Облыс әкімі Асхат Шахаров «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысушы ғалымдармен кездесті.
Жүздесуде облыс әкімі халықаралық конференцияға арнайы келген ғалымдарға ризашылығын білдірді.
«Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей Федерациясының Башқұртстан мен сонау Саха елінен келген ғалымдардың бір ортада бас қосуы — халықтарымыздың ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі ғылыми ынтымақтастықтың маңызын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау, оны келешек ұрпаққа аманат ету қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Мұндай мұраны зерделеу — тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, түркі халықтарының ортақ болмысы мен рухани байланысын нығайтатын маңызды бағыт. Конференция тақырыбына арқау болған «Қобыланды батыр» жырының Ақтөбе өңірі үшін орны ерекше. Батырдың мәңгілік мекені — мемориалдық кешен, Нұрпейіс Байғанин бастаған жыршылық дәстүр — өңірдің тарихи-мәдени болмысымен біте қайнасқан рухани құндылықтарымыз. Конференция осы бағыттағы ғылыми ізденістерді жаңа деңгейге көтеріп, отандық және шетелдік зерттеушілердің тәжірибесін тоғыстыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз, соның ішінде «Қобыланды батыр» эпосын түрлі тілдерге аударып, әлемдік оқырманға таныту жолындағы жұмыстарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деді облыс әкімі.
Кездесуде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжанов «Қобыланды батыр» жырын халықаралық деңгейде зерттеудің маңызына тоқталды.
«Алтын Орда дәуіріндегі эпостық дәстүрдің ең озық үлгілерінің бірі — «Қобыланды батыр» жыры. Осы мұраны ғылыми тұрғыдан жаңаша зерделеп, халықаралық деңгейге көтеруді мақсат еттік. Бұл жұмыстағы басты тірегіміздің бірі — Ақтөбе елі. Қобыланды батырдың тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы осы өңірмен тығыз байланысты. Соның алғашқы нәтижелерінің бірі — жырдың 29 нұсқасын қамтыған жеті томдық ғылыми басылымның жарық көруі. Бұл — Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды еңбек. Бұдан бөлек екі жыл бұрын қазақ эпостарының бірқатарын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра бағдарламасы аясында таныту бағытында жұмыстар басталды. Солардың қатарында «Қобыланды батыр» жыры да бар. Қазір бұл мәселе ЮНЕСКО аясында қаралуда. Конференцияға түркі дүниесінің жиырмаға жуық ғалымының қатысуы — Қобыланды батыр тұлғасының ортақ тарихи-мәдени маңызын көрсетеді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның жетекші эпостанушыларының бас қосуы жырды халықаралық эпостану ғылымының жаңа жетістіктері негізінде қайта зерделеуге жол ашады. Кеңестік кезеңде эпосты зерттеудің белгілі бір шектеулері болды. Ендігі міндет — халықаралық эпостану ғылымының жаңа әдістерін пайдалана отырып, «Қобыланды батыр» жырының зерттеу аясын кеңейту және оның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айқындау», — деді академик.
Сондай-ақ ол Қобыланды батыр мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы ақтөбелік театр ұжымының Париж төрінде қазақ эпосы негізінде сахналаған спектакльдің қойылуы — жырдың әлемдік мәдени кеңістікке жол тартқанын айғақтайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Сөз соңында Кенжехан Матыжанов облыс әкіміне ризашылығының белгісі ретінде Абайдың академиялық толық шығармалар жинағын тарту етті.
Кездесуде Саха (Якутия) Республикасының мемлекеттік Мәжілісі (Ил Тумэн) төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Жирков та сөз сөйледі. Ол «Қобыланды батыр» эпосын саха тіліне аударған.
Жиын соңында облыс әкімі Асхат Шахаров ғалымдарға мазмұнды пікірлері мен құнды ұсыныстары үшін алғыс білдіріп:
«Алдағы уақытта да тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау бағытындағы бастамаларды барынша қолдаймыз. Елдеріміз арасындағы ғылыми және мәдени байланыс нығая берсін», — деп сөзін қорытындылап, ғалымдармен естелік суретке түсті.
Қарттар күніне орай облыс әкімі Асхат Шахаров еңбек ардагерлерінің шаңырағына сәлем бере барып, мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
Белгілі журналист, өлкетанушы әрі зерттеуші Идош Асқар Мұсақұлұлы Ойыл ауданының Ш.Берсиев ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ды тәмамдаған. «Алға», «Ойыл» аудандық газеттерінде, Ақтөбе облыстық телеарнасында, Ойыл аудандық партия комитетінде қызмет атқарған. «Ақтөбе» облыстық газетінде тілші қызметінен бастап, редакторлыққа дейінгі жолды жүріп өтті.
Ол – «Ақтөбе» энциклопедиясын жарыққа шығаруға атсалысқан азаматтардың бірі. Мақалалары туған өлкенің тарихы мен тыныс-тіршілігі, табиғатты қорғау, ауыл шаруашылығы, адамгершілік пен рухани құндылықтар мәселелеріне арналған. Әсіресе, аты аңызға айналған тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолын зерттеуге айырықша мән берген.
Кездесуде Асхат Шахаров ардагердің естеліктерін қызығушылықпен тыңдап, оның журналистикадағы көпжылғы еңбегі, Ақтөбе облысының тарихы және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар туралы әңгімелесті.
«Идош Мұсақұлұлы, Сіз ғұмырыңызды сөз өнері мен журналистикаға, туған өлкенің дамуына арнадыңыз. Сіздің көпжылғы еңбегіңіз – облысымыздың тарихының ажырамас бөлігі. Сіз секілді азаматтардың арқасында көрнекті жерлестеріміздің өнегелі өмірі, ауылдарымыздың тарихы мен халқымыздың салт-дәстүрі сақталып келеді. Сізге зор денсаулық, жан тыныштығын, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрдайым жаныңыздан туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыз табылып, мол өмірлік және кәсіби тәжірибеңіз жас ұрпаққа үлгі бола берсін», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы 91 жастағы Надежда Николаевна Соколованы да құттықтады.
Әжей «Әуежөндеу» АҚ зауытында қырық жылдан астам уақыт өндірістік бақылау маманы болып еңбек етті, зейнет демалысына шыққан. Еңбек майданының қатысушысы.
«Надежда Николаевна, бүгін біз Сізге жай ғана мерекемен құттықтайық деп емес, ең алдымен ерен еңбегіңіз бен еліміздің дамуына қосқан үлесіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіру үшін келдік. Сіз және Сіздің замандастарыңыз күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, ерен еңбектеріңізбен Жеңісті жақындаттыңыздар, сондай-ақ туған өлкенің өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Сізге шын жүректен зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тілеймін!» – деді Асхат Шахаров.
Кездесулерде аймақ басшысы аға буынға қамқорлық жасау өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға, «Адал азамат» құндылығын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл құндылықтарды дәріптеуде аға буынның орны айырықша. Себебі үлкенді құрметтеу, еңбекке адал болу, елге қызмет ету, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсету – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарымен сабақтасып жатқан ұстанымдар. Біздің ардагерлеріміз бен аға буын өкілдері – тарих, даналық пен рухани құндылықтарымыздың сақтаушылары. Сондықтан олардың еңбегін әрдайым есте сақтап, өмір жолын құрметтеп, қамқорлық көрсету – біздің парызымыз. Біз жасай алатын ең маңызды дүние – оларға риясыз алғысымызды білдіру, құрметімізді көрсету және барында бағалай білу», – деді Асхат Шахаров.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астана қаласында өтетін «Дала дәмі» жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам өнім жөнелтті. Азық-түлік өнімдері елорда тұрғындарына нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген автокеруен 30 қыркүйекте Ақтөбеден Астанаға жолға шықты. 3-4 қазан күндері жәрмеңке Қарқаралы-1 тас жолы бойындағы «Ипподром» алаңында өтеді.
Жәрмеңкеге облыстың 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысады.
«200 тоннадан астам өнім дайындап, елордаға жөнелтіп жатырмыз. Оның ішінде 70 тоннадан астамы ет өнімдері, сондай-ақ сүт, балық өнімдері және “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында өндірілген тауарлар бар. Бұл жәрмеңке арқылы Ақтөбе облысының сапалы өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынамыз», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов.
Астанаға ет, сүт және көкөніс өнімдері, балық, жұмыртқа, шұжық, ұн және макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар, тары-талқан, консервілер және басқа да тауарлар жеткізіледі. Сондай-ақ келушілерге қымыз, шұбат, ешкі сүті және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өнімдер ұсынылады.
Жәрмеңкеге «Айс+», «Агрофирма Тау», «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан», «СПК «Айбек», «Степное», «Рокос», «Изет Грин Хаус», «Гринхаус Казахстан», «Глобал Мастер Групп» және басқа да өңір кәсіпорындары қатысады.
Жәрмеңке елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбеде өндірілген ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Департамент басшысының орынбасары Р.Мажитов пен облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Р.Омарованың қатысуымен жер қатынастары басқармасының қызметкерлері арасында әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша кездесу өткізілді.
💬 Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындауы, қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы, қызмет көрсету сапасын арттыруы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Нақтырақ айтқанда:
🔹 азаматтар мен әріптестерге құрметпен қарау;
🔹 іскерлік киім үлгісін сақтау;
🔹 мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдаланбау;
🔹 қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу;
🔹 масаң күйде көлік құралын басқармау;
🔹 әлеуметтік желілерді әдеп нормаларына сай жүргізу;
🔹 құмар ойындарға әуестенбеу қатаң ескертілді.
⚖️ Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және заң талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Мемлекеттік қызметшінің әдептілігі, жауапкершілігі мен кәсіби мәдениеті – мемлекеттік қызметке деген қоғамдық сенімнің маңызды негізі.
Өңірде дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған семинар ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың 24–25 қыркүйек күндері өткен семинардың негізгі мақсаты – дін саласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи коммуникациялық әдіс-тәсілдерді меңгерту және түрлі аудитория өкілдерімен тиімді жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдіру.
Іс-шара барысында конфликтология саласының маманы Бахыт Амангелдіұлы және практик-психолог Ақмарал Сихымбайқызы арнайы дәрістер өткізіп, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында қатысушыларға жанжалдардың алдын алу және оларды тиімді басқару, аудиториямен дұрыс коммуникация орнату, психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ күрделі жағдайларда тиімді қарым-қатынас орнатудың заманауи тәсілдері түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, нақты жағдайларды талқылау арқылы өзара тәжірибе алмасты. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында кездесетін түрлі жағдайларға кәсіби тұрғыдан баға беріп, тиімді шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Семинар қорытындысында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Мұндай кәсіби оқыту шаралары ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, қоғаммен тиімді коммуникация орнату және дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Онда 2026–2027 оқу жылына бакалавриат деңгейінде білім алуға бөлінген гранттар бойынша талапкерлердің өтініштері қаралып, иегерлері анықталды.
Өңірде сұранысқа ие мамандықтарға бөлінген 40 орынға жалпы 144 үміткер құжат тапсырды. Игерілмей қалған грант орындарын (математика, физика, музыка және театр әртісі) конкурсы жоғары мамандықтарға қосымша бөлу ұсынылды.
Нәтижесінде гранттар педагогикалық, арнайы педагогика, өнер, дінтану және спорт бағыттары бойынша бөлінді.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 17, «Ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау» бойынша 5, «Орыс тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бойынша 3, «Химия мұғалімдерін даярлау» бойынша 3 және «Математика мұғалімдерін даярлау» бойынша 1 грант берілді.
Күләш Бәйсейтова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Аспаптық орындау (контрабас)» және «Музыкалық театр әртісі» бағыттарына 1 гранттан қарастырылды. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Дінтану және теология» бағыты бойынша 5, ал Қазақ ұлттық спорт университетінде «Спорт мұғалімдерін даярлау» бағыты бойынша 4 грант бөлінді.
Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік тапсырысы бойынша грант негізінде жоғары оқу орнын тәмамдаған маман облыста кадр тапшылығы бар елді мекендер мен ұйымдарға барып, келісімшарт негізінде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндетті.
Грант иегерлеріне көрсетілген жоғары оқу орындарына 25 тамызға дейін құжаттарын тапсыру қажет.
Грант иегерлерінің толық тізімін қарау үшін сілтемені басыңыз.
Ақтөбе облысы әкімдігінің жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар даярлауға бөлінген білім беру гранттары иегерлерінің тізімі
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым.
Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз.
Бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.
Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін.
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!
Абай күні құтты болсын!
Негізгі іс-шаралар Абай даңғылындағы ақын ескерткіші жанында өтті. Оған қала тұрғындары, қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен жастар қатысты.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Абай ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Бұл күні өңір тұрғындары әдеби және философиялық мұрасы елдің қоғамдық және рухани өміріне әлі де ықпал етіп келе жатқан ұлы ойшылдың рухына тағзым етті.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген өңір басшысы Абай мұрасының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі айрықша рөліне тоқталды.
«Абай – рухани мұрасы күллі адамзат үшін маңызы зор ұлы тұлға. Оның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Абай бізге жай ғана сөз емес, адамгершілік пен әділеттілікке негізделген өмірлік бағдар мен ілім қалдырды. Бүгінде оның мұрасы жастарды тәрбиелеуде, «Адал азамат» ұрпағын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында – өз қалаңа, айналаңдағы адамдарға және елге құрметпен қарау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. Сондықтан біздің міндетіміз – Абай мұрасын қастерлеп сақтау, оны жас ұрпаққа жеткізу және оның өсиеттерін өмірде жүзеге асыру», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Ақынның 181 жылдығына арналған мерекелік шара аясында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада Абайдың «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» және басқа да шығармалары орындалды. Сондай-ақ «Абай аманаты» қойылымы мен ақынның лирикалық шығармалары көрермен назарына ұсынылды.
Бағдарламада Абай есімін иеленген балаларға да ерекше орын берілді. Жиырма жас қатысушы сахнаға шығып, ұлы ақынның өлеңдерін оқыды. Екі кішкентай Абайға дәстүрлі тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл сәт мерекенің ең әсерлі бөліктерінің біріне айналып, ұлы ойшылдың есімін жаңа ұрпақпен символдық тұрғыда байланыстырды.
Мерекелік шара қалалық кітапханалардың гүлзарда ұйымдастырылған тақырыптық алаңдарында жалғасты. Қонақтарды жас және дана Абай бейнесіндегі актерлер қарсы алып, поэзия театрының қатысушылары ақын өлеңдерін оқыды. Тұрғындар үшін кітап көрмелері, поэзиялық батлдар, зияткерлік ойындар, викториналар мен әдеби кездесулер ұйымдастырылды. Балаларға, жасөспірімдерге және жастарға арналған арнайы бағдарламалар әзірленді.
Кітапханалар Абай мұрасын таныстыруда заманауи технологияларды да пайдаланды. Алаңдардың бірінде ақын шығармалары әртүрлі тілде ұсынылған QR-маршрут жұмыс істеді. Ал қара сөздері жасанды интеллект көмегімен заманауи цифрлық форматта дыбысталды.
Жеке алаңда «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының фото-шежіресі ұсынылды. Фотосуреттер арқылы Абайдың өмірі мен айналасындағы адамдар туралы сыр шертілген. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін Брайль қарпімен жазылған кітаптар мен аудиокітаптардан тұратын арнайы инклюзивті бағдарлама ұйымдастырылды.
Спорт алаңында асық ату, тоғызқұмалақ және ләңгі тебуден жарыстар мен ойындар өтті. Балалар кітапханасында ұлттық ойындар өлең оқумен және викториналармен ұштастырылды. Бұл Абай мұрасымен танысудың қызықты әрі ойын форматында да мүмкін екенін көрсетті.
Бүгінде Ақтөбе облысында 87 көшеге Абай есімі берілген. Асхат Шахаров атап өткендей, өңірде ұлы ойшылдың шығармашылығын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстары жалғаса береді.
Ақтөбедегі Абай күні ұлы ойшыл мұрасының әртүрлі буын өкілдерін әлі де біріктіріп келе жатқанын көрсетті: балалар оның өлеңдерін оқиды, әндері сахнадан шырқалады, ал идеялары қаланың қазіргі мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда.
Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.
Бүгінде Мемлекет басшысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары еліміздің стратегиялық жоспарының ең негізгі тармағы болып есептеледі. Жол құрылысы жобалары Үкімет басшысының жіті бақылауында.
Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолының учаскесі. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны және қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету туралы баяндалды.
«Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты, «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы қайта жаңғыртылғаннан кейін олардың өткізу қабілеті артып, өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарады. Еліміздің халықаралық транзиттік әлеуеті нығая түседі.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Президент өз сөзінде көлік дәліздерін дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілетін арттыруға және өңірлердің әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз аталған жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының үйлесімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, барлық туындаған мәселені жедел шешу қажет. Бұл жолдар батыс өңірлердің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, жол құрылысына тәжірибелі мердігер ұйымдар тартылған. Қазіргі таңда барлық учаскеде жұмыс басталып, қажетті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірде өзге де ірі жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына тоқталды. Қазіргі уақытта «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар» бағыттарында және Т. Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын автомобиль жолында құрылыс қарқын алған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтетін «Қызылорда – Қостанай» көлік бағытын дамыту жобасы пысықталуда. Бұл жобалар аяқталған соң өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы едәуір жақсарып, басым бөлігі нормативтік талаптарға сай болады.
Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырым, биыл 1 122,5 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, екі көпір күрделі жөнделуде.
Сонымен қатар «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту жалғасуда. Қазіргі таңда облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде.
Бүгінгі жол инфрақұрылымын жаңғырту жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді.
Телекөпірге Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстары қосылды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Президентке өңірде стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Бүгінде «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аймақ басшысы «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолының жаңа жобасын іске асыруға дайын екенін жеткізді. Нәтижесінде жоба іске асырлғаннан кейін төрт ауданның 117 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз әрі сапалы көлік қатынасымен қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында 40-тан астам жол бойы сервистік нысан ашылып, 600 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Баяндама соңында облыс әкімі Ақтөбе өңірінің тұрғындары атынан Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көрсетіп отырған тұрақты қолдауы мен маңызды бастамалары үшін ризашылығын білдірді.