GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Өзгерістер мен түсіндірмелер
Все материалы
19 октября 2026
Қауіпсіздік нұсқамадан басталады: жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?

Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?

Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.

❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:

✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;

✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;

✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;

✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;

✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

⚠ Білу маңызды!

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.

Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.

Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.

Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!

#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК

16 октября 2026
⚖️ Өтініштен нәтижеге дейін: мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлерге қалай көмектеседі?

Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.

Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.

Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?

📌 1-қадам. Өтініш беріңіз

Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.

📌 2-қадам. Өтінішті қарау

Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.

📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау

Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

📌 4-қадам. Орындалуын бақылау

Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.

Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.

Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.

#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК

13 октября 2026
📌 Жұмыс беруші қызметкерді демалыс күндері жұмысқа тарта ала ма?

Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.

❗ Қызметкер нені білуі маңызды?

✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.

✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.

✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.

✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.

⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.

📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!

#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі

13 октября 2026
Қазақстан кәсіпорындарында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа тәсілдері сынақтан өтті
 

Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты «Жасыл экономикаға көшу аясындағы еңбек жағдайлары және кәсіптік тәуекелдер: жіктеу, санаттар және топтастыру критерийлері» ғылыми-техникалық бағдарламасының негізгі кезеңінің қорытындысын шығарды.

Бағдарламаның басты міндеті – еңбек жағдайларын бағалау тәсілдерін жетілдіру және зиянды, қауіпті факторлардың бар-жоғын тіркеумен шектелмей, нақты жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді уақтылы анықтап, оларды азайту шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін жүйеге көшу.

        Не әзірленді

Зерттеулер қорытындысы бойынша жұмыс орындарын кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларының жіктемесі қалыптастырылды. Сондай-ақ зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттары мен оларды тиісті санаттарға жатқызу критерийлері айқындалды.

Бағдарлама аясында төрт әдістеме әзірленді. Олар тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбек жағдайларын жіктеуді, зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттарын анықтауды, ашық ауада, жер астында және биікте жұмыс істеу кезіндегі кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, сондай-ақ кеңейтілген практика мейірбикелерінің еңбек жағдайлары мен кәсіби ортасын бағалауды қамтиды.

Бұдан бөлек, өндірістік орта және еңбек процесі факторларын ескере отырып, еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеу бойынша оқу модулі әзірленді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы аясында кәсіптік тәуекелдерді басқару бөлігінде еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар дайындалды.

          Цифрлық құралдар және кәсіпорындарда сынақтан өткізу

«Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» АБЖ(АИС) -да төрт цифрлық анықтама мен құрал әзірленді. Оның ішінде зиянды және қауіпті өндірістік факторлар жіктеуіші, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша электрондық есеп және түзету іс-шараларының электрондық жоспары бар.

Әзірленген тәсілдер 9 кәсіпорында пилоттық сынақтан өтті. Нәтижесінде 8 енгізу актісі алынды.

Зерттеулер тау-кен, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілді. Бұл әзірленген тәсілдердің қолданылу мүмкіндігін тікелей өндірістік жағдайда тексеруге мүмкіндік берді.

Бағдарламаның ғылыми нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық базаларында индекстелетін басылымдардағы 5 жарияланым және ҚР ҒЖБССҚК (КОКНВО РК) ұсынған журналдардағы 18 жарияланым жарияланды. Сонымен қатар 6 авторлық куәлік алынды.

         Бұл жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге не береді

Жаңа тәсілдердің практикалық мақсаты – еңбек жағдайларын негізінен есепке алудан тәуекелдердің алдын алуға көшу. Жұмыс беруші нақты жұмыс орнындағы қауіптерді дәлірек анықтауға, тәуекел деңгейін бағалауға және қажетті профилактикалық іс-шараларды жоспарлауға арналған құралдарға ие болады.

Жұмыскерлер үшін мұндай тәсіл ең алдымен еңбек қауіпсіздігін арттыруға, жарақат немесе кәсіптік ауруға әкелуі мүмкін факторларды уақтылы анықтауға және жағымсыз салдарлар туындағанға дейін шара қабылдауға бағытталған.

Ғылыми-техникалық бағдарламаның нәтижелері кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны өзектендірудің негізін қалыптастырады.

Жүргізілген жұмыс 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының басымдықтарына сәйкес келеді.

 

10 октября 2026
Құттықтаймыз! Кәсіподақ жұмысына қосқан үлесі үшін марапатталды

Кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқаны, адал еңбегі, жауапкершілігі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін, сондай-ақ Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай «Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» РММ-нің мемлекеттік еңбек инспекторы, бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы Баймағанбетова Қалбибі Қаныбекқызы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы М. Жақыповтың Алғыс хатымен марапатталды.
Әріптесімізді лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық және кәсіби қызметіңізге толағай жетістіктер тілейміз! Кәсіподақ жұмысына қосып жүрген үлесіңіз әрдайым жемісті болсын!

10 октября 2026
Құттықтаймыз! Еңбек инспекторы «Қызмет Battle» сайысында III орын иеленді

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! 10 қазан – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай «Қызмет» салалық кәсіподағы ұйымдастырған «Қызмет Battle» интеллектуалдық-танымдық сайысына «Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» РММ-нің мемлекеттік еңбек инспекторы Нұрекешов Ершат Қанатұлы қатысып, III орынға ие болды! Сайыс қорытындысы бойынша Ершат Қанатұлы кәсіподақ тарапынан ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Ершат Қанатұлын жүлделі орынға ие болуымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, кәсіби қызметінде биік белестерді бағындыруына тілектеспіз! просто

10 октября 2026
Ойыл кәсіптік колледжінде еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті” РММ-нің мемлекеттік еңбек инспекторы Баймағанбетова Қалбибі Қаныбекқызы, Ойыл ауданына іссапары барысында «Ойыл кәсіптік колледжі» МКҚК қызметкерлерімен кездесіп, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

09 октября 2026
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру және өзектендіру қажеттігіне аударады.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жұмыс берушілердің назарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру және өзектендіру қажеттігіне аударады. Бүгінде ЕШЕАБЖ-да шамамен 6,9 млн қолданыстағы еңбек шарты туралы мәліметтер қамтылған. Жұмыс берушілерге енгізілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын, оның ішінде қызметкер, лауазымы, еңбек шартының мерзімі, ауыстырулар, еңбек жағдайларының өзгеруі және еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы мәліметтерді тексеру ұсынылады. ЕШЕАБЖ-дағы өзекті мәліметтер қызметкерлердің еңбек қызметі туралы деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздіктер санын азайтуға мүмкіндік береді. Заңнамада мынадай жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз:
ЕШЕАБЖ-ға ақпаратты енгізбеу не белгіленген мерзімдерде уақтылы енгізбеу;
ақпаратты толық көлемде енгізбеу;
ЕШЕАБЖ-ға анық емес және (немесе) қате ақпарат енгізу. Жұмыс берушілерге ЕШЕАБЖ-дағы мәліметтерді тұрақты түрде тексеріп, оларды уақтылы өзектендіруді ұсынамыз. ЕШЕАБЖ-дағы еңбек шарттары туралы мәліметтерді қазірден тексеріңіз — деректер толық, өзекті және дұрыс болуы тиіс.

09 октября 2026
🌿 «Таза Қазақстан» – ортақ міндет!

Ағымдағы жылдың 3 қазанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Департамент қызметкерлері сенбілікке қатысып, «Жасыл Ел» аумағы мен Абай атындағы ескерткіш маңында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында аумақ тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылды.

Сенбілікке Департаменттің 11 қызметкері қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. 🌱

09 октября 2026
Жалақыны уақытылы әрі толық төлеу – жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер белгіленген төлем күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, жалақы одан бұрынғы күндерде төленеді.

Жалақы кешіктірілсе, не істеу керек?

Алдымен жұмыскер жұмыс берушіге жүгініп, кешіктіру себебін анықтап, берешекті өтеуді талап ете алады.

Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс берушінің тұрған жеріндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады.

Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын қолда бар құжаттарды қоса тапсыру керек. Ол жерде еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және өзге де растайтын материалдар болуы мүмкін.

Өтініш қаралғаннан кейін қандай іс-шаралар жүргізіледі?

Қажет болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау іс-шараларын жүргізеді.

Берешек фактісі расталса, жұмыс берушіге бұзушылықты жоюға, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеуге міндетті орындалуға тиіс нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылауға алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші жұмыскерге жалақы берешегін ғана емес, кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі.

Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік көзделген?

Жалақыны толық көлемде, белгіленген мерзімде төлемегені үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбын есептемегені және төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Айыппұл мөлшері:

лауазымды адамдарға – 30 АЕК;
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшетін құрайды.

Жалақының кешіктірілуі жұмыскердің еңбек құқықтарының бұзылуы болып табылатынын еске саламыз. Егер жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, жұмыскер заңнамада көзделген шараларды қабылдап, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жүгіне алады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы