GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
19 октября 2026
Қазақстан құрамасы семсерлесуден Әлем кубогының жеңімпазы атанды!

 

Марокконың Касабланка қаласында өткен 2026/2027 жылғы маусымдағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасы сапымен семсерлесуден алтын медаль жеңіп алды.

Финалдық кездесуде отандастарымыз Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

🇰🇿 Ұлттық құрама сапында:
* Александр Федотов
* Кирил Павлов
* Кирилл Проходов
* Вадим Шарлаимов

Айта кетейік, ұлттық құрама құрамында ақтөбелік спортшы Александр Федотов та өнер көрсетті. Ол команданың табысты өнер көрсетуіне өз үлесін қосып, Әлем кубогының алтын жүлдегері атанды.

Қазақстандық семсерлесушілер турнир барысында Түркия құрамасын 45:20, Гонконг командасын 45:28 есебімен жеңіп, шешуші кезеңдерде де жоғары шеберлік танытты.

Спортшыларымызды айтулы жеңісімен құттықтаймыз!

15 октября 2026
Ақтөбе облысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

2026 жылғы 30 қыркүйекте Астана қаласында «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық форумы қарсаңында Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы **Отарбаев Асет Болатович** DEC40 (Global Digital Economy Cities Alliance) халықаралық альянсымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.

Құжат өңірлерді цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын қолдану және «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасы аясындағы заманауи шешімдерді енгізу бағыттарында халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

DEC40 халықаралық альянсы цифрлық экономика және қалалық инфрақұрылымды зияткерлік басқару салаларында тәжірибе, озық практикалар мен технологиялық шешімдер алмасуға арналған халықаралық алаң болып табылады.

Меморандумға қол қою халықаралық тәжірибені зерделеуге, әріптестік байланыстарды дамытуға және Ақтөбе облысының қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи цифрлық шешімдерді қолдануға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының қатарында жасанды интеллект технологияларын дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, қалалық ортаны басқарудың зияткерлік құралдарын енгізу және халық үшін цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген.

Ақтөбе облысының аталған халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы өңірдің цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық шешімдерді енгізуге негіз қалайды.

11 октября 2026
Астанада Мәдениет және ақпарат министріне Ақтөбе облысының креативті жобалары таныстырылды

 

Елордада Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған көрме-жәрмеңке аясында қолөнер, сән, бейнелеу өнері, музыка, әдебиет, театр және IT бағыттары қамтылған. Бағдарламада шеберлік сабақтары, сән көрсетілімі, музыкалық қойылымдар мен шығармашылық жобалардың таныстырылымдары бар.

Мәдени шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, өңір креаторларының авторлық өнімдері, ұлттық қолөнер туындылары, жергілікті брендтер және шығармашылық жобалармен кеңінен танысты.

Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған көрмеде Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша өз өнімдерін ұсынуда. Қатысушылар қатарында 40-тан астам қолөнер шебері, 10-ға жуық дизайнер мен суретші, облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттары мен IT мамандары бар.

Облыс әкімі креативті индустрияның өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ақтөбенің туристік-мәдени әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Креативті индустрия – экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің туристік-мәдени әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл бағытқа жүйелі қолдау көрсету – уақыт талабы.
Бүгінде Ақтөбе облысында да креативті индустрияны дамытуға, жергілікті шығармашыл азаматтардың әлеуетін ашуға және ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуге басымдық беріліп келеді. Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі – өңіріміздің мәдени және шығармашылық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, отандық креативті өнімдерді жаңа аудиторияға ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Біздің мақсатымыз – талантты азаматтарға өз жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасау, жергілікті брендтерді дамыту және Ақтөбенің шығармашылық әлеуетін ел көлемінде таныту. Осындай бастамалар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға жол ашып, креативті индустрияның экономиканың дербес әрі бәсекеге қабілетті саласына айналуына ықпал етеді», – деді аймақ басшысы Асхат Шахаров.

Aqtobe Creative Days өңір креаторларының авторлық өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға, жергілікті брендтердің танымалдығын арттыруға және креативті индустрия өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Астана қаласындағы Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан «Qazaq Creative Hub» алаңында өтіп жатқан іс-шара ертең, 11 қазан күні де жалғасын табады.

10 октября 2026
Астанада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторының басын қосқан көрме-жәрмеңке ашылды

Елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Aqtobe Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған шарада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық өнімдерін, шығармашылық жобалары мен жергілікті брендтерін таныстырады.

Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында, Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында қолөнер шеберлері, дизайнерлер мен суретшілер, мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, IT мамандары және Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттары бар.

Көрмеде зергерлік бұйымдар, тері, ағаш, сүйек пен жүннен жасалған туындылар, киіз бұйымдары, сырмақ, басқұр, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар ұсынылған. Келушілер шеберлердің жұмыс барысын көріп, практикалық шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Бағдарламада зергер Болат Атыраубаев, киіз басу шебері Рабиға Испулатова, қолөнер шебері Ерқосай Әбілов және суретші Қайрат Ноғаевтың сабақтары қарастырылған. Экспозиция дәстүрлі қолөнер үлгілерімен қатар, заманауи сұранысқа бейімделген авторлық өнімдерді де қамтиды.

Көрме-жәрмеңкенің сән кеңістігінде ақтөбелік жеті дизайнердің топтамалары таныстырылған. Сән көрсетіліміне «SAULEMAI COUTURE», «Trumova Collection», «SYRMAK», «ULPAN SAN UI», «MARKA» сән үйлері мен Azamat SAIN бренді қатысады.

Мәселен, «SYRMAK» дәстүрлі сырылып тігілетін сырт киім үлгілерін заманауи oversize пішінімен үйлестірсе, «Trumova Collection» ұлттық нақышты әйелдер киіміне енгізеді. «ULPAN» мен «SAULEMAI» де дәстүрлі құндылықтарды заманауи сән тілімен жеткізуге басымдық береді.

2015 жылы құрылған Azamat SAIN бренді балалар киімінің топтамасын паш етеді. Бренд сапалы материалдарға, киім бөлшектерінің мұқият орындалуына және заманауи дизайнға мән береді. Оның өнімдері бұған дейін шетелдік сән алаңдарында да таныстырылған.

Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған экспозиция да көрме-жәрмеңкеден орын тапты. Әлемге танымал әншінің халықаралық сахнадағы жетістіктері, шығармашылық ерекшелігі және туған өңірімен байланысын көрсететін заттары шараның сәнін келтіріп тұр.

Технологиялық бағытта Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттарының IT-жобалары таныстырылуда. Бұл бөлім жас мамандардың техникалық шығармашылығын және цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін көрсетуге арналған.

Сонымен қатар әдебиет пен заманауи визуалды өнердің байланысы да қамтылған. Көрмеде Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың кітаптары жинақталған Book Market жұмыс істейді. Кітапхана саласындағы жаңа жобалар мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалар да бұл креаторлар шарасында паш етілген.

Көрме-жәрмеңке келушілері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жас жазушы Әлихан Жақсылықтың Ақтөбе өңіріне арналған анимациялық фильмі, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ерекше балаларға арналған «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымын тамашалай алады.

Музыкалық бағдарламада «SherTer» креативті жобасының орындаулары, «Жеребе life» өнерлі жастар жобасының концерті және жас композитор әрі креатор Серік Закарияның шығармашылық кеші бар.

Ақтөбе облысында бүгінде 3 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді. «Aqtobe Creative Days» олардың шығармашылық әлеуетін, өңірлік брендтерді және авторлық өнімдерді республикалық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді. Қолөнер, сән, әдебиет, театр, музыка және IT бағыттарын біріктірген жоба дәстүрлі мәдени мұра мен заманауи креативті индустриялардың өзара байланысын көрсетеді.

08 октября 2026
Ақтөбеде қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салынып жатыр

 

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастыруда. Ақтөбеде қағаз және картон өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр.

Жобаны «CAPITAL PLAST KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін гофрлауға арналған қағаз өндірісі жылына 18 мың тоннаға дейін, ал тегіс қабаттарға арналған картон өндірісі 24 мың тоннаға дейін жетеді.

Жобаның жалпы құны шамамен 10,3 млрд теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыруға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері қаражатын бағыттады.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алаңда іргетас құю, қойма салу және қадаларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазандық салынып бітті. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін 300-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Жобаны іске асыру Ақтөбеде қайталама шикізатты пайдалану арқылы қағаз және картон өндіретін жаңа қуаттарды қалыптастыруға, сондай-ақ макулатураны қайта өңдеуге тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

08 октября 2026
Ақтөбеде Мәди Айымбетовтің 80 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

 

Ақтөбеде Мәди Айымбетовтің 80 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Ақтөбеде жазушы, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мәди Айымбетовтің 80 жылдығына арналған «Ұлт болмысы – әдебиет айнасы» шығармашылық кеші өтті.

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында өткен шарада қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан үлесі, шығармашылық жолы және ұлттық құндылықтарды арқау еткен туындылары кеңінен сөз болды.

Кештің басты жаңалығы – Мәди Айымбетовтің жаңа «Құлан-елес» кітабының тұсаукесері. Жинаққа жазушының әңгімелері мен эсселері топтастырылған.

Мерейтой иесінің шығармашылығында туған жер, ауыл өмірі, адам болмысы мен ұлттық мінез тақырыптары айрықша орын алады. Қаламгердің «Тәтті мұң», «Дүние керуен», «Ол дәурен бір көрген түс» секілді шығармалары оқырманға кеңінен таныс. Бірқатар туындысы өзге тілдерге аударылған.

Шығармашылық кеш барысында белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері Мәди Айымбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтап, оның әдебиет пен баспасөз саласындағы еңбегіне тоқталды.

Кеш қаламгермен шығармашылық сұхбат және «Ымырттағы жалғыздық» шығармасы негізінде дайындалған театрландырылған қойылыммен жалғасты.

07 октября 2026
Төрт жолақты жол және жаңа көпірлер: Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар трассалардағы жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

 

Ақтөбе облысында жол құрылысы маусымы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары ондаған шақырым жолды қамтиды. Оның ішінде жолдарды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлерді жөндеу және трассалардың техникалық санатын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар нысанда жұмыстардың орындалу деңгейі 80 пайыздан асты.

Негізгі жобалардың бірі – «Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту. 791-819 шақырым аралығындағы 28 шақырым жолды төрт жолаққа дейін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар тағы алты учаскеде жер жұмыстары мен инженерлік коммуникацияларды көшіріліп жатыр. Жұмыстар жолдың техникалық санатын кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.

«Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» автожолында да жөндеу жұмыстары жалғасуда. 50–70 және 70–89,9 шақырым аралығындағы учаскелерде жалпы ұзындығы 40 шақырымға жуық жол, сонымен бірге жасанды құрылыстар жөнделуде. Атап айтқанда, 92-шақырымдағы Жем өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Оның ұзындығы - 132,4 метр.

«Қарабұтақ – Қостанай» автожолындағы жұмыстар да қарқынды. Жөндеу жұмыстары 80 шақырым жолды қамтиды. Бүгінде жұмыстардың 85 пайызы орындалды. Ақтөбе және Қостанай облыстарының шекарасындағы 96–106 шақырым аралығында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының Солтүстік айналма жолының 0–21 шақырым аралығындағы 21 шақырым учаскесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ақтөбе – Әлімбет» автожолының 46 - 70 шақырым аралығындағы 24 шақырым учаскесін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар шекаралық өткізу пункті салынып жатыр.

Аталған жобаларды іске асыру республикалық жолдардың техникалық жағдайын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жолдардың өткізу қабілетін ұлғайтуға және өңірдегі негізгі көлік бағыттары бойынша қозғалыс сапасын арттыруға бағытталған.

 

06 октября 2026
Асхат Шахаров: «Әкімнің басты міндеті – халықтың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның шешімін табу»

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауыл әкімдері мен мемлекеттік қызметке алғаш тағайындалған басшыларға мотивациялық дәріс оқыды.

Дәстүрлі кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының біліктілікті арттыру курстарында оқып жатқан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымдарына алғаш тағайындалған басшылар және жергілікті атқарушы органдарының басшылары қатысты.

«Тиімді көшбасшылық және халыққа қызмет ету: қазіргі басшының жауапкершілігі» тақырыбындағы кездесуде өңір басшысы мемлекеттік қызметтегі басшының рөлі, халықпен жұмыс, команда қалыптастыру, бастамашылдық, күрделі жағдайда шешім қабылдау және нақты нәтижеге қол жеткізу мәселелеріне тоқталды.

Асхат Шахаров мемлекеттік қызметтегі басшының жұмысы тапсырмаларды орындаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның негізгі өлшемі – тұрғындардың өміріндегі нақты өзгеріс. Сондықтан әкім халықпен тұрақты байланыста болып, азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның шешімін соңына дейін жеткізуі керек.

«Адамдарды тыңдау, проблемаларын түсіну және олардың қажеттіліктеріне назар аудару маңызды. Халыққа нәтиже керек», – деді облыс әкімі.

Бұл ретте ауыл әкімдерінің жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Елді мекеннің дамуы, тұрғындардың өмір сапасы және жергілікті мәселелердің шешілуі әкімнің бастамашылдығына, ұйымдастырушылық қабілетіне және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Әкім басшыларды мәселелерді кейінге қалдырмай, алдын ала бағамдауға, дер кезінде шешім қабылдауға және нақты нәтижеге жұмыс істеуге шақырды. Тиімді басқарудың тағы бір маңызды шарты ретінде кәсіби мамандар қалыптастыру мәселесі айтылды. Басшы міндеттерді дұрыс бөліп, қызметкерлердің әлеуетін ашып, ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі қажет.

Кездесуде Президент айқындап берген негізгі басымдықтар да сөз болды. Олар – мемлекеттілік және ұлттық бірлікті нығайту, Конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды қорғау әрі ілгерілету, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Бұл бағыттағы жұмыс «Заң мен Тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделеді. Аталған ұстанымдарды жергілікті деңгейде іске асыруда әкімдердің, мемлекеттік қызметшілердің рөлі зор.

Мотивациялық дәріс соңында қатысушылар облыс әкімінен өз салалары бойынша толғандырған сұрақтарын қойып, ауылдарының дамуына қатысты жоспарларымен бөлісті.

06 октября 2026
37 жылын ұстаздыққа арнаған педагог «Құрмет» орденімен марапатталды

 

Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қаракөз Тлеумағамбетоваға «Құрмет» орденін табыстады.

Қаракөз Еңсегенқызының білім саласындағы еңбек өтілі – 37 жыл. Оның 15 жылы «Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты» КММ директоры қызметімен байланысты. Осы уақыт ішінде ол дарынды оқушыларға сапалы білім беруге және білім ордасының дамуына елеулі үлес қосты.

1988 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын «физика және математика мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған Қаракөз Тлеумағамбетова бүгінде «педагог-шебер» біліктілік санатына ие.

Ұзақ жылғы еңбегі бұған дейін де бірқатар марапатпен атап өтілген. 2013 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне, 2022 жылы Ы. Алтынсарин төсбелгісіне ие болды. 2023 жылы «Дарын» РҒПО-ның 25 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталса, 2024 жылы «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы берілді.

«Білім беру саласында қызмет етіп келе жатқаныма 37 жыл болды. Осы жылдардағы еңбегімнің еленіп, жоғары марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Бұл – менімен бірге еңбек етіп жүрген әріптестерімнің де еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын. Барша ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Ұстаздардың еңбегімен парасатты, білімді, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиеленіп келеді», – деді Қаракөз Тлеумағамбетова.

Ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, ұрпақ тәрбиесіне және елдің болашағына көрсетілген құрмет.

06 октября 2026
Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры қалыптастырылуда

 

Бұл жұмыстар өңір тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтауды көздейді.

2026 жылдың тамызында «Ақтөбе» ӘКК» АҚ жергілікті тауар өндірушілермен биылғы өнімнен көкөніс жеткізу бойынша қосымша келісімдер жасады.

Келісімшарттарға сәйкес, өңірге 8 614 тонна картоп, 1 414 тонна пияз, 2 049 тонна сәбіз және 1 172 тонна қырыққабат жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша келісімдер жасалды. Атап айтқанда, «Белес Маркет» ЖШС 20 тонна күнбағыс майын, ал «Ramazan Qus» ЖШС 14,7 миллион дана тауық жұмыртқасын жеткізеді.

Қазіргі таңда тауарларды сақтау қоймаларында 286 тонна қант, 10 тонна күнбағыс майы және 272 тонна күріш сақтаулы.

Бакалея өнімдері әлеуметтік павильондар арқылы сатылып жатыр. Көкөніс өнімдерін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін, оларды қазан–қараша айларында сатылымға шығару жоспарланған.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы