
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бразилия мемлекетіндегі XXIV Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Бексұлтан Малайдарға бір бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Енді палуан отбасымен Батыс-2 ықшамауданында тұратын болады. Баспананың жалпы аумағы – 48 шаршы метр.
Облыс әкімі Бексұлтан Малайдардың әлемдік додада топ жарып, өңірдің ғана емес, Қазақстанның даңқын асырғанын өз сөзінде атап өтті.
«Бексұлтан бауырымыз Бразилияда өткен Сурдлимпиадада еркін күресте қарсыластарынан оза шауып, еліміздің Көк Туын биікке көтерген сәті есімізде. Бұл — тұтас еліміз үшін үлкен мәртебе. Жаңа жыл алдында чемпионның сол еңбегінің лайықты марапатын табыстап, қуанышына ортасуды жөн санадық. Жеңіс тұғырынан көріне бер.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елдің атын шығаратын, байрағымызды биікке көтерер азаматтарымыз көп болсын», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Айтып өтейік, 2022 жылдың мамыр айының 1-15 күндері аралығында Бразилия Федеративтік Республикасына қарасты Кашиас-ду-Сул қаласында XXIV Сурдлимпиада ойындары өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан қатысқан 67 спортшының 4-еуі — ақтөбелік. Атап айтсақ, еркін күрес бойынша Бексұлтан Малайдар, Мұхтар Есенғосұлы және жеңіл атлетикадан Ерлан Сүйеуәлиев, Руслан Орынбасаров. Сурдлимпиада қорытындысы бойынша 92 келі салмақта ұлттық құраманың атынан белдескен жерлесіміз 24 жастағы Бексұлтан Малайдар қола медальді жеңіп алса, 25 жастағы тағы бір жерлесіміз Мұхтар Есенғосұлы IV орынды иеленді.