2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Корея Ұлттық зейнетақы қызметінің делегациясы "БЖЗҚ"АҚ кеңсесінде болды. Екі елдің зейнетақы жүйелері, сын-тегеуріндер мен оларды шешудің ықтимал жолдары, сондай-ақ, ынтымақтастық келешегі талқыланды. Кореяның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қысқаша шолу жасайық. Оңтүстік Корея өзінің зейнетақы жүйесін екі негізгі министрлік арқылы басқарады: Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі, сондай-ақ, Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі. Әлеуметтік қамсыздандыру түрлері:
1) Ұлттық зейнетақы: жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қамтиды. Жарналар қызметкер мен жұмыс беруші арасында тең бөлініп, кірістің 9% құрайды (әрқайсысы 4,5%). Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 9% жарнаны өздері төлейді. Бұл келесі төлемдерді қамтамасыз етеді:
- Зейнет жасына толуға байланысты зейнетақы
- Мүгедектік бойынша зейнетақы
- Асыраушысынан айрылу бойынша зейнетақы
- Біржолғы өтемақы төлемдері
2) Медициналық сақтандыру: кірістің 7,09% мөлшерлемесі. Келесіні қамтиды:
- Медициналық жәрдемақылар
- Жүктілік және босану бойынша жәрдемақылар
3) Жұмыспен қамтуды сақтандыру: жарналар кірістің 1,8% құрайды. Келесіні қамтиды:
- Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы
- Қайта даярлау және жұмыс табуға көмектесу
4) Жазатайым оқиғалардан сақтандыру: кірістің 1,47% мөлшерлемесі. Келесіні қамтамасыз етеді:
- Мүгедектік және асыраушысынан айрылу бойынша зейнетақы - - Жерлеуге арналған біржолғы гранттар мен төлемдер Зейнетақы жүйесінің құрылымы:
1) Базалық зейнетақы (0 деңгей): 64 жастан асқан азаматтардың шамамен 70% алып, мемлекеттік бюджет есебінен белгіленген қаражат негізінде төленеді.
2) Ұлттық зейнетақы (1 деңгей): 18 жастан 59 жасқа дейінгі барлық тұрғындарды қамтиды. Кем дегенде 10 жыл төленуі тиіс жарналар мен жұмыс істеген жылдар негізінде төленеді.
3) Корпоративтік және жеке зейнетақы (2 және 3 деңгейлер): корпоративтік зейнетақы кіріске, ал жеке зейнетақы — жинақ сомасы мен ерікті жарналарға тәуелді.
4) Арнайы кәсіптік зейнетақы: мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және ерекше есептеу шарттары бар мұғалімдерге арналған.