Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері және эпизоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу шаралары туралы аппараттық жиын өтті

Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері және эпизоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу шаралары туралы аппараттық жиын өтті

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында кәсіпкерлікті дамыту және эпизоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу шаралары туралы мәселелер қаралды.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау көрсету – бизнесті қолдаудың басты құралдарының бірі. 2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында бұл мақсаттарға 11.8 млрд.теңге бөлініп, 4549 жоба қолдауға ие болды.

«Бизнестің жол картасы» іске асырылғалы бері жобалардың саны қарқынды өсуде. 12 жылдың ішінде бағдарлама 12 мыңнан астам жобаны қамтыды. Бүгінде олар экономика және жұмыспен қамту деңгейінің артуына әсер етуде: 2010 жылдан бастап 12,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды, ашылған 43 мың жұмыс орны сақталды, өндірілген өнім көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады, түскен салық – 159,1 млрд. теңге.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың сөзінше, Ақтөбе облысы екінші жыл қатарынан мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер саны бойынша өзге өңірлер арасында көш бастап тұр.

Облыс азаматтарының бизнес-бастамаларын тиімді іске асыру мақсатында Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, 2023 жылы шағын және орта бизнестің тіркелген субъектілерінің санын 100 мың бірлікке дейін немесе 10,4%-ға ұлғайту міндеті қойылды.

«Сапалы жүргізілген түсіндіру жұмыстары мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар қатарын арттырып, жұмыссыздар санының қысқаруына септігін тигізеді. Облыстың кәсіпкерлікті дамыту бойынша нәтижелері жақсы, бірақ қол жеткізген көрсеткіштерге қанағаттанып отырудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – жұмыссыздықты толығымен жою», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін өңір басшысы «Ауыл аманатының» бірінші кезеңіне енбеген елдімекендердің тұрғындарын жобаға қатыстыру мүмкіндігін беруді тапсырды.

Облыс бойынша эпизоотиялық және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды 13 ветеринариялық станса және ауылдық округтерде орналасқан 142 ветеринариялық пункт мамандары жүзеге асырады. Өңірде 2,3 млн-нан астам ауылшаруашылығы жануары тіркелген. Ветеринария басқармасының деректеріне сәйкес, жануарларды аса қауіпті аурулардан қорғау үшін барлық алдын алу және диагностикалық іс-шаралар бекітілген жоспармен жүргізіледі.

Ветеринариялық қызметтің еңбек жағдайлары мен материалдық-техникалық базасын жақсарту шаралары қабылдануда. Ағымдағы жылы ветеринария қызметкерлерінің жалақысы 30-40%-ға көбейді, жаңа автокөліктер, компьютерлер мен планшеттер сатып алу жоспарлануда.

Облыс әкімі ветеринария басқармасына Әйтеке би ауданының «Саят» шаруа қожалығында малдың ауруын анықтау бойынша қызметтік тергеу жүргізуді, сондай-ақ барлық аудандарға малды вакцинациялау, эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.