Облыс әкімі Асхат Шахаров техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша аппарат отырысын өткізді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан атап өткендей, аймақта техникалық кадрларды даярлау 40 колледж базасында жүзеге асырылады, оның 24-і — мемлекеттік. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 19202 жас білім алуда. Облыс бойынша колледж оқушыларының жалпы саны — 29 425. Кадрлар 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша дайындалады.
Бүгінде машина жасау, өңдеу және құрылыс салалары сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша 3335 адам, білім беру саласында — 1020, қызмет көрсету саласында — 856, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруда — 805, IT-технологияда — 577 адам білім алып жатыр.
Өңірде сұранысқа ие кадрларды анықтау үшін кәсіпорын, мекеме басшыларының қатысуымен форсайт сессиялары да өткізіледі. Сондай-ақ жұмыс берушілердің қатысуымен облыста жұмысшы мамандықтардың жаңа атласы әзірленуде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақыт аралығында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау жүргізіліп, ол елімізде сұранысқа ие техникалық кадрларды даярлауға бағытталады. Өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру үшін еңбек нарығына мониторинг жүргізіп, салалар мен кәсіптер бойынша техникалық және жұмысшы кадрларға қажеттілік картасын әзірлеу керек. Жұмысшы мамандықтарын даярлауда облыстағы колледждер мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Ол үшін әрбір оқу орны салалық кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы қажет. Расында, осындай ынтымақтастықтың арқасында маңызды мәселелердің бірі — түлектерді жұмысқа орналастыру шешімін табуда», — деді облыс әкімі өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту туралы ақпаратты тыңдағаннан кейін.
Облыс әкімі қысқа мерзімді курстарда оқығандарды толық жұмыспен қамтуды, сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, мүмкіндігінше электронды еңбек биржасындағы Skills Enbek платформасында жаңа мамандықтарға тегін оқытуды тапсырды.