2020 жылғы 7 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
Қабылданған Заң аясында басқарудың тек екі нысаны қарастырылған:
1.Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ)– бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін, «бір үй- бір ММИБ- бір есепшот» принципіне негізделген заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым.
2. Жай серіктестік (ЖМ) - заңды тұлға құрмай, «бір үй – бір ЖС – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс істейді.
Бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамының келісімі бойынша бір ММИБ немесе ЖС құруға құқылы.
Облыс бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны 2 526 бірлікті құрайды.
Қазіргі таңда жаңа нысандарға ауысу жоспары толығымен орындалып отыр.
Сонымен қатар, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізіліп, тұрғын үйді басқарудың жаңа нысандардың қатарына «тікелей бірлескен басқару» нысаны қосылып, пәтер саны 20-ға дейінгі және басқару нысанын құруға ниеттері жоқ тұрғын үйлерде осы басқару нысанын орнату, сонымен қатар тұрғын үй инспекциясының бұл саладағы құзіретін күшейту көзделіп отыр.