері өңірде «Қазсушар» бағдарламасы аясында 9,3 мың гектар суармалы жерді қамтитын ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау және ішінара Қарғалы аудандарындағы 5 мың гектар алқапта жұмыстар аяқталған. Қарғалы ауданында және Ақтөбе қаласында тағы 4,3 мың гектар жердің ирригациялық инфрақұрылымын қалпына келтіру жалғасуда.

Сонымен қатар қалпына келтірілген суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесі өзекті болып отыр.

Осыған байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті атқарушы органның теңгеріміндегі ирригациялық нысандарды түгендеп, олардың техникалық жай-күйі мен пайдалануға дайындығын бағалауды Табиғи ресурстар басқармасына тапсырды.

«Барлық суармалы жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, қалпына келтірілген нысандардың бос тұруына жол бермеу қажет. Егер шаруашылықтар өздеріне берілген жерлерді пайдаланбаса, оларды қайтарып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуға дайын кәсіпкерлерге беру мәселесін пысықтау керек. Ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтірумен ғана шектелмей, егіс алқаптарын ұлғайту және өнімділікті арттыру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аудару керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне су ресурстарының пайдаланылуына талдау жүргізуді, каналдар мен ирригациялық жүйелердің техникалық жай-күйін бағалауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және инфрақұрылымның келесі суару маусымына дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

16 октября 2026
Ырғыз ауылдық округінде тұрғындармен есеп беру кездесуі өтті

Ырғыз ауданының әкімі Р. Өтешов пен Ырғыз ауылдық округінің әкімі Ырғыз, Ақши және Қалыбай елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер, атап айтқанда, ауыз сумен қамту, газдандыру, көшелерді жарықтандыру, жолдардың жай-күйі және басқа да маңызды тақырыптар талқыланды. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейдегі сауалдарын қойды. Аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, оларды шешу жолдарына тоқталды. Мұндай кездесулер — халықпен ашық диалог орнатып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға және елді мекендердің дамуына қатысты мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған маңызды алаң.

15 октября 2026
Ақтөбе өнімдері Өзбекстан нарығына жол ашады

Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту және отандық өнімдердің жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасау мақсатында Өзбекстан Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

8–10 қазан аралығында облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов бастаған делегация Өзбекстанға жұмыс сапарымен барып, бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.

Делегация TEXNOPARK индустриялық кешенінің қызметімен танысып, Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Korzinka сауда желісінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Кездесулер барысында қазақстандық өнімдерді Өзбекстан нарығына шығару, сауда байланыстарын кеңейту және өндірістік тәжірибе алмасу бағыттары қарастырылды.

Өзбекстанмен әріптестікті дамыту – Ақтөбе облысының экспорттық әлеуетін арттыруға, жергілікті кәсіпорындардың нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жол ашады.

14 октября 2026
Ақтөбе облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 24 млн теңгеге жуық өнімді сатты

Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Aqtobe Creative Days» екі күндік жәрмеңкесі аяқталды.

Ақтөбе облысынан келген креативті индустрияның 100-ге жуық өкілі 22 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды. Көпшілік дизайнерлік киімдер, әшекейлер, былғарыдан, ағаштан, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар мен кәдесыйларды сатып алды.

Мәдени бағдарлама аясында «Aqtobe Design» сән көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, «SherTer» және «Жеребе life» жобаларының концерттері өтті.

Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің өнер жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Book Market кітап алаңында ақтөбелік қаламгерлердің шығармалары таныстырылды. Бұдан бөлек, зергерлік өнер, киіз басу, тері және ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, екі күнде жәрмеңкеге 9 500 адам барды, жалпы 23 млн 850 мың теңгеге өнім сатылды.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауды, отандық брендтерді танытуды және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.

13 октября 2026
Ақтөбе облысының тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды

2026 жылдың тоғыз айындағы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.

Отырыста экономиканың негізгі салаларындағы оң динамиканы сақтау, инвестициялық белсенділікті арттыру және жылдық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Адайбек Есенаманов баяндама жасап, өңір дамуының негізгі көрсеткіштерін таныстырды.

2026 жылғы қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 101,8%-ды құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, негізгі капиталға салынған инвестициялар, сауда және тұрғын үй құрылысы сияқты жеті негізгі көрсеткіштің алтауы бойынша оң динамика қалыптасты.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында 337,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,8%-ға жетті.

Құрылыс саласында 12,3%-дық өсім тіркелді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 353,3 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 880,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсті.

Өңірдегі тауар айналымы 2 трлн теңгені құрап, өсім 1,3% болды. Тоғыз айда облыста 633 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары.

Жиын барысында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының даму қарқыны да қаралды. Қатысушылар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын, өндірістік қуаттарды дамыту, құрылыс пен инфрақұрылым мәселелерін, сондай-ақ жергілікті жерлердегі экономикалық белсенділікті одан әрі арттыру мүмкіндіктерін талқылады.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса назар аударылды. Қала және аудан әкімдеріне бейінді басқармалармен бірлесіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру, перспективалы жобаларды сүйемелдеу және оларды іске асыруда туындайтын мәселелерді уақытылы шешу тапсырылды.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен құрылыс саласын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Бұл бағыттардағы жүйелі жұмыс облыстың экономикалық әлеуетін нығайтып, жыл қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз етіп, нысаналы көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі бағыттарында оң динамика сақталып отыр. Біздің міндетіміз – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, жылдық жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін бейінді басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінің өзара іс-қимылын күшейтіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет. Жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді уақытында шешу маңызды. Инвестиция тарту, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашуға назар аудару керек. Әрбір басшы өз бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге бағдарлануы және жүктелген міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Жыл соңына дейін облыс экономикасын одан әрі дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет», – деді өңір басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты басшыларға әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру, бизнеспен өзара іс-қимылды күшейту және 2026 жылдың соңына дейін белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеттелді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы