Хромтау ауданында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, аудан аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары және белсенді тұрғындар қатысты.
Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Қатысушылар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосып, ауданның көркеюіне атсалысты.
Сонымен қатар, №7 мектеп-гимназиясының аумағында ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мектеп ауласына 70-ке жуық жеміс ағашының көшеттері отырғызылды. Бұл бастама оқушыларға экологиялық тәрбие берумен қатар, жасыл желекті көбейтуге бағытталған.
Осындай игі шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
14 сәуір күні Хромтау қаласында аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық жетінші сессиясы өтті. Сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу туралы мәселені талқылады. Сонымен қатар, аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, сондай-ақ тұрғын үй комиссиясының дербес құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қарастырылды.
Бұдан бөлек, сессия барысында аудандық мәслихат депутаттарының депутаттық сауалдары тыңдалып, тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
13 сәуір күні Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев Хромтау ауданына жұмыс сапарымен келді.
Аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов басқарма басшысын қабылдап, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбіді.
Алдымен делегация №2 Хромтау балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Одан кейін аудандық мәдениет үйінде болып, жастарға арналған шығармашылық үйірмелердің қызметін көрді. Атап айтқанда, өнер, би, вокал және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істеп жатқан үйірмелердің жұмысы көрсетіліп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жобалар таныстырылды.
Бұдан соң Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде студент жастарымен кездесу өтті. Еркін форматта өткен кездесуде жастар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өңірдегі жастар саясатына қатысты сұрақтарын қойды. Басқарма басшысы мен аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар беріліп, жастар бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды. Жастар саясатына үлес қосып жүрген жас мамандар басқарма тарапынан марапатталды.
Одан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында орталық саябақта ағаш көшеттерін отырғызды.
Жұмыс сапары барысында жастар саясатын дамыту, олардың әлеуетін арттыру және қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Хромтау ауданында жұмыс сапары аясында арнайы пресс-тур өтті. Аталған шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қатар, әлеуметтік желілердегі белсенді қолданушылар мен TikTok платформасының контент жасаушылары қатысты.
Пресс-тур барысында қатысушылар аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Атап айтқанда, жаңадан салынған мәдениет үйі, дене шынықтыру кешені, білім беру нысаны, өндірістік кәсіпорындар және абаттандыру жұмыстары жүргізілген қоғамдық орындар қамтылды.
Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан Республикасы Кубогінің 1/16 финалдық кезеңі аясында өткен «Хромтау» мен «Жеңіс футбол клубтары арасындағы тартысты ойынды тамашалады. Кездесу көрермендерге ерекше әсер сыйлап, өңірдегі спортқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Пресс-тур аясында қонақтар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша ақпарат алып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына назар аударды. Мұндай іс-шаралар өңірдің әлеуетін танытып, қоғам мен билік арасындағы ашықтықты арттыруға ықпал етеді.
Хромтау қаласындағы «Горняк» орталық стадионында футболдан «Екінші лига» командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігінің 1-туры аясында «Хромтау» футбол клубы мен «Атырау (Ж)» командасы арасында тартысты кездесу өтті.
Ойын қорытындысы бойынша алаң иелері — «Хромтау» футбол клубы 3:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Бұл кездесу — Хромтау қаласы үшін ерекше тарихи мәнге ие. 2008 жылдан бері үзіліп қалған футбол қайта жанданып, жергілікті жанкүйерлердің көптен күткен ойыны жоғары деңгейде өтті.
Матч барысында стадионға жиналған тұрғындар ерекше белсенділік танытып, өз командаларына зор қолдау көрсетті. Жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен қолдауы ойыншыларға қосымша серпін беріп, нәтижелі ойын көрсетуіне ықпал етті.
Хромтау қаласында футболдың қайта дамуы – өңірдегі бұқаралық спортты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасымен құрылған «Хромтау» футбол командасы жаңа маусымда ойынға қатысады.
Футболдан «Екінші лига» командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігіне қатысатын «Хромтау» футбол клубының ойыншыларын таныстыру рәсімі өтті. Рәсім аясында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов командамен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында өңірде футболды дамыту бағытындағы мәселелер қозғалып, алдағы жоспарлар талқыланды. Аудан әкімі командаға алдағы ойындарда сәттілік тілеп, жүйелі дайындық пен жоғары жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде футбол клубының мүшелері көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын білдіріп, бұл сенім олардың жігерін арттыратынын жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі клубтың әрбір ойыншысына арнайы спорттық киім – ойын формаларын табыстап, командаға сәттілік тіледі.
Ауданға «Байтақ» жасылдар партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Айман Сексенова бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратовтың қабылдауында болды.
Қабылдау барысында өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту және табиғатты қорғау саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар кездесуде партияның аудандық филиалының ұйымдастырушылық мәселелері қарастырылды. Жиын қорытындысы бойынша «Байтақ» жасылдар партиясының Хромтау аудандық филиалының төрағасы лауазымына Асылбек Нұрболсын тағайындалды.
Кездесу барысында алдағы уақытта экологиялық бастамаларды қолдау, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жандандыру, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері де сөз болды.
26–29 наурыз аралығында Алматы қаласында спорттық жүрістен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде.
Аталған жарыста Ақтөбе облысының жас спортшысы Аиша Жургентаева жоғары нәтиже көрсетіп, ел чемпионы атанды. Ол 5 шақырым қашықтықта U-18 жас санатында сынға түсіп, бірінші орынды иеленді.
Аиша Жургентаева — Хромтау қаласындағы №4 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Жеңіс — өңір спорты үшін маңызды жетістік. Айта кету керек, спорттық жүрістен Қазақстан чемпиондығы Ақтөбе облысында соңғы 8 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.
Спортшыны жарысқа жаттықтырушылары Нұрлан Құрманғазин, Руслан Құрманғазин және Регина Штолинская шынықтырды.
Бұл нәтиже - Президенттің бұқаралық спортты дамыту және жас спортшыларды қолдау туралы тапсырмасымен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.
Сілтемелер арқылы ыңғайлы цифрлық қызметтерді пайдалана отырып, қай сайлау учаскесінде дауыс беру қажет екенін біліңіз:
• Telegram-бот — https://t.me/Akimat04botСілтемелер арқылы ыңғайлы цифрлық қызметтерді пайдалана отырып, қай сайлау учаскесінде дауыс беру қажет екенін біліңіз:
• Telegram-бот — https://t.me/Akimat04bot
Көктемгі мұз қауіпті!
Ауа температурасының көтерілуіне байланысты су айдындарындағы мұз еріп, оның беріктігі әлсізденуде.
Осыған орай су айдындарындағы төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеу мақсатында мұз үстіне шығуға тыйым салынады!
Әсіресе, автакөліктердің мұз үстіне шығыуын және балалардың ата-аналарының қарауынсыз су айдындарныда жақы манда ойын ұйымдастыруна жол берілмейді. Құрметті ата-аналар, балалардың көктемгі демалысы уақытында оларға аса мұқият болайық!
‼️ТЖМ ескертеді!
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
‼️Есіңізде болсын! Қауіпсіздік қағидаларының талаптарын елемеу қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
Кез келген төтенше жағдай туындаған кезде шұғыл түрде «112» нөміріне қоңырау шалу қажет!