Ералы Тоғжанов «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» шахтасының жұмысымен танысты

Ералы Тоғжанов «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» шахтасының жұмысымен танысты

Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Дон тау-кен байыту комбинатына барды.

Өңір басшысы «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» шахтасына түсіп, мұнда өндірудің жаңа технологиялары қолданылғанына көз жеткізді: жоғары техникалық жарақтандыру қол еңбегін айтарлықтай төмендетеді, өнімділікті арттырады және әрбір кеншінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кеншілермен кездесу барысында еңбек жағдайлары, оның қауіпсіздігін арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту, компания тарапынан жасалып жатқан жағдайлар, жалақы мәселесі туралы айтылды. Қазіргі уақытта еңбеккерлердің қорғалуы мәселелері Еңбек кодексінің, өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы заң жобасының құқықтық нормаларымен бекітілген.

Ал жұмысшылардың еңбекақыларына көңілдері толады, олар облыс әкіміне жалақыны уақытылы және қомақты түрде алып отырғанын жеткізді.

Дөң тау-кен байыту комбинаты – хром кенін өндіру жағынан әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі, расталған қорлар көлемі бойынша әлемдегі екінші кен орны. Комбинат өндіретін негізгі кен орнының құрамындағы хромның кен орындарының ұзындығы – шамамен 22 шақырым және ені 7 шақырым. Дөң тау-кен байыту комбинаты өндіретін және өңдейтін хром кені сапасы жағынан  әлемде теңдесі жоқ.

ДКБК-да өндірілген кеннің көп бөлігі Ақсу мен Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарына жеткізіледі. Комбинат құрамында 27 құрылымдық бөлімше бар.

Негізгі өндіріс бес бөлімшеде:  «Жастар» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» атындағы шахталар, «Дөң» кеніші, кенді байыту және түйіршіктеу және №1 ұсақтау-байыту фабрикаларында шоғырланған.

«Қазхром» ТҰК» АҚ басшысы Сергей Прокопьев облыс әкіміне «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» шахтасының екінші кезегі бірегей нысан екенін айтты. Оған екі кен орны:  «Алмаз‒Жемчужина» және «Миллионное», алты жерасты көкжиегі, сондай-ақ ұзындығы бір шақырымнан асатын еліміздегі ең терең шахта оқпандарының бірі енеді.

Екінші кезектің жобалық қуаттылығы жылына 7,5 млн тоннадан асады. «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» шахтасы-2 құрылысына 877,6 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл жерасты өндірісіндегі әлемдік көшбасшыдан кем түспейтін заманауи шахта болмақ.

Шахтаның екінші кезегін игере қазу 2022 жылдың желтоқсанында басталды. Бірінші кезеңмен салыстырғанда екіншісі заманауи және механикаландырылған. Егер бірінші кезекте өздігінен құлату жүйесі пайдаланылса, онда тереңірек қабаттарда одан да тиімді жүйе қолданылатын болады, ал қазба жұмыстары өздігінен жүретін техниканы қолдану арқылы жүзеге асырылмақ.  

Тау-кен және құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы мұнда 400 мың тоннаға жуық жоғары сапалы шикізат өндіру жоспарда бар. Ферроқорытпа өндірісі үшін негізгі кен өндіруді іске қосу 2024 жылға жоспарланған.

Стратегиялық жоба аясында кәсіпорында қуаты 155 МВт жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыру басталады. Электр станциясы тек Дөң тау-кен байыту комбинатын ғана емес, жалпы Хромтау қаласының электр энергиясына деген қажеттілігін жабады.