Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапары барысында Мәртөк ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жаңа форматта өтті. Баяндамаларға уақыттың төрттен бір бөлігі ғана берілді, кездесудің негізгі бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өтті.

Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданының тұрғындарын елді жаңғыртудың жаңа бағытының негізгі міндеттері туралы хабардар етіп, өңір халқын толғандыратын проблемалық мәселелердің шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндірді.

Аудан тұрғындары сұрақтарының көпшілігі жолдарды салу мен жөндеу, жер учаскелерін беру, ауылдарды газбен қамтамасыз етуге қатысты болды.

«Жол – бұл облыстың, барлық аудан тұрғындарын толғандыратын мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызын жөндеуді тапсырды, биыл мемлекет тарапынан қаржыландыру едәуір ұлғайды. Нәтижесінде біздің облыста 769 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделіп, салынады. Бұл – аймақ тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Бізде жол-құрылыс жұмыстарының маусымы қысқа, үзілістерге жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта құрылыс материалдарын, оның ішінде битумды алдын ала алдыртып жатырмыз, оның тапшылығы өткен жылы сезілді. Мәселе менің жеке бақылауымда», - деді Ералы Тоғжанов.

Мәртөк ауданында Достық ауылының кіреберіс жолын, «Мәртөк – Дмитриевка – Байторысай», «Мәртөк – Қаратаусай», «Байторысай – Шевченко», «Шевченко – Қызылжар» ауыларалық жолдарын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолынан Құрмансай ауылына дейінгі жолдарды жөндеу бойынша жобалар іске асырылады.

Бүгінде Мәртөк ауданы халқының жалпы санының 84%-ы газбен қамтылған. Ағымдағы жылы Қаратаусай және Байторысай ауылдарын газдандыру бойынша жобалар аяқталады.

200 адамнан аз тұрғыны бар Жаңатаң ауылында суды тазартудың кешенді блок-модулі орнатылады. Осылайша, ауданның елдімекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайызға жетеді.

Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің желісін кеңейту мақсатында үлкен жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда, Сарыарқа ауылында 600 орындық мектеп, Аққайың және Байторысай ауылдарында медициналық пункттер, Родниковкада дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.

Достық және Қазан ауылдарының тұрғындары мектеп ғимараттарының қазіргі жағдайына шағымданды, сонымен қатар Кеңсахарада мәдениет үйін ашу туралы өтініш айтылды.

«Мен бұл сұрақтардың барлығын назарға алдым. Мамандар мектептерді тексереді және тиісті шешім қабылданады. Мектептерге қатысты барлық мәселелерді жедел шешетін боламыз. Кеңсахара бойынша мәдениет басқармасы мен аудан әкіміне тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Ауылға үлкен Мәдениет үйі қажет», - деп жауап берді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы жыл бойы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды бақылау айтарлықтай күшейтілетінін хабарлады.

«Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Қазір заман басқа, талап өзгерді. Пайдаланылмайтын, бос жатқан жерлерді мемлекет пайдасына қайтару мәселесі осы жылдың өзінде-ақ түбегейлі шешіледі. Қайтарылған жерлер нағыз жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс бойынша пайдаланылмайтын және бос жатқан 700 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер осы жылы мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Сонымен қатар, Мәртөк ауданында жеке тұрғын-үй құрылысына жер беру мақсатында учаскелерді негізгі инженерлік инфрақұрылыммен - электр және газбен қамтамасыз еткеннен кейін қайта беру басталады. Учаскелерді газдандыру жобасы ағымдағы жылы іске асырылады деп жоспарлануда.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында барлық қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді. Кездесуден соң,  облыс әкімі аудандағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады, су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысымен танысты.