Аттестаттауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар 5 жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен жүргізеді.
Аттестаттауға Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін барлық ұйымдардың өндірістік объектілері жатады.
Қайта құрылған (жаңа технологиялық жабдықтарды, процестерді ауыстыру, енгізу, орнату) өндірістік объектілерді аттестаттау оларды пайдалануға енгізгеннен соң күнтізбелік 90 күннен кейін кешіктірілмей жүргізіледі.
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар туралы ақпаратты (атауы, заңды мекенжайы, байланыс телефоны, қызмет түрлері, білікті кадрлары туралы мәліметтер) интернет-ресурста орналастырады.
Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізуді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші құрамында төраға, мүшелер және өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөніндегі құжаттаманы жасауға, жүргізуге және сақтауға жауапты хатшы бар аттестаттау комиссиясын құру туралы тиісті бұйрық шығарады.
Ұйымның аттестаттау комиссиясының құрамына басшы не оның орынбасары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің және ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің мамандары келісім бойынша, сондай-ақ жұмыскерлерінің өкілдері кіреді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 183-бабының 7-тармағына сәйкес өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйым өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық жеткізгіштерде өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері туралы есепті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жібереді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 13) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші өндірістік объектіні еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау аяқталғаннан кейін бір айлық мерзімде ұйымның орналасқан жері бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жазбаша (қағаз және электрондық жеткізгіштерде) немесе "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы осы Қағидаларға 8, 9, 10, 11-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша оның нәтижелері туралы есептерді, сондай-ақ 12-қосымшаға сәйкес соңғы 12 айға өндірістік бақылау нәтижелері туралы есепті ұсынады.