ЕРКІНДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

ЕРКІНДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қалау еркіндігі мен жауапкершілік мәселесін ақыл көзімен қарайтын болсақ, әділдіктің басты назарға алынғанын байқаймыз. Сондай-ақ, адамзаттың өмір сүру барысы бір-бірімен тікелей байланыста болғандықтан өзгелердің құқығымен санасуы заңдылық. Алла Тағаланың ғылым (білу), ирада (қалау) және құдірет (құдіреті жету) сынды кемел сипаттарының шағылысы іспеттес қалау еркін әркім толықтай қолдана алады, нәтижесі Алладан болады. Ал, Қадария ағымының, «адам бүкіл ісін Алла Тағалаға тәуелді болмастан тек өзі жаратады», және Жәбрия ағымының, «адам бүкіл ісінде ешбір еркі жоқ, тек Алла Тағаланың мәжбүрлеуімен ғана жүзеге асады» деген көзқарастары Әһлі сүннә уәл жәмағат сенім негіздеріне мүлде кереғар ұғым болып табылады.

🔹Адам Жаратушы мен жаратылыс алдындағы міндетін сезіне отырып, адал атқаруы жауапкершілік делінеді. Ислам шариғаты бойынша, ақыл-есі толық, балиғат жасына толған әрбір адам жауапкер «Мукәллаф» есептеледі. Бұл әр қоғамда өзекті мәселе ретінде қарастырылатын адами қасиет. Ислам діні әр адамның қажыр-қайратына лайық жауапкершілік міндетін жүктейді. Қасиетті Құранда: «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пайдасына және істеген жамандығы өз зиянына» (Бақара сүресі, 286-аят) деп, адам шамасы келмейтін істен сұралмайтынын айтады. Алайда, дін адам баласының бойына жауапкершілік қасиетін қалыптастыра білуін басты орынға қояды. Сол себепті, баланы жеті жасынан бастап намазға баулып, он жасында намазға жығуды міндеттейді.

🔹Имам Матуриди, «Адам бір істен нәтиже шығару үшін әрдайым сол істі ойлап, талмай еңбек етуі керек. Адамдардың қабілеті әртүрлі болғандықтан жетістікке жету оңай іс емес. Тіпті, жетістікке жету үшін кейде материалдық пайдадан да, өмірдің ләззатынан да бас тартуға тура келеді. Сол себепті, Алла Тағала әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы балаға намаз оқу сияқты ғибадаттарды үйретуге міндеттеді. Ол баланың жастайынан еңбекқор, табанды болып ер жетуіне, есейген шағында жауапты ісін тыңғылықты істеуінің кепілі.

Абдусамат ОҚАН, исламтанушы